«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кімдердің қарызы кешіріледі?

0 27

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 26 маусым күні «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған сәйкес кепілсіз тұтынушылық қарызы бар азаматтардың 300 мың теңгеге дейін негізгі берешегі мен оған есептелген өсімақыны төлеуді мемлекет өз міндетіне алды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова түсіндіріп берді.

Бұл қарызға негізгі борыш, сыйақы, айыппұлдар да кіреді. Қарызы Жарлықта көрсетілген мөлшерден асатын борышкерлердің тек 300 мың теңге көлеміндегі бір бөлігі ғана өтеледі. Бұл жағдайда олардың қарызы 3 миллион теңгеден аспауы керек.
– Президент Жарлығына сәйкес бес санаттағы отбасылардың тұтынушылық қарыздары өтеледі. Бұл санатқа көпбалалы отбасылар, мүгедек баланы тәрбиелеп отыр­ған отбасылар, асыраушысынан айырылған отбасылар, 18 жастан асқан бала кезінен мүгедектер мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар, сондай-ақ ата-аналарынан айырылған 29 жасқа дейінгі азаматтар жатады, – дейді Светлана Жақыпова.
Дегенмен аталған бес санатқа кіретін, бірақ несиесі өтелетіндер тізімінде жоқ азаматтар да бар. Светлана Жақыпованың айтуынша, мұндай отбасылар туралы толық мәліметтер ақпараттар базасына енгізілмегендіктен болуы мүмкін. Сондықтан ондай отбасылар құзырлы органдарға тиісінше тіркелуі тиіс.
Сондай-ақ қарызды қайтару шарты коллекторлық компанияларға өтіп кеткен азаматтардың берешегі тек кей жағдайларда ғана өтеледі.
Несиесі коллекторларға өтіп кеткен азаматтардың мәселесі екі санат бойынша қаралады. Біріншіден, несие банк балансынан шығарылмаса, коллектор қарыз алушы мен банк арасында байланыс орнатып, оның қайтарылуына ықпал етеді. Ал несие банк балансынан шығарылып, коллекторға сатылып кетсе, ол өтелмейді,- деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды