«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кино мерекесі

0 29

«Қазақстан» орталық концерт залында дәстүрлі XV Еуразия ­фестивалінің шымылдығы түрілді.

Биылғы байқауды мерейтойлық деп айтуға болады. Он бесінші рет өтіп отырған мәдени шараға шетелдік қонақтардан танымал түрік актері Бурак Озчивит, ресейлік кино және театр әртістері Дмитрий Дюжев, Наталья Антонова, Антон Макарский келді. Сондай-ақ қазақ жеріне америкалық продюсерлер де ат басын тіреді. Ал қазақстандық кино жұлдыздарынан Жан Байжанбаев, Жанна Қуанышева, Фархат Әбдірайымов, Санжар Мәдиев, Қарлығаш Мұхамеджанова, Әсел Сағатова, Асылхан Төлепов секілді телеэкран арқылы бейнелері өзімізге жақсы таныс актерлер бар. Айтулы шараның ашылуында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл фестивальдың отандық киноның жаңа қарқынмен дамуына ықпал ететін алаң екендігін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Осы жылғы бағдарламадан отандық киноға көп көңіл бөлініп отырғандығын байқадық. Фестивальдің атқарушы директоры Қанат Төребайдың айтуынша, байқаудың «Еуразия жүрегінде» атты арнайы бөлімінде елімізде соңғы жылдары түсірілген 12 фильм көрсетіледі екен.
– Жалпы, фестивальге 30 елден 30-дан астам туынды қатысып отыр. Оларды шетелдік және отандық кино саласының үздік мамандары саралайды. Биыл басымдықты қысқа­метражды фильмдер мен анимациялық туындыларға беріп отырмыз, – деді ол.
Сонымен, алты күнге созылатын шара аясында көрермендерге шетелдік және өзіміздің киноларды көруге тамаша мүмкіндік туып отыр. Фестивальдің шымылдығы 6 шілде күні жабылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды