«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ким Джи Вон: «Кореядан әкемді іздеп келдім!»

0 119

Былтыр профессор Жамбыл Артықбаевтың «Әкем Омар және оның заманы туралы» атты еңбегі жарық көрген болатын. ХХ ғасыр тарихының өзегіне айналған қарапайым адамның тағдырына арналған кітапты жазу барысында, мұрағаттан «Каззолото» тресінің басшыларының бірі америкалық корей азаматы Герберт Кимнің (Цзин-Цан-Ху) қағаздарына көзі түседі.

АҚШ-тан 1930 жылдың тамызында «Главзолотоның» шақыртуы бойынша маман ретінде келіп, Жолымбет алтын кенішінде еңбек еткен екен. 1937 жылдың 1 қарашасында Герберт Кимге «троцкист, зиякес, диверсант, террорист, тыңшы» деген айып тағылып, 58 статьяның 4,6, 7,8,9,11 баптары бойынша ату жазасына кесіледі. Алайда ауыр шешім, Қытайдың КСРО-дағы елшісінің араласуымен 25 жылға ауыстырылып, 1942 жылы ҚХР-ге босатылып жіберіледі. Жамбыл Омарұлының кітаптың тұсаукесерінде айтылған осы мәліметі жергілікті журналис­тердің мақаласында жарық көреді. Арада көп уақыт өтпей, Сеулден Герберт Кимнің қызы хабарласып, әкесіне қатысты мұрағаттағы құжаттармен танысуға көмек көрсетуін өтінеді. Сонымен Жамбыл Артықбаев Ким Джи Вон ханымды Астанада қарсы алып, ҚР Ішкі істер министрлігі ақпараттық-талдау орталығының арнаулы мемлекеттік мұрғатында сақтаулы тұрған құжаттармен таныстырды.
-Әкемнің суретін көргенде, оның қолымен жазылған хатты оқып, тіпті бармағының бедері түскен ескі қағазды ұстап тұрып, көз жасыма ие бола алмадым. Әкемнің тек атын ғана естіп өскен маған, мына құжаттар шынымен мені онымен табыстырғандай әсер етті. Анам әкеммен небәрі сегіз ай ғана бірге тұрған. Одан кейінгі дүрбелең жылдары қол үзіп қалады. Алайда дүниеден өтерінде, әкемнің бір хабарын білуді сұрап еді. Хәл үстінде жатқан анама зейнетке шығысымен уәдемді орындайтынымды айттым. Содан екі жыл бұрын, АҚШ-қа барып, үш айдай болып, әкемнің оқыған жерлерінде болып, ондағы аз-маз құжаттарымен таныстым. Бір қызығы, әкемнің Қытайға жер ауып, сол елдің азаматтығын алып, одан да әрі қарай мұхит асуына 1910 жылы жапондардың біздің елді басып алуы себеп болған еді. Тағдыр сол әділетсіздіктің орнын толтырғысы келді ме, әкемнің тағдырын анықтауға, оның күрделі өмірінің күрмегін шешуге кеңес берген жапон ғалымы болды. Ол Кеңестер Одағында репрессияға ұшырағандарды зерттеп жүрген Дмитрий Шин деген ресейлік азаматпен таныстырды. Ол өз кезегінде әкемнің Қазақстандағы ізіне шығуға жөн көрсетті. Міне, бүгін әкем жүріп өткен жолдарды басып өтудің сәті түсті Сеулден келген қонақпен кездесуге Жамбыл Омарұлы Еуразия университетінің аға оқытушысы Жазира Хасенова екеуі келіпті. Жазираның әулетінде де осы Жолымбет рудниігінде айып тағылып, он жылға сотталған туысы болған. Ал Герберт Ким тағдырынан тарихтың иіріміне қаншама рет батып, талай тығырыққа тірелсе де қайта көтерілгенін байқаймыз. Оның өте ауыр жолы ақырында туған жері Кореяға жеткізеді. Әзірше, жеті құрылықты асып, жеті ел шарлаған шынашақтай корей әйелінің әке мен анасының рухына, әулетіне деген құрметінен туындаған сапарының қысқаша дерегі осындай.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды