«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кітап оқып жүрсіз бе?

0 186

23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күні. Осы айтулы күнге орай Нұр-Сұлтан қаласында 24-27 сәуір аралығында төртінші «Eurasian Book Fair-2019» еуразиялық халық­аралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Шараға 13 мемлекеттен 100-ге жуық баспа мен кітап нарығындағы компания қатысады деп күтілуде.

Қазақстандықтар жылына 5 кітап оқиды

«Кітап – адамзат қоғамының дамуындағы баспалдақ» (М.Горький). Адамзат ешқашан кітаптан айырыла алмайды. Өмір бойы үйрену бір адамның, бір мемлекеттің, бір ұлттың бәсекелік қуатын арттырады десек, кітап оқудың өзі өмір бойы үйренудің бір түрлі формасы.
Қазір кітап оқып, газет-журнал қарайтындардан, телефонға телміретіндер көп. Аялдамаларда, демалыс орындарында, пойыз, ұшақтарда кітап оқып отыратын адамдардың да қатары сиреп барады. Кітап сатып алатындар да аз. Бұл – әлемдік үрдіс, қазір жұрттың бәрі электронды кітап оқиды десек те, бұл нағыз кітап оқудан парықты.
Бүгінгі таңда жастардың басым бөлігі әр 5 минутта бір әлеуметтік желілерді шолып, ақпаратты жаңалап, өзіне қажетті нәрселерді қалт жібермей көріп отырады. Алайда бұл қазіргі жастарда қысқа-қысқа ақпараттарды ғана оқитын, тек әлеу­меттік желіге ғана телміретін тар өрісті ауқымды қалыптас­тырды. Ал кітап оқу дегеніміз, нағызын айтқанда, төңірегіңдегіні түгел ұмытып, жазушымен бірге тағы бір дүние­нің қуанышы мен қайғысын, ғазабы мен қасіретін бөлісу. Бұл дегеніңіз тіршіліктегі орнын ештеңе баса алмайтын өзгеше әсер ғой.
БАҚ беттеріндегі деректерге сүйенсек, қазақстандықтар (жан басына шаққанда) жылына орта есеппен 5 кітап оқыса, корея­лықтар 7 кітап, жапондықтар 40 кітап оқиды екен. Мүмкін, БАҚ-тардың бұл санағы дұрыс та емес шығар, бірақ күнделікті тұрмыста отандастарымыздың кітап оқудан барған сайын алыс­тап бара жатқанын жай көзбен көріп те, іштей түйсініп те жүрміз. Ендеше жылына әрең 5 кітап оқысақ, мемлекет қалай дамиды? Ұлт қалай рухани жақтан жаңғырады?

Рухани әдет қажет

Бізше, отандастарымыздың кітап оқымауындағы себепті үлкен жақтан 5 түйінге жинақтауға болатын секілді. Бірінші, жалпы халықтың кітап оқуға деген ынтасы солғын. Екінші, балаларда кішкентай кезден бастап кітап оқу әдетін қалыптастыруға мән берілмеген. Мейлі отбасында, әлде қоғамда болсын ауқымды кітап оқу ортасы қалыптаспаған. Үшінші, мемлекеттің оқу-ағарту саясаты тек «емтиханға төтеп берудің» қажетіне ғана құрылған. Бұл балалардың кітап оқуға қыз­ығушылығын жоғалтып қана қоймай, оларға сабақтан сырт кітап оқитын уақыт та қалдыр­маған. Төртінші, электронды бұйымдардың еліктіруі де ел санасын кітаптан алыстатып жі­берген. Бесінші, ұрпақтың сана­сын ашуға, қоғамдық бәсекеге төтеп беруге пайдасы, дәлірек айтқанда, жан бағып, жақсы тұрмыс кешіруге себі тиетін жақсы кітаптар аз, көптеген кітаптар оқырманын баурай алмайды. Көбі бірсарынды, жаңалығы аз. Түптеп айтқанда, кітап оқуды рухани әдетке айналдыру керек.

Көп оқитын екі ел

Дүние жүзі бойынша Израиль мен Венгрия халқы кітап оқудан алдына жан салмайды. Израиль – еврейлердің отаны. Аталған елдің 80 пайыздан астамын құрайтын еврейлер жан басына шаққанда жылына 68 кітап оқиды екен. Інжілдің бетіне бал жағып, жаңа туған нәрес­теге жалату да – осы еврейлердің әдеті. Мұнысы – өмір есігін жаңа ашқан сәбиге кітаптың балдай тәтті екенін ұғындыру. Сосын да шығар, еврейлердің қайыршысының өзі кітабын қолтықтап жүреді. Израильде газет-журналдың бағасы да удай қымбат. Кітаптың бағасы 20 доллардан түспейді, газет бағасының өзі 6 доллар айналасында. Бірақ оны «ауырсынып» жатқан еврей­лер жоқ, кәдімгідей кітабын сатып алып, газет-журналына жа­зылып жатады. Жан саны 5 миллионнан әзер асатын елдің бір миллионнан астам адамында кітап алып оқу куәлігі бар.
Ал Венгрияны айтсақ, бұл елдің территориясы Қазақстаннан әлдеқайда кішкене, жан саны да бізден аз. Бірақ бұл елде бір адам жылына 20 кітап сатып алады. Елдегі кітап оқуды дағдыға айналдырғандардың саны да 5 миллионнан асады, бұл – аталған ел жан санының 4/1-інен артық көр­сеткіш. 20 мыңнан астам кі­тап­ханасы бар Венгрияда орта есеп­пен 500 адамға бір кітапханадан тура келеді. Ал тәуелсіздік алған жылдарда Қазақстанда 10 мыңнан астам кітапхана болған деседі. Тек Нұр-Cұлтан қаласының өзінде бұрын 23 кітапхана болса, қазір соның бірнешеуі жабылып, 18 кітапхана ғана қалған. Атап айтқанда, қала халқы көбейгенімен, кітапханасы, керісінше, азайған. Осы 18 кітапханада 700 мыңнан аса кітап қоры бар. 70 мыңнан аса оқырман тіркелген.

Байлық пен білім бастауы

Халқы кітапты көп оқитын елдің, әрине, болашағы нұрлы. Израильдің жан саны аз болғанымен, талант иелері жетіп асады. Бұл елден қазірге дейін 12 адам Нобель сыйлығын алды. Нобель сыйлығын алғандардың арасында еврей қандылар 18,5 пайызын құрайды. Израильдіктер ақыл-парасаттарының арқасында қу-медиен даланы дән теңізіне айналдырды. Өндірген астығы өз елін қамдағаннан сырт, шетелге экспортталады.
Израильмен шекаралас Палестина сияқты араб елдері күні бүгінге дейін Израильден мұнайға азық-түлік ауысып отыр.
Венгрияда 14 адам Нобель сыйлығын алған. Мұның көбі – физика, химия, медицина, экономика, әдебиет, бейбітшілік саласы сынды салаларда сыйлық алғандар. Жан саны салыстырмасы бойынша айтсақ, Венгрия – нағыз атына заты сай «Нобель сыйлығын алғандардың отаны». Олардың тапқырлықтары да көп, сіріңке, майқалам сияқты ұсақ-түйек нәрселерден тартып, трансформатор, телевизордың кристалл шамы сияқты ерекше өнімдердің барлығы да осы елдің патенті.

«Өз тіліңді құрметте…»

Кітап оқу, газет-журналға жазылу десе, менің есіме Қытайдағы мына бір жағдай түседі. Шыңжаңның Шапчал сібе авто­номиялы ауданында сібе тілінде шығатын жалғыз газет бар. Тара­лымы 2 мыңнан асатын сол газетке сібенің бір зағип ша­лы жылда үзбей жазылады. Мұның байыбына бара алмаған тілші­лер шалдан себебін сұрапты. «Өзің су қараңғы соқырсың, оқи алмайтын газетке жазылып не істейсің?» десе, әлгі шал: бұл сібе тілінде шы­ғатын жалғыз газет қой, мен оны оқи алмағаным­мен, кейін немерем оқиды. Өз ана тіліміздегі газетке өзіміз жазыл­масақ, басқа кім жазылады сонда?!» деп жауап қайырыпты. Міне, көрдіңіз бе, басқалардың өз ұлтына деген махаббатын, өз тіл-жазуына деген құрметін!
Ал елімізде қалай? «Көзін емес, шел басқан көзқарасын» дегендей, оның жайы бәрімізге белгілі. Басқасын былай қойғанда, Қазақстандағы кітап дүкендеріндегі жетім қыздың жасауындай бір бұрышта тұрған қазақ тіліндегі кітаптарды көріп қарның ашады. Орыс елінің кітап дүкеніне кіргендей күй кешесің. Мұның қасында қытайдағы кітап дүкендерінде (қазақша кітап дүкенін айтам) кітаптың түрі де, саны да мол. 1,5 миллион ғана қазақ бар бұл елде қазақ тілінде шығатын кітаптардың ең азы 1,5 мың дана таралыммен, әйтпесе 3 мың дана таралыммен шығады. Оқырман да, кітап аларманы да аз емес.

P.S:  Адамның рухани жақтан толысқан шағы оның кітап оқып, қор жинаған мезгілі болса, бір ұлттың рухани деңгейі де тұтас ұлт өкілдерінің кітап оқу өресімен өлшенеді. Қоғамның алға басуы немесе кері шегінуі де қоғамдағы адамдардың кітап оқу әдетімен байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, кітап жеке адамға ғана емес, бір ұлтқа, тіпті бір мемлекетке әсер жасайды. Өкінерлігі, қазір хат танитын адам көбейгенмен, бірақ керісінше, кітап оқитын адам азайып барады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды