«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

КОДЕКСТЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР КӨП ЖҰМЫСТЫ ЖЕҢІЛДЕТЕДІ

0 91

sud_verdikt

Биыл Мемлекет басшысы әкімшілік-деликттік заңдарды жаңартып, жаңғыртуға, азаматтардың және мемлекеттің қолсұғушылықтан қор­ғалуын арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қол қойған еді. Осыған орай аталмыш кодекске енгізілетін өзгерістер жайында бізге Алматы аудандық Әділет басқармасының басшысы Зәуре Қоржымбаева айтып берді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қандай өзгерістер енгізіледі?

– Біріншіден, шағын бизнеске қолдау көрсету мақсатында шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін айыппұлдар мөлшер­лері орта есеппен екі есе азайтылды. Сон­дай-ақ, әкімшілік жазаның түрі ретін­де ескертуді қолдану аясы кеңейтілді.

Екіншіден, әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдардың құзыреті қайта қаралды. Әкімшілік жаза көзделген баптар уә­кілетті мемлекеттік органдардың қа­рауына беру жолымен соттардың жұмысы жеңілдетілді.

Үшіншіден, адам әкімшілік құқық бұзған жерде хаттамамен бірге алған түбіртек бойынша айыппұлын төлеген жағдайларда іс қысқартылады. Яғни, ол өзінің құқық бұзғандығы жөнінде дерекпен келісіп, кінәсін мойындайды, өз еркімен айыппұл төлеуге дайын әрі ешқандай наразылығы жоқ. Бұл ретте қысқартылған іс хаттамасын тап­сырған кезден бастап оған жеті күндік мерзімде айыпұлдың жалпы мөлшерінің 50 пайызын төлеуіне мүмкіндік беретін үйлестіруші тетік көзделген.

Сонымен қатар, кодекстің 30-бабы бо­йынша лауазымды адам өзінің қызметтiк мiндеттерiн орындамауына байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа жол берген жағдайда әкiмшiлiк жауапкершілікке тартылады. Мұндай мән-жай болмаған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалуына кiнәлi лауазымды тұлға жалпы негiздерде жауаптылыққа жатады.

– Кодекстің қандай бап, ережелері өзгеріссіз қалды?

– Құжат 920 баптан тұрады. Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы ко­декс­тің уақыт сынынан өткен негізгі ережелері мен Жалпы, Ерекше және Рәсімдік бөлімдер деп бөлінген құры­лымы сақталды.

– Бұл өзгерістер қай уақыттан бас­тап күшіне енеді?

– Кодекстің жаңа редакциясы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды