«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кінәлілер жазаланады, LRT салынады

0 20

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылғы 8 қазан күні еліміздің бас қаласын дамытуға арналған кеңесте LRT құрылысын жеделдетуді және оған қатысты істі тереңдете тергеуді тапсырды.

Кеңестен кейін «Астана LRT» ісі бойынша тексеру жұмыстары бас­талып кетті. Ол бірқатар жалған кәсіп­орынның іздерін анық­тауға бағыт ұстады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің басшысы Сергей Перов 10 қазан күні журналистерге берген брифингінде мұның біраз жай-жапсарынан хабар берді.
«Тергеуде бәрі анықталады. LRT мердігерлік ұйым­дары жалған кәсіп­орындарды тарту арқылы қаражатты жымқырып кел­ген. Қазір тергеу жүріп жатуына байланысты олардың қанша екенін нақты айта алмаймыз. Уақыты келгенде, барлығын хабарлаймыз» деді ол.
Агенттік өкілі сондай-ақ компанияның шетелде қашып жүрген бұрынғы басшысына қатысты пікір білдірді. «Оны халықаралық желі, мемлекетаралық іздеу желісі бойынша іздеп жатырмыз. Тергеу жымқыру фактісі бойынша басталған. Күдікті ізделуде» деді Сергей Перов. Айтуынша, тергеу тобы «Astana LRT» ісі бойынша күдікті ретіндегі лауазымды адамдарды анықтаған. Олар елорда әкімдігінің, «Астана LRT» ЖШС-ның, мердігерлік ұйым басшылары мен жобаның жүзеге асуына қатысты адамдар болып шықты. Қазіргі таңда істің мән-жайын тезірек анықтап, кінәлілерді жа­уапкершілікке тарту жұмыс­тары жүргізіліп жатыр.
«Біз әкімдік пен ЖШС қызметкерлерін тексеріп жатырмыз. Нақты шеңберді айқындап, айтып бере алмаймын. Бірақ барлық адамдар анықталу үстінде. Оның ішінде әкімдіктің басшылық құрамы да бар. 10-нан астам адам тексе­рілуде. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Біз Астана LRT қызметіне қатысты құжаттарға қолдың қойылуымен байланысты адамдардың айналасын анықтадық. Әр адамның жауапкершілік деңгейін анықтаймыз» деді осыған байланысты Сергей Перов.
«Құрылыстың үш кезе­ңін де тергеп жатқан ве­домствоаралық жедел тер­­геу тобы құрылды. Техникалық-экономикалық негіз­демесі мен жобалық-­сметалық құжаттаманың негізділігі, орындалған құ­рылыс жұмыстарының не­гізгі бөлігі, техникалық бақылау ісінің бәрі де тек­серіліп жатыр. Осыған бай­­ланысты аталған саланы арнайы зерттей алатын мамандар мен сарапшыларды жұмысқа тартып жатыр­мыз» деді елордада өткен бүгінгі брифингте агенттік департаментінің басшысы.

Алтай КӨЛГІНОВ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

– Қазірдің өзінде қаншама жұмыс істеліп қойды. Бұл жоба – бо­­­ла­­шақтың жобасы. Ел астанасы әлі өсетіні анық. Бұрын қандай қала еді, қазір қандай қала? Халқы осынша өсетінін ешкім болжай алған жоқ. Дамыған қо­ғамда адам­дардың көбі қоғамдық көлікпен жүреді. Аспалы теміржол – соның бірі.
Сын айтылды. Енді соның негізінде жұмыс істейміз. Орта жолдан қалай тоқтатамыз? Халықаралық міндеттеме деген бар. Ең бастысы, құрылысты сауатты әрі сапалы етіп жолға қою керек. Ақшасы мен инфра­құрылымын нақты мамандар есептейтін болады. Жобаның құны қысқаруы мүмкін.

Оның айтуынша, іске қатысты барлық құжаттар қазіргі уақытта тәркі­ленген. Сол құжаттарға орай экономикалық және құрылыс сараптамалары тағайындалған. «Қаржы мамандары экономикалық талдау жүргізіп жатыр, ал құрылыс сарапшылары салынып қойған нысандар­дың бақылауын аяқтады. Ұлттық банк пен Есеп комитетінің араласуымен Қытайдың даму банкінен «Астана Банкіне» салынған қаражаттың негізділігі мен заңдылығы да тексерілуде. Сонымен бірге, тергеу жым­қырудың жаңа схемасын анықтап жатыр» деді ол.
Агенттік ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 2014 жылы «Астана LRT» ЖШС жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуде жоғарылатылған бағамен келісім жасаған.
«Мемлекеттік сараптамаға белгіленген 2,6 млрд теңгенің орнына LRT-мен 4,2 млрд теңгенің келісімі жасалған. Ол қаражаттың 3 млрд теңгесі мердігерлерге берілген. Айырмашылық 412 млн теңгені көрсеткен. Аталған сома қолма-қол ақшаға ауыстырылып, жалған кәсіпорындар арқылы жым­қырылған» деді ол.
Сергей Перов жүргізіліп жатқан тергеудің «Астана LRT» құрылысына кедергі келтірмейтінін ашып айтты. Оның үстіне, құрылыс нысандарының соңғы алыс-берісін тексеру аяқталып қалған. Департамент басшысы сонымен бірге тергеу амалдары ЛРТ басшылығының өтінімі бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Аталмыш құрылысқа байланысты бас қаланың әкімі Алтай Көлгінов те өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда жобаны оңтайландыру арқылы құрылыс шығынын азайту бойынша жұмыс басталған. «Қазірдің өзінде қаншама жұмыс істеліп қойды. Бұл жоба – болашақтың жобасы. Ел астанасы әлі өсетіні анық. Бұрын қандай қала еді, қазір қандай қала? Халқы осынша өсетінін ешкім болжай алған жоқ. Дамыған қоғамда адамдардың көбі қоғамдық көлікпен жүреді. Аспалы теміржол – соның бірі» деді елорда әкімі журналистерге берген сұхбатында.
Қала басшысы жобаны қайта қарау кезінде ­Президент айтқан сынның бәрі ескерілетінін де жеткізді. «Сын айтылды. Енді соның негізінде жұмыс іс­тейміз. Орта жолдан қалай тоқтатамыз? Халықаралық мін­деттеме деген бар. Ең бас­тысы, құрылысты сауатты әрі сапалы етіп жолға қою керек. Ақшасы мен инфра­құрылымын нақты мамандар есептейтін болады. Жобаның құны қысқаруы мүмкін» деді ол. Бұған қоса, басталып кеткен жұмыстардың тоқтатылмайтынын, оның ақырына дейін жеткізілетінін білдірді.
Осы ретте күллі әлемде монорельс желісінің қызметін пайдаланатын елдер қатарының оншалықты көп емес екенін айта кетейік. Олардың саны 14-тен аспайды. Ал ТМД елдері арасында қазір Ресей астанасы – Мәскеу мен Түрікменстан байтағы – Ашхабад қалаларында ғана монорельс жүйесі бар. Бірақ екеуі де керемет тиімді жұмыс істеп тұрған жоқ. Мысалы, 2016 жылы Небитдаг бау­райында бой көтерген
«Ашхабад монорельсі» жүйе­сі шаһардың Олимпия­лық қалашығында орналасқан. Ол мұнда сол жылы жабық залдардағы Азия ойындары өтуі қарсаңында пайдалануға берілген. Сондықтан ұзындығы 5,2 шақырымды ғана құрайтын, 8 станциядан тұратын бұл шойын жолдың жалпы халыққа ешқандай пайдасы жоқ, ол жұртшылыққа экскурсия жасауға ғана қолғанат бола алады.
Ұзындығы 4,7 шақырымды алатын «Мәскеу монорельс көлік жүйесіне» қатысты әңгіменің жөні тіпті бөлек. Ол алғаш рет қаланың мэрі Юрий ­Лужков болып тұрған кезде, 1998 жылы жобалана бастады. Бірақ оның құрылысы тек 2001 жылы ғана қолға алынды. Арада тағы үш жыл өткеннен кейін мәскеуліктер бұл жолдың Тимирязев пен Эйзенштейн көшесінің арасын жалғайтын алғашқы жалғыз тармағын көрді. Осының өзіне құрылыс ком­паниялары 6,3 млрд рубль ақша жаратыпты. Мұның соңы сосын үлкен жанжалға айналып кетті. Ақырында 6 станциядан тұратын монорельс 2008 жылы 10 қаңтарда көлік ре­тінде пайдаланыла бастады. Алайда ұзаққа бармай, қайта тоқтап қал­ды. Ал 2017 жылдың 23 қаңтарында монорельс қайта іске қосылып, экскурсиялық мақсатта жұмыс істеуге кірісті. Қазір бұл жолдарды травмай желісіне айналдыру турасында да сөз қозғалып жатыр.

Расул АЙТҚОЖА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды