«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кинотеатрға тегін кіруге мүмкіндік берілді

0 26

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Астана қаласының әкімдігі мен Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі және Q Group компаниясы үш жақты келісімге отырды.

Нәтижесінде еліміз бойынша тұңғыш рет елорда кинотеатрларында балаларға арналған қайырымдылық көрсетілімдер ұйымдас­тырылуда.
Әр сәрсенбі сайын аутизм спектрі бұзылған және сал ауруына шалдыққан балалар үшін бір ай көлемінде Kinopark 8 IMAX Saryarka кинотеатрында мультфильмдер мен түрлі бейнероликтер тегін көрсетіледі.
Көрсетілім алдында аниматорлар ойын-сауық шаралары мен түрлі байқаулар өткізіп, Q Group компания­сы ұсынған попкорн мен сусындар балаларға тегін таратылады.
Шара барысында Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин Астана қаласындағы аутизмге шалдыққан балаларға арналған әлеуметтік жобаны қолдағаны үшін Kinopark Theatres кино­театрлар желісі мен Q Group компаниясының өкілдерін алғыс хатпен марапаттады.
Ұйымдастырушылар өзге өңірлердегі әріптестерін де осындай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Осы ретте Шымкент қаласынан тәжірибе алмасуға келген оңалту орталығының маманы Әйгерім Жұмағалиева мұндай жобаның дамуында кемістігі бар балалар үшін өте пайдалы екенін айтады.
– Мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамнан алшақтап қалып жатады. Ата-аналары да оларды көпшілікке көрсетпеуге тырысады. Біз жұмыс барысында мүмкіндігі шектеулі балаларды дұрыс қимыл-қозғалыс жасауға үйретеміз. Мысалы, олардың арасында жұтынып, жұдырығын жұма алмайтындары да бар. Егер олар бір күннің ішінде қолымен бір затты бірнеше секундқа ұзағырақ ұстауға үйренсе, соның өзі – үлкен жетістік. Жалпы, оңалту шараларының бірнеше түрі бар. Соның ішінде дене шынықтыру жаттығулары, медициналық тексерістер және психологиялық, педагогикалық оқытулар жиі жүргізіледі. Бұл жобаны алдағы уақытта Шымкентте де жүзеге асыруды қолға алатын боламыз, – дейді Әйгерім Жұмағалиева тілшілерге берген сұхбатында.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға ыңғайлы болуы үшін кино залының мамандары көрсетілім кезінде жарықты, дыбыстық әсерлерді бәсеңдетіп, есікті ашып қойды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды