«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Классикалық музыканың қайнары

0 12

Жексенбі күні бас қалада тамаша дәстүрге айналған V халықаралық классикалық музыка фестивалі мен жас өнерпаздар арасындағы «Astana Piano Passion 2019» пианистер байқауының шымылдығы түрілді.

Бұл айтулы шара елімізде 2013 жылдан бері қала әкімдігі мен байқаудың көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі, атақты пианист Денис Мацуевтің ұйытқы болуымен өтіп келеді. Фестивальға қатысушылар үш топ бойынша, яғни 18 дейінгі жас аралықта бақ сынайды. Биылғы шараға әлемнің 20 елінен 114 өтінім түскен. Бірақ іріктеуден отызға тарта жас таңдап алынды. Біздің еліміздің намысын төрт талантты жеткіншек қорғайды. Байқауға жер жүзіне танымал майталман өнерпаздар қазылық жасайды. Сайыстың барлық кезеңі онлайн түрінде көрсетіледі.
Фестивальдің салтанатты ашы­луында Денис Мацуевпен бірге өткен жылдардағы байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Көрер­мендер Мацуевтің орындауындағы Ференц Листтің фортепиано мен оркестрге арналған №2 концертін тыңдады. Сондай-ақ алғашқы байқаудың жүлдегері, жерлесіміз Санжарәлі Көпбаев, 2014 жылғы сайыста бірінші орын алған жапондық Шио Окуи, 2017 жылы гран-приді иеленген, ресейлік Александр Ключко жұртшылыққа тұңғиық сырға толы музыкалық тарту жасады.
Жеті күнге созылған байқау­дың әр күнінде көрермендер классикалық музыканың қайнарынан еркін сусындайды. Айталық, бүгін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының мүшесі Амир Тебенихиннің концерті болады. Сонымен қатар есімдері аңызға айналған пианистер – Максим Могилевский пен Ли Минцян қатысушыларға шеберлік дәрісін өткізеді. 17 мамырда Ресейдің еңбек сіңірген артисі Борис Петрушанский жас өнерпаздарға жетістікке жету жолындағы тәжірибесімен бөліседі.
Айтулы фестиваль 18 мамырда Денис Мацуевтің өнер кешімен қорытындыланады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды