«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Керчь кикілжіңі

Ресей мен Украина жанжалына ұласып кетпесін

0 138

Бірнеше күннен бері Қара теңіз бен Азов теңізі аралығын жалғап жатқан Керчь бұғазында орын алған оқыс оқиғаға байланысты әлем жұртшылығы дүр сілкініп отыр. Мұнда Ресей және Украина әскери-теңіз күштерінің қатерлі қақтығысы орын алып қала жаздады. Бірақ екі жаққа жанжал шақыра алатындай кикілжіңнің туғанына талас жоқ. Қазір осыған байланысты екі тарап та бір-бірлерін айыптап, халықаралық қауымдастықты ара ағайындыққа шақырып жатыр. Екі тараптың да алған беттерінен қайт­пайтын түрлері бар. Қалай дегенде де, жағдай кәдімгідей ушығып тұр.

Оқиға былай басталды. Үстіміздегі жылғы 25 қараша, жексенбі күні таңертеңгі сағат 7-нің шамасында украина Әскери-теңіз күштерінің үш кемесі Керчь бұғазы арқылы келіп, Қырым көпірінен өтуге әрекет жасады. Сол кезде Ресей шекарашыларының күшімен теңіз үстінде тоқтатылды.
Кемелерді тоқтату күш қолдану жолымен жүзеге асырылды. Себебі, кемелер шекарашылар қойған талапты орындай қоймады. Сондықтан мұнда атқылау да, абордаж да, таран да, кемеге басып кіру де, тіпті украин теңізшілерінің жарақат алып қалуы да орын алды.
Біздің ресейлік қандасымыз, белгілі жазушы Сергей Баймұхаметов оқиға тіркелген бойда оған өзінің көзқарасын танытты. «Әлбетте, бұл кикілжің кең ауқымда – екі мемлекеттің саяси текетіресі тұрғысынан қарастырылады, – деп атап көрсетті ол. – Бірақ кемелерді атқылаудың жоғары командование тарапынан берілген бұйрық бойынша жасалмаған да болуы мүмкін. Ал егер бұлардың бәрі насихаттың отына малынып алған нақұрыстардың өз беттерінше істеп жүрген әрекеттері болса ше?! Енді соның кесірінен халықаралық үлкен жанжал туғалы тұр, енді бұл тығырықтан қалай шығатынымызды ешкім де білмейді. Өйткені, біздің тарапымыздан отты қару пайдалану, таран, экипажды басып алу, – украин әскери қызметкерлері арасында жарақаттанғандар да бар, – секілді анық оғаш әрекеттер жасалды… Олар қарсы оқ та атпаған».
Тегінде, бұл пікір де негізсіз емес. Енді Ресей Федерациясы федералды қауіпсіздік қызметінің мәлімдемесіне сүйенсек, ол мұның бәрі заңды түрде жасалғанын айғақ етеді. Оның көзқарасынша, украинның бронды «Бердянск» және «Никополь» шағын катерлері, сондай-ақ «Яны Капу» теңіз буксирі Ресей Федерациясының Қара теңіздегі мемлекеттік шекарасын бұзып өтіп, уақытша жабық территория­лық теңіз акваториясына басып кірген.Тәртіп бұзушылар одан әрі Керчь бұғазына беттеген. Киев жағы Одесса портынан шыққан бұл үш кеменің Қара теңіз арқылы Азов теңізі акваториясына еніп, Мариуполь портына барып жетпек болғанын хабарлайды.
Алайда, Ресей тарапының мәлімдеуінше, украин жағы белгіленген тәртіп бойынша бұл корабльдердің Керчь бұғазы мен Қырым көпірінен өтетіні жөнінде алдын-ала тапсырыс беріп, оларды өту кестесіне енгізбеген. Бұған қоса, олар РФ территориялық суларына кірген бойда қауіпті маневрлер жасай бастаған. Сол кезде Ресей тарапынан берілген талаптардың бірде-біріне құлақ аспаған.
Болған оқиғаға екі жақ та бірден үлкен мән бере қарады. Украин тарапының пікірінше, Ресей мен Украинаның Азов теңізін екі елдің де ішкі су кеңістіктері деп таныған келісіміне сәйкес, корабльдердің осы маршрутпен жүріп өтулеріне болатын еді. Ресей тарапының пікірінше, украин кемелері Ресейдің су территориясына кірерден бұрын алдын ала ескертіп, Қырым көпіріне бірнеше шақырым қалғанда тоқтау­лары керек-тін. Бірақ украиналықтар мұны жасамаған. Сосын Ресей шекарашылары корабльдердің бірін таран жасап тоқтатқан.
Осы дүмпудің шырғалаңында алдымен Украина президенті Петр Порошенко елдің территориясында 2019 жылғы 25 қаңтарға дейін соғыс жағдайын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұдан кейін бұл мәселені Украина Жоғарғы радасы қарады. Ол елдің жекелеген облыстарына соғыс жағдайын енгізуге келісім берді. Президент ұсынысын 276 депутат қолдап, 30 депутат қарсы дауыс берді, 1 адам қалыс қалды. Сөйтіп, соғыс жағдайы Ресеймен шекаралас барлық аудандар мен Винница, Луганск, Николаев, Сумы, Одесса, Харьков, Чернигов және Херсон облыстарында қолданылатын болды.
Болған жағдайға орай әлемнің жетекші елдері де өз көзқарастарын білдіре бастады. Мәселен, АҚШ билігі Ресейге украин кемелері Керчь бұғазынан өтіп бара жатқан кезде халықаралық құқықтарды бұзды деген айып тағып, Мәскеуден аймақтағы ахуалды реттеуді талап етті. Бұл туралы АҚШ-тың БҰҰ жанындағы өкілетті елшісі Никки Хейли хабарлады. «Украинаның Керчь бұғазы арқылы заңды негізде өтуіне кедергі келтіру – халықаралық құқықты бұзу», – деп мәлімдеді дипломат. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп мұндағы жағдайдың өзіне ұнамай тұрғанын, енді оның реттелетініне сенгісі келетінін жеткізді.
Ресей президенті Владимир Путин болса, бұл оқиғаны украин тарапынан жасалған арандатушылық деп бағалайды. Ол өзінің бұрнағы күні Германия канцлері Ангела Меркельмен телефон арқылы сөйлескен сөзінде тап осындай тұжырым айтты. Ресей лидері әңгіме кезінде Берлин украин тарапының бұдан кейін ойланбаған тірліктер жасамауына ықпал ететініне үміт артатынын білдірді.
Қазір ресейлік сарапшылар да бұл тақырыпты айналып өтіп жатқан жоқ. Сонда олардың басым бөлігі халықаралық нормаларға сәйкес, украин кемелерінің Ресей Федерациясының – Керчь бұғазы арқылы ішке қарай бейбіт жолмен өте алатындарына назар аударуда. Кемелердің Қара теңізден Азов теңізіне қарай өтулеріне ешқандай кедергі жоқ. Оның үстіне, Азов теңізі осы екі мемлекетке ортақ су айдыны болып есептеледі. Алайда, теңіз үстімен жүріп өту ешбір үзіліссіз және жылдам қарқынмен жасалуы тиіс. Егер осы жолда бұзылып қалғандары байқалса немесе «басқа белгісіз күштер» шығып жатса, украин кемелері уақытша тоқтай алады. Бірақ украин тарапы бұл жолы ондай белгілер бермеген. Кеменің жүріп өтуі жағалаудағы басқа мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмеген жағдайда ғана бейбіт жолмен жасалды деп есептеледі. Бұдан бөлек, теңіз үстінде қандай да бір маневр жасауға, кез келген қару түрімен оқу-жаттығу жиынын жасауға тыйым салынады.
«Жеткізілген ақпарларға қарағанда, украин кемелері Керчь бұғазы маңында тұрған кемелерді айнала маневр жасаған, – дейді Ресей Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтының бас ғылыми қызметкері Камиль Бекяшев. – Мен олардың бұл әрекеттерін халықаралық теңіз құқықтарын бұзу ретінде бағалаймын. Себебі, олар бұл жерден бейбіт түрде: тез және тоқтаусыз өтіп кету жөніндегі талаптарды орындаған жоқ. Қалыптасып отыр­ған жағдайда Ресейдің қару қолдануға толық құқы бар. Ал сол кезде украин тарапы оған қарсы жауап қатқан жағдайда Ресей шекарашылары тәртіп бұзушыларды сол бойда кідірместен жойып жіберуіне болатын еді». Сарапшының пікірінше, Ресей үкіметі кем дегенде Украинаға халықаралық теңіз құқықтары мен Ресей заңнамасын бұзғандығы турасында нота жолдауына болады.
«Ресей тарапының украин бронды катерлерін санаулы секундтарда жойып жіберуге толық күші жететін еді, – дейді әскери тарихшы Дмитрий Болтенков. – Бұған тіпті теңіз үстіндегі қарауыл кемелері мен қауіпсіздік қызметінің жағалаудағы катерлерінің де күштері жетеді. Ресей Әскери-теңіз күштері туралы айт­пай-ақ қояйық. Әскерилердің қазір Қырымда өте қуатты авиациялық және теңіз топтары бар».
Ресей Федерация кеңесі қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Франц Клинцевич бұл арандатушылықтың Ресей тарапынан қатқыл жауап қатуына есептеліп жасалғанын айтады. Бұл халықаралық жанжалдың шығып кетуіне бірден-бір себеп болады. Украина президенті алда болатын сайлауға дейін өзінің халық арасындағы беделін көтеріп, рейтингісін өсіру үшін мұндай әрекеттердің әлі талайына баруы әбден мүмкін. «Қазір күллі әлем біздің бұған қарсы жасалатын реакциямызды күтіп отыр, – деді сенатор. – Сондықтан өте қатаң дипломатиялық ескерту жасалуы қажет, бірақ кез келген әрекетті жасарда барынша мұқият болуымыз керек».
«Бұл арандатушылықтың дайындалып жатқанына біраз уақыт болды, – деп мәлімдеді РФ президенті жанындағы Қырым Республикасының тұрақты өкілі Георгий Мурадов. – Украина президентінің сайлауы өтетін уақыт жақындап келеді. Ал қазіргі мемлекет басшысы Петр Порошенконың позициясы өте әлсіз. Оның өзі мұны өте жақсы сезінеді. Сондықтан украин сайлау­шыларының дауыстарын көптеп жеңіп алу үшін мұндай әрекеттерге жиі баратын болады. Оның бұл тірліктерін Украинаның батыстағы кураторлары да қолдайды. Оларға, құдай басқа салмасын, Ресей-Украина арасында жанжал туып, ара ағайындық жасаушыларға күні қарағанымыз керек».
Негізі, бұл тұжырымдардың да жаны бар сияқты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды