Четверг, 29 Июнь 2017
-->

КІТАПСҮЙЕР ҚАУЫМНЫҢ МЕРЕКЕСІ

АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ МЕН «ФОЛИАНТ» БАСПАСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН «КӨРМЕ» ОРТАЛЫҒЫНДА «EURASIAN BOOK FAIR-2017» АТТЫ ІІ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ­ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КІТАП КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕСІ АШЫЛДЫ. АЙТУЛЫ ШАРАҒА РЕСЕЙ, ҚЫТАЙ, АҚШ, ГЕРМАНИЯ, ТҮРКИЯ, ИРАН, ҮНДІСТАН СЫНДЫ ӘЛЕМНІҢ 25 ЕЛІНЕН 90 БАСПА ӨКІЛІ ЖИНАЛДЫ. ОЛАР ОҚЫРМАНДАРҒА 3 МЫҢНАН АСТАМ КІТАП ҰСЫНЫП ОТЫР. КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫНА ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ ГҮЛШАРА ӘБДІҚАЛЫҚОВА ҚАТЫСТЫ.

– Әлемдік айтулы шара «ЭКСПО-2017» көрмесімен тұспа-тұс келген халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі – ерекше оқиға. Бас қаламыз­да халықаралық кітап форумын өткізу бүгінгі таңда мәдениеттің, әдебиеттің, кітап шығару ісінің жаңалықтарын таныстырудың салтанаты ғана емес, ол – барша кітапсүйер қауымның рухани мерекесі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру туралы айтатын болсам, бұл көрменің өзектілігі арта түседі. Адамзатты зияткерлікке, ізгілікке, өркениетке бастайтын кітап мерекесі құтты болсын! – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Кітап көрме-жәрмеңкесі жексенбіге дейін жалғасады. Оның аясында жаңа кітаптардың таныстырылымы, дөңгелек үстел мәжілістері, оқырмандар форумы, белгілі мәдениет қайраткерлерімен, ақын-жазушылармен, ғалымдармен кездесулер, жалпы алғанда, 100-ге жуық мәдени-іскерлік шаралар ұйымдас­тырылады. Сондай-ақ, түрлі ойындар, конкурстар, шеберлік сабақтары, ән мен би сияқты балаларға арналған бағдарлама да дайындалған.
«Үздік оқулық», «Үздік өлкетану басылымы», «Балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік басылым», «Көрме-жәрмеңкеде ұсынылған үздік экспозиция», «Ғылым және инновация», «Гран-при» сынды алты аталым бойынша конкурстар өтеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Көрме-жәрмеңке шеңберінде өткен алғашқы шаралардың легін Қазақ ұлттық өнер университеті «Өнертану» кафедрасының доценті, кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі Назира Рахманқызының «Қазақ киносы: кеше және бүгін» атты кітабының тұсаукесері бастады.
Таяуда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мыр­затай Жолдасбеков мерейлі 80 жасқа толды. Осыған орай, оның «Кісілік кітабы», «Дүние шіркін» (партитуралар жинағы) кітаптары және жазушы Болат Бодаубайдың мерейтой иесі туралы «Таңғаламын өмірдің ғажабына» атты кітабы жарық көрді. Көрме-жәрмеңкеде осы кітаптар да таныстырылды.

erm_3710-kopirovat
Ақын Маржан Ершудың қазақтың күй анасы Дина Нұрпейі­сова туралы қазақ және түрік тілдерінде шыққан «Дина» атты кітабының жазылуына ­ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов себеп болыпты. Кітаптың ішіне салынған күйтабақта автордың «Дина» атты поэмасы бар. Аталмыш шығарма белгілі диктор, ҚР еңбек сіңірген әртісі Сауық Жақанованың оқуында берілген. Бұл туынды Динаның күйлерімен әрленген. Сондай-ақ, күйтабаққа Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияров пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов­тың Дина Нұрпейісоваға арналған күйлері енген.
Атап өтерлігі, бұл тұсаукесерге Бақыт Қарабалинаның ұлы – Дәурен мен Жұмекен, ақынның қызы – Тоғжан, белгілі түркітанушы ғалым, марқұм Иштван Қоңыр Мандокидің жесірі Оңайша Мақсұмқызы қатысты.
Ұлттық әдебиет пен өнерге өлшеусіз еңбек сіңірген белгілі жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» кітабын «Фолиант» баспасы қайта басып шықты. Ақселеу мен Қойшығара Салғараұлы айнымас дос қана емес, ғылымда үзеңгі қағыстырып қатар жүрді. Ұйымдастырушылар бұл екеуін бөлмей, жоғарыдағы еңбек пен Қойшығара ағаның «Түркілер» кітабының таныстырылымын бірге өткізді.
Кеше жұмысы жалғасқан көрме-жәрмеңке барысында Түркі академиясы халық­аралық ұйы­мы шығарған тілтанымдық зерттеулер мен сөздіктер бағытындағы Ә.Нәжіп, Ә.Қайдар, М.Жолдасбеков, Ә.Жүнісбек сияқты белгілі ғалымдардың академия тарапынан шығарылған еңбектердің, «Қазақпарат» баспа компаниясы басқан «Ақселеу Сейдімбек» кітабының, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиевке Мемлекеттік сыйлық әперген «Тар кезең» романының орыс тіліндегі аудармасының, т.б. еңбектердің тұсауы кесілді.
Бүгін көрме алаңында белгілі ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Періште қыз», испан ақыны, аудармашысы Хусто Хорхе Падрон испан тіліне аударған «Қазақ поэ­зиясы антологиясы» мен осы автордың ақын Танакөз Толқынқызы қазақша тәржімалаған «Тозақ шеңберлері», ақын Дәулеткерей Кәпұлының «Терісбұрау» кітаптары таныстырылып, көрнекті жазушы Төлен Әбдікпен кездесу өтеді.

erm_3747-kopirovat
Ал ертең белгілі қаламгер ­Сәуле Досжанның «Мое чужое сердце» кітабының тұсаукесері өтіп, түркітанушы ғалым Қаржау­бай Сартқожаұлымен жүздесу ұйымдастырылады. Кітап көрме-жәрмеңкесі экспозициядағы кітаптардың Астанадағы мәдени ошақтар мен білім беру мекемелеріне сыйға тарту шарасымен түйінделмек.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*