«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кемелұлының кредосы

0 458

Күн мен түн теңесіп, дүние жаңарып, жаңғырып, табиғат қайта түлейтін әз Нау­рыз мерекесі қарсаңында еліміз үлкен өзгерістерді бастан кешті. Отыз жылдай елін жетелеген Елбасы мемлекет тізгіні енді Қасым-Жомарт Кемелұлы қолында деп мәлім етті. Осы бір тарихи да салтанатты сәтті теледидардан қарап отырып, неге екенін қайдам, есіме осыдан 5-6 жыл бұрын «Егемен Қазақстанда» жарияланған белгілі жазушы-драматург Роза Мұқанованың Қ.Тоқаев туралы бір эссесі орала кетті. Эссе болғанда сондағы бір тосын оқиға.

Атақты Шәкен Айманов түсірген, Әмина Өмірза­қова апамыздың күлкілі бүлкілі барша қазақты тамсандыр­ған, тың операторлық ше­шім­дері әлі күнге дейін таң­ғалдыратын классикамыз – «Тақиялы періштені» үкі­леп жапон еліне апарған екен. Үнемі сыпайы көрініп, жымиып жүретін жапондар біздің атақты комедия­ға тіпті сырт көз болса да жылы қабақ танытпапты. Әзіліміздің астарын түсінбеген болу керек. Шешесі шаршамай-талмай ұлына әйел іздейтін не әдет, осындай да дәстүр бола ма деп бас шайқаған сияқты. Сондықтан сырт елдерге түрлі туындыны апарғанда аса мұқият болу керек. Мұны айтқан дипломат-қайраткер Тоқаев екен. Мен осыған таңғалдым.
Шынында, біз осы тұрғыда көп ойлана бермейміз-ау. Біздің жан-жүрегімізді тебірентіп, сай-сүйегімізді сырқырататын кей дүниелерді өзгелер қабылдай ала ма, қалай түсінеді, өнерімізбен сыртқа шығарда әлемдік стандартпен қарап, бір екшесек қалай болады өзі? Өзіміз аса қадірлейтін шапан-шекпенімізді, домбыра, қамшымызды да сырт қонаққа жөн-жосықсыз сыйлау­ға құмармыз, оларға сол қажет пе? Өзіміз қадіріне жете, түсіне қоймаған, салтанатты шараларымызда топ жармаған Димашты қазір әлем алақанына салып отырған жоқ па?!. Ойланатын мәселе.
Әрине, жоғарыдағы жағ­­дайды Қасым-Жомарт Тоқаев туралы түсінік-па­йымымызға сыйлас қаламгер Р.Мұқанованың бір мақаласы ұшқын салған соң айтып отырмыз. Әйтпесе, тұстастарым мен замандастарым сияқты қазір елуді еңсерген маған да Тоқаев есімі тәуелсіздіктің елең-алаңынан-ақ етене таныс. Несімен? Ең әуелі ол кісі – белгілі жазушының перзенті. Соғыс ардагері, қаламгер Кемел Тоқаев көп замандастары сияқты уақыт керуеніне ілесіп, ұрандатқан, жалаулатқан, қаламақы мен қошемет-марапатқа кеңінен кенеліп жатқан шоғырдан бөлектеніп, өз жолымен жүріп, өз тақырыбын қаузап, қазақ шытырман оқиғалы шығармашылығының көш басында тұрды. Бұл жанр арқылы қанша тырыссаң да, қоғам мен көсемдерді көкке көтерудің еш қисыны келмейтіні түсінікті. Сондықтан да ол кісі – өз жолымен оқшау жүріп, ұлтына қымбат мұра қалдырған, қадірін кемітпеген, еңсесін түсірмеген, қысқасы, қазақтың асыл қасиеттерін бойына сіңіріп, оны өмір сүру қағидасымен көрсете білген қуатты қаламгер.
Кеңестік кезеңнің барша ауыртпалық, қиындығын, тапшылығын бастан өткерген отбасынан шығып, қан майданда от кешкен осындай бірегей де біртоға жазушының (ол кісі түрлі мемлекеттік органдарда қызмет атқарған әдеби интеллигенциядан тыс ортада да белгілі болған) перзенті қызыл империя орталығы – Мәскеудің ең беделді дипломатиялық оқу орнын тәмамдап, Кеңестер Одағы Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратына қызметке алынуының өзі қазақ баласы үшін сол заманда үлкен жетістік еді. Сондықтан да Елбасының КСРО-ның Қытайдағы елшілігінде лауазымды қыз­мет атқарып жүрген Қасым-Жомарт Тоқаевты елге шақыруы көреген шешім болғандығын өмір көрсетті.
Ширек ғасырдан астам еліміздің бас басылымында еңбек еткен соң біз де қайраткер қызметіне қатысты едәуір қалам тартыппыз.
«Тосыннан тіс жара бер­мейтін томаға-тұйық дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев командасын жұрт бұрынғылармен салыстыр­ғанда иманжүзді Үкімет деп қабылдады. Себебі оның құрамында бәрін тек ақшамен, түпкі пайдамен ғана есептейтін бизнестен келген жастар азайған еді» деген екенбіз кезінде.
«Осыдан тура 100 күн бұрын, яғни өткен жылдың 12 қазанында төртінші Үкімет тізгінін қолына алған 47 жасар дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл атқаратын, кетеуі кеткен, күрмеуі көп жайлар да аз емес еді. Ең үлкен міндет алдыңғы үш премьердің қателігін қайталамай, солар мұраға қалдырған «миналарын» залалсыздандырып, дағдарыстан аз шығынмен әрі жылдам шығу жолын табу еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев дабыра мен шудан, бос сөзден және «жарқын» бас­тамалардан нақты іске көшетін мезгіл жеткенін аңғартты. Оның командасында көрген-білгені бар, обал-са­уапты білетін иманжүзділер аз емес.
Жүз күн – жұрт сүйсініп баға беретіндей іс тындыра қоя­тын мерзім емес. Әйт­се де, Тоқаев Үкіметінің алғашқы қадамында елдің іші жылитындай әрекеттер көрініс берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басына келгелі ел экономикасында тұрақтылық сипат аңғарыла бастады. Өткен жылдың соңында жалпы өнім өндіру 1 пайызға, ал өндіріс көлемін арттыру 1,8 пайыз­ға өссе, биылғы жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 3 және 4 пайызға жетпек.
Үкімет басшысы То­қаев министрлерді беталды бағ­дарлама түзіп және оны жөн-жосықсыз насихаттап, популизммен айналысуға тыйым салды» деп жазыппыз «Егемен Қазақстанның» 2000 жылғы 22 қаңтар күнгі нөмірінде.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елге оңай соққан жоқ, қызыл империя ыдырап, экономикалық байланыстар үзілді, мұнай бағасы төмен, инвестор кем, оның үстіне 1998 жылы Азия елдерінде орын алған дағдарыс әсері әлемге жайыла бастаған еді. Сондықтан да 1999 жылы Үкімет тізгінін ұстаған Тоқаев үшін сын сәттер, сынақтар аз болмады. Ауыр жағдайда бел шешпей жұмыс істеуге тура келді. Сол кездерді қайта сараптайтын болсақ, 2000 жылдан бастап еліміздің жалпы ішкі өнімі өсе бастады. Мәселен, ЖІӨ 1999 жылы 2,7 пайыз болса, 2000 жылы – 9,8 па­йыз, 2001 жылы – 13,5 па­йыз, ал 2002 жылы 9,8 па­йызды құрады.
Жалпы алғанда, Тоқаев Үкіметі Елбасы тапсырмасымен бұрынғы КСРО кеңістігінде бұрын-соңды болмаған екі өршіл стратегиялық жобаны жүзеге асыра бастады. Біріншісі – астананы Алматыдан көшіріп, жаңа заманауи қала салу. Екіншісі – мемлекеттік жоспарлау жүйесін реформалау.
Тоқаев Үкіметі «Қазақ­стан-2030» стратегиясын іске асыруға елеу­лі үлес қос­ты. 1999-2002 жылдарға арналған бірқатар заңнамалық түзетулерді енгізу нәтижесінде стратегиялық жоспарлаудың жаңа тәсілдері негізінде мемлекеттік басқару жүйесі қайта құрылды.
Үкімет елдегі инвестиция­ны дамыту үшін Елбасы тапсырмасымен шетелдік инвесторлармен қарым-қатынастарын нығайтты. Осы­ның арқасында ел экономикасы едәуір еңсесін тіктеп, жаңа кезеңге қадам бастады. Мұнда Тоқаевтың Сыртқы істер министрі болған кезіндегі халықаралық тәжірибесі көп пайда берді деп ойлаймыз. 2000 жылға қарай ел экономикасына 15 миллиардтан астам АҚШ долларын тартуға мүмкіндік туды, ал Қазақстан өзі сенімді және табысты инвестициялық серіктес ретінде қалыптасты. Мұнда, әрине, дипломат қайраткер Қ.То­қаевтың үлесі де орасан.
Тоқаев Үкімет басшысы болған шағында мемлекеттік қызметкерлер, саяси және әкімшіліктерде қарапайым қызметшілер саны артты. Мемлекетте бірқатар жаңа жұмыс орындары ашыла бастады. Сонымен қатар халықты әлеуметтік қорғау жүйесі жетілдірілді. Үкімет халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау­ды, кедейшілікпен және жұ­мыссыздықпен күресу бағдарламасын іске асыруға белсене кірісті. Сол кезде республиканың «біріккен» мемлекеттен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшуі басталды (1998 жылғы 1 қаң­тарда «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» жаңа заң қабылданды).
Қорыта айтқанда, Тоқаев Үкімет тізгінін ұстаған үш жыл барысында Қазақстан кеңестік дәуірден кейінгі жаңа мемлекеттік жүйенің контурын, сұлбасын қайта құрды. Қасым-Жомарт То­қаевтың түрлі қиыншылықтар қос өкпеден қысып тұрған сын сәтте үш жыл Үкімет тізгінін байыппен ұстап, ел экономикасының құрылымы мен динамикасын өзгертіп, алға жылжытып, үлкен тәжірибе жинақтауы қазіргідей сәтте оның қай биікті де еркін еңсеретініне ел сенімін арттыра түседі.
Тоқаев феномені неде деп ойлар болсақ, ол кісі – жасы алпысты еңсерсе де жаңа буынның, жаңа жүйенің адамы. Қырыққа жетпей қартайғандар қаншама арамызда. Неге жаңа буын? Себебі жаңаша ойлайды, баяғы кеңес­тен мұра болып қалған «үстел бәрін шешеді» деген әкімшіл-әміршіл жү­йенің өктемдік ауруына шалдықпаған. Қанша үлкен лауазымды қызметтерде жүрсе де ол кісінің үстел тоқпақтап, біреудің жер-жебіріне жетіп отыр­ғанын көрген, естіген емеспіз. Ата-ана тәрбие­сі мен дипломатиялық орта және бұған қоса ол кісінің комсомол, партия шекпенін жамылмауы әрі шетелдердегі билік буындарының құрылымын жетік білуі осыған әсер еткен шығар деген ойдамыз. Еліміздегі екінші лауазымды тұлға – Сенат Төрағасы қызметінде жүріп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында күн сайын дерлік елдегі телеарналар, ұлттық басылымдарда жылт еткен жаңалықтарға, өзекті, тосын ой айтқан қарапайым шығармашылық адамдарына өз пікірін білдіруі, қо­ғамдық резонанс алған оқиғаларға байланысты тіпті шетелдік арналарға елдегі саяси жағдайға қатысты өзіндік баға беруі, көпке ілесіп кетпей өз көзқарасынан айнымауы – тосын жайт. Кеңес дәуірінде мұндай лауазымды кісілерден жылы сөз, көпшілікке ұқсамайтын партия бағытынан бөлек өзіндік пікір, тың ұсыныс есту тұрмақ, жанына жақындау мүмкін емес еді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы ел Президенті қызметін атқаруға кіріскен алғашқы күндері-ақ халыққа кабинетінің не қымбат көлігінің терезесінен қарайтын ұлықтарды әлеуметтік желілерге жеке тіркеліп, жерге түсу қажет екенін, олардың мұң-мұқтажына ұдайы назар аударып, ел ортасына барып жедел шешіп отыруды тапсырды. Жыл сайын бір рет ел алдына шығып, шоу-спектакль сияқ­ты есеп беруді доғарып, күнделікті шаруамен айналысуды, халықпен тығыз жұмыс істеуді жүктеді. Былайша айтқанда, билік пен бұқараның арасындағы алшақтықты жою­ға қадам жасауда. Әйтпесе, бізде әкім мен сот, прокурор мен министр халықпен екі араға қат-қабат қорған салып тас­тағаны жасырын емес. Олардың кеңсесіне кіру, кеңес сұрау қиынның қиынына айналған. «Әулекі би ат үстінен билік айтар» деген мақал халқымызда ежелден бар.
Жемқорлық та билік буындарын кең жайлап алған. Әділет іздеп, ұлық­тарға өзі де, сөзі де жете алмай қан құсып жүргендер көп болған, әлі де бар. Сондықтан да жаңа басшы Тоқаев «Менің түсінігімдегі әділеттік – заңның салтанат құруы. Мемлекеттік шенеу­ніктер де, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де, барлығы да заңға бағынуы керек. Сондай-ақ заңды еліміздің азаматтары да сақтауы қажет. Заң бәріне бірдей!» деп қадап айтты. Мұнысы «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген халық даналығымен үйлесіп жатыр.
Сабақтастықты үзбей дамыта отырып, әділет жолынан жаңылмай, ұлттық құндылықтарды ұлықтау арқылы ілгерілеуді ең бас­ты мақсаттары етіп алған Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары билікке келе сала айналасына қалың қазақ ортасынан шыққан, елден тамырын үзбеген, ұлттың тынысынан хабары және жұртқа айтары бар қайраткерлерді топтастыруы да үлкен үміт күттіреді. Қазіргі қоғам алдындағы ең үлкен мәселе – алдымен жетекші, негізгі күш – қа­зақ ұлтының рухын, ең­сесін көтеру, бойын тік­теу деп түсінеміз.
Ең әуелі сөз болған деп басталады екен қасиетті кітаптар. Иә, асыл сөзден кітап туады. Қаламгер-журналистің перзенті Қ.Тоқаев қай қызметте жүрсе де қолынан қаламын тастамай, талай кітаптар туындаған. «Өлең шіркін – өсекші, сырыңды ашар» деп ұлы Абай айтқандай, жаны, жүрегі, санасы, қолы таза адам болмаса, үлкен қайраткерлер ақ қағазға сырын аша бермейді. Қ.Тоқаевтың 2007 жылы жарық көрген «Жарық пен көлеңке» саяси дипломатия­лық мемуары – Елбасы басшылығымен жүргізілген Қазақстан сыртқы саясатының шежіресі. Дипломатия сияқ­ты күрделі де нәзік саланың барлық қалтарыстары, хаттамаға енбей қалған құпиялары қамтылған құнды дүние. Жалпы, Қ.Тоқаев – ата-анасының кеңесі және қамқорлығымен өз мамандығын дұрыс таңдап, оны ыждағаттылықпен игеріп, меңгеріп, жетілдіріп, дамытып, сол мамандығының шыңына жеткен тұлға. Тә­уелсіздік жылдарында Қазақстан, әсіресе сыртқы сая­сатта үлкен жетістіктерге жетті, шекарасын түгел шегендеп алды. Мұнда ширек ғасыр сыртқы саясат тізгінін ұстаған Қ.Кемелұлының қолтаңбасы айқын. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары лауазымды қыз­метін атқарып, қазақ арасынан алғаш рет әлемдік дипломатия шыңына жеткен де осы кісі.
Ал енді «Әкем туралы толғанысында» мынадай жолдар бар: «Әкей үшін Отан деген ұғым бәрінен жоғары тұратын, мен әкемді Тұлға, елін, жерін сүйіп өткен нағыз Азамат ретінде мәңгілік сыйлап өтемін, әке-шешеміздің ұлағаты шын мәнінде біздің кейінгі тағдыр жолымызды анықтап берді, ата-анамыз­дың бо­йымызға сіңірген ең биік қасиеттерін енді өз балаларымызға беруге тырысамыз». «Кешегісіз бүгін жоқ. Сондықтан да өткенге құрметпен қарауымыз керек. Өмір қаншалықты өзгеріп, адам санасы сапалық тұрғыдан жаңғырды дегенмен, біздің өткеніміз – әкелеріміздің күш-жігерімен, ақыл-парасатымен жасалған рухани байлық, демек, оны мансұқтауға мүлде болмайды» деген пікірін жеткізді.
Отан отбасынан басталады, өскен ортасының, өткен күндерінің, ата-анасының қадір-қасиетін білген перзент – Ұлы елдің бүгінін дұрыс, шынайы таразылап, ертеңін ұлықтайтын қайраткер екеніне күмәніміз жоқ.
«Ұлы тұлға болып қалыптасу үшін тарихи факторлар мен жағдайлардың болуы аздық етеді. Ел мен дүние жүзі алдында тұрған күрделі де жауапты міндеттерді орындауға қажетті ерекше қасиеттерге ие біртуар тұлға болуы керек. Ондай адам батыл да жігерлі, қайтпас қайсар да принципті, әділ де өжет болуға тиіс» деп жазыпты Қасым-Жомарт Кемелұлы бір мақаласында.
Осындай елдік қасиеттер Кемелұлының бойынан да табылатынын уақыт дәлелдейтініне сенім зор… Өзге елдермен иық теңестіргенде мемлекеттің ғана емес, оның басшысының да еңсесі биік, жүзі жарқын, тұлғасы таза, кеңесі кемел болып тұрғаны жарасымды ғой…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды