«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кезегің келді ме – балабақшаға бар!

0 37

Қаламызда бүгіннен бастап кезегі келген бүлдіршіндерді балабақшаларға орналас­тыру жұмысы басталды. Бір ай бойы жүргізілетін бұл шарада, әсіресе, жас отбасыл­ар жанталасады. Тұрғын үй кезегімен пара-пар балабақша кезегін шешудің маңызы жылдан-жылға артпаса, кеміген емес. Себебі сол, тұрғындарының саны тұрақты өсіп отырған бас қаламызда бұл негізгі мәселеге айналды. 

Балабақшаға баруды сарыла күткен елордалық бүлдіршіндердің қатары қалың. Талап­қа сай кезегі келген ата-аналарға 10 сәуірге дейін қалалық Білім басқармасы мамандары тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, одан әрі жолдамаларын беруді бастайды. Балабақшаларға жолдама берудегі биылғы жаңалық – ата-аналардың үйден шықпай-ақ электронды жолдама ала алатындығы мен 2015 жылы туған балаларға да бос орындардың бөлінгендігі болып отыр.

Ескеретін жайт, балалардың мектепке дейінгі мекемелерге жолдама алуы тек туған жылына ғана емес, кезекке қай күні қойылғанына да байланысты. Бүгінде балабақшаға кезекте 2016 жылы туған 19 239, 2015 жылғы 21 615, 2014 жылғы 20 491, 2013 жылғы 15 047, 2012 жылғы 13 245, 2011 жылғы 4902, 2010 жылы дүниеге келген 46 бала тіркелген. Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Қасымхан Сенғазыев кезекке тұрушылардың тым көптігін елордамызда демографиялық көрсеткіштің жоғарылығы мен бас қалаға көптеп қоныс аударушылардың әсерінен деп отыр. Басқарма басшысының айтуынша, биыл 2015 жылы дүниеге келген балаларды да балабақшаға алу алғаш рет қолға алынған.

– Бүгінде туғаннан бастап алты жасқа дейінгі 94 646 бүлдіршін мектепке дейінгі мекемелерден орын алуға тіркелген. Оның ішінде үштен алты жасқа дейінгі 33 240 бала бар. Үштен алты жасқа дейінгі 46 062 бала білім берумен және тәрбиелеумен қамтылған. Елордалық бүлдіршіндерді мектепке дейінгі ұйымдармен қамту көрсеткіші 2015 жылмен салыстырғанда 6,1 пайызға еселеніп, 70,6 пайызды құрады. Балабақша тапшылығын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы да шешуді мықтап қолға алудамыз, – дейді Қасымхан Сенғазыев.

Биыл елордалық мемлекеттік балабақшаларда 6310 орын босайды. Оның барлығы тек кезекке сәйкес бөлінеді. Дәлірек айтсақ, 1240 жолдама 2015 жылы, 2233- і 2014 жылы, 1340-ы 2013 жылы, 1111-і 2012 жылы, 386-сы 2011 жылы туылған балаларға беріледі. Сондай-ақ, әр жылы дүниеге келген балалардың жолдама алатын уақыттары нақты белгіленген. Егер өтініш берушілердің балалары 2015 жылы дүниеге келсе, олар үшін 10 сәуірден, тиісінше 2014 жылғылар – 12 сәуірден, 2013 жылғылар – 18 сәуірден, 2012 жылғылар – 21 сәуірден, 2011 жылғылар – 25 сәуірден бастап жолдама алады. Жолдама берілген күннен бастап 5 күн ішінде мектепке дейінгі ұйымға ұсынылуы тиіс екендігін қаперден шығармаған абзал. Дер кезінде тапсырылмаса мерзімі өтіп кетеді. Бос орындарды бөлу жұмыстары аяқталған соң, кезектің жылжу барысын Астана қаласы әкімдігінің www.e.astana.kz ресми сайтындағы электрондық қызметтерден қарауға болады.

infografika-kopirovat

Айта кетерлігі, жолдамалар әуелі бірінші кезектегі санатқа беріледі. Оларға заңды өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандар саналатын балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар, көп балалы отбасылардан шыққан балалар, әскери қызметшілердің балалары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, оның iшiнде қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен қызметкерлердің балалары жатады.

Бала үш жасқа толған кезде ата-аналардың мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшадан, төрт жастан бастап шағын орталықтардан орын алуына болады. Жекеменшік балабақшалардың және шағын орталықтардың мекенжайлары мен телефондары туралы барлық ақпарат Астана қаласы Білім басқармасының bilim.astana.kz ресми сайтында «инфографика» бөлімінде көрсетілген.

Балалар қысқа уақыт болатын шағын орталықтарда сабақтар тегін түрде өткізіледі. Алайда шағын орталықтарда оларды тамақтандыру қарастырылмаған. Бұл тек балаларды мектепке даярлау үшін ғана қолжетімді болып табылады. Жекеменшік балабақшалардан және шағын орталықтардан орын алуға ниет білдірген тұрғындар www.e.astana.kz жүйесінен электронды-сандық қолтаңба арқылы электронды жолдаманы қолға алуы тиіс.

Гүлжан Рахман,
«Астана ақшамы»

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды