Кенжеболат Жолдыбай,саясаттанушы:ҰЛЫ ДАЛАДАН – ЖАҺАНДЫҚ ЖЕТІСТІККЕ

Міне, қасиетті Рамазан айында бейбіт өмірдің маңызын жіті бақылап, ауадай қажеттілігін сергек сезініп, оны баянды ету жолында сүбелі үлес қосып жүрген Қазақ елінің дәл төрінде халықаралық маңыз­ға ие үлкен оқиғалар орын алып отыр.

Астанада осы жұма күні өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер кеңесі басшыларының 17-отырысы халықаралық және отандық сарапшылар тарапынан «тарихи саммит» деген бағаға ие болуда. Оның себебі де жоқ емес. Индия және Пәкістан мемлекеттерін өз мүшелігіне қабылдаған Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметі жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Осылайша, сонау 2001 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстанның көшбасшылары бастамасымен құрылған бұл ұйымның жер шары тұрғындарының 40 пайызын біріктіретін, әлем экономикасының 20 пайызын қамтитын аса ірі аймақтық құрылым ретінде халықаралық істерде беделін мейлінше арттыруға үлкен мүмкіндік туды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесі жұмысының «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуымен жалғасуының да символдық мәні бар. Өйткені Елбасы Ұлттық жоба деп бағалаған осынау көрменің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбы тек әлемдік державаларды ғана емес, сонымен қатар, дамушы мемлекеттерді де өте қызықтыруда. Халықаралық көрмелер бюросы тарихында бұл тақырыптың баламасы болып көрген емес. Сондықтан да «ЭКСПО-2017» энергетикалық дағдарыстан шығудың жолын іздейтін таптырмас алаң болады деп күтілуде. ЭКСПО көрмесінің тағы да бір мақсаты – жаңадан шыққан ғылыми-техникалық жетістіктерді паш етіп, олардың болашақта дамуына сеп болу және қатысушы елдердің тарихын, салт-дәстүрлері мен мәдениетін көпшілікке көрсету. Осы орайда «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің салтанатты түрде ашылуында 17 мемлекеттің және үкімет басшыларының, көрмеге қатысатын 115 мемлекеттің көптеген ла­уазым иелерінің болулары бекер емес. Әр мемлекет жетістіктерін көрсетуге, тәжірибелерімен бөлісуге әзір екендігін де атап өткен жөн. Сайып келгенде, бұл – жаһандық дамудың жаңа бір сатысы

Ұлы дала жерінен бастау алады деген сөз.Қазақстан болса көрме қалашығында дүйім елді тамсандыратын нысан ретінде бірінші кезекте озық инженерлік және сәулет өнері тұрғысынан жүзеге асырылған «Нұр Әлем» ғимаратын ұсынып отыр. Ақиқатында, бұл – көлемі 80 метрді құрайтын, биіктігі 100 метр әлемдегі бірден-бір шар тәріздес ғимарат.

Көрменің әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан пайдасына келер болсақ, еліміздегі техника саласының күрт дамуына әсері мол болады, өзге елдермен достық қатынастарымыз нығаяды, жастарымыз шет тілін үйрену бағытында тегін тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады, Қазақстанның мәртебесін әлемге паш етеді. Қазірдің өзінде көрме Астананың инфрақұрылымына үлкен серпіліс әкелді. Жаңа қонақүйлер салынып, жаңа жұмыс орындары ашылуда, сауда-саттық даму үстінде. Шағын және орта бизнесті өркендетуге де қолайлы жағдайлар тууда. Ең бастысы, бұл көрме елдегі жаңашылдық рухты жанудың, ғылымға ұмтылуға құлшыныс берудің таптырмас тетігі болып отыр.

Бір сөзбен айтқанда, бұл аз қазақтың басын қосуға, ұлттық намысты ояту үшін таптырмас үлгі іспетті. Әлбетте, баурайында тұрған таудың биіктігі аса көрінбейді, жаныңда жүрген жанның ұлықтығы білінбейді. Биіктіктің де, ұлықтықтың да қадірі алыс­тағанда ғана. Ендеше, жылдар өте келе бүгінгі істің мән-мағынасын терең пайымдайтынымызға еш күмән жоқ. Сондықтан нағыз мақтанатын нәрсеге мақтана, қуанатын нәрсеге қуана білгеніміз абзал.

Сонымен қатар

ДОС АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗ

Ойламаған қазаны сол күні ертеңгілік әлеуметтік желіде бір інішектің жазбасынан көрдік. Біреу суық қолмен қолқамызды …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған