«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кемел ойлы қаламгер

0 112

Көпен Әмірбек Кәмел Жүністегіне сыйлаған кітабына «Дүниенің ғажабын өмірдің азабынан іздеген көкем Кәмекеңе» деп жазған екен. Екі-ақ жолмен Кәмекеңнің өмірлік ұстанымын да, тіршілігінде көріп-баққан қиянатты да түйіп тастаған осыдан артық сөз бола қоймас.

Туған жерін пір тұтқан тарихшы, қазақ даласының талай түкпірін аралап, әр тасына үңіле білген зерттеуші, әдебиеттің келешегі мен бүгінгісін талмай саралап, қаламы мұқалмай, талай кітапты елге ұсынған сөз шебері, жұртшылық атын атауға бата алмай жүргенде Абылайдың, Қыздарбек, Сембек, Әбдилердің күйін қайта тірілткен өнердің жоқшысы Кәмел кажы Жүністегінің есімі еліне елеулі.
Кәмел Жүністегінің қаламгер ретінде жолы ауыр болды. Оның жазғанын жалғыз цензура ғана тексеріп қоймайтын, ең соңғы сөзді сонау Мәскеудегі КГБ деген айтатын. Бір ғана «Көксеу» деген кітабына бақандай бес адам бірінен соң бірі рецензия жазыпты. Бәрі мақтаған. Сонда да кітап он шақты жыл бойы жарық көрмей жатып алғаны – соның мысалы. Алғашқы кітабын «Дос көңілі» деп бастап еді, оған «Көне хикаясы», «Көксеуі» жалғасты. Іштегі тұнып жатқан ой мен арман, шымырлаған шындық, қазақтың көксегені мен қасіреті онын «Құба белдер» атты үш кі­таптық романында ақтарылып түсті.
Атадан балаға ауысатын ұрпақ­тар сабақтастығын қала­мымен мәнерлеп, еліме, келер ұрпаққа пайдамды молынан тигізсем деген Кәмекеңнің жазу үстелінен «Көксеңгірдің тасында», «Соңғы абыз» романы, «Қоңыр кұлжа» кітаптары шықса, ұзақ жылдарғы зерттеулерінің нәтижесі болған «Ұлы пайғамбар және ұрпақтары», «Шырағдан» кітаптары туындады. Оның «Вожак» деп аталған кітабы орыс тілінде жарық көрді. Қазақтың мәдениеті мен тілінен мақрұм қалған қазақтарды төл мәдениетімізге тарту үшін кітап­тың орысша шығуына ризалығын бергенін Кәмекең де жасырмады.
Қилы-қилы уақыт өтіп, заман шекарасы жіктелген шақта рухани байлығымызды аш көздің сұғынан, қызыл империяның сойылын соққандардан арашалап қалу да үлкен іс еді. Бұл мәселені сол империяның іргесі бүлінбей тұрғанда-ақ қолға алған. Кәмел Жүністегі саралап зерттей жүріп, Шортанбай жыраудың «Қайран елім» деген кітабын қайта құрастырып шығартса, сонау 1943 жылы алғаш республикалық айтыста бас жүлдені алса да ұмыт болып қалған Маясар ақынның шығармаларын жұрттан жинас­тыра жүріп, «Бір ауыз сөз» деген атпен жеке кітап етіп жария етті.
Жазушы Өмір Кәріпов «Кәмел Жүністегінің әр шығармасы, оның ішінде «Құба белдер» трилогиясы атамекен туралы қара сөзбен жазылған жыр десек асыра айтқандық болмас» деп жазған еді. Бұдан артық баға беру де қиын. Жазушының «Соңғы абыз» романы Бұқар жырау мен Абайдың арасын жалғастырып тұрған қазақтың соңғы жырауы Шортанбай жырауға арналған.
Кәмел Жүністегінің қазақтың дәстүрлі өнері аңшылық, тазының сырттаны, көкжал, елінің табиға­тын аялау туралы жазған хикаяттары мен әңгімелерінің де шоқ­тығы аса биік. Кешегі Адамбай-Тұрсынның он сегіз мың жылқысына жайлау да, пана да болған бос ши, орта ши, Арқада бозторғайдың жоғалып кеткенін ашына жазғаны кімді болса да селт еткізбей коймаған. Оның «Қоңыр құлжа» атты хикаятын оқыған адам жазушының жаны өзі туып-өскен табиғатымен бірге екеніне көзі жетеді. Кеше Тағылы- Бұғылыны табын-табын боп мекендеп жүрген арқардың қатыгез адамдар ермегі болып құрып кеткенін жазушы жаны ауыра жазады да, оқырманды да еріксіз тебірентіп, жанын мұңға салады. Ақшатау кеніші комбинатының директоры Барлық Садықовтың «Кәмелдің «Қоңыр құлжасын» оқығанға дейін мен де арқар атуға құмар едім, енді біржола тыйылдым. Қолым мылтыққа көтерілмейтін болды. Арқар атаұлының трагедиясын осы кі­таптан түсіндім» дегенін естіген едік. Даланың тұнған табиғаты адамнан әлі жапа шегіп жатыр. Сондықтан да Кәмекең «Тұрағың қайда, туған ел?», «Көшің қайда ба­рады?» деген туындыларды елі­не арнаған.
Кәмекеңнің бөлмесінің бір қа­бырғасы толған домбыра. Бә­рі де көне, бәрінің де айтар сыры мол. Сонын екеуі – атақты Әбди мен Сембектің атылғанда қолға ұстап жатқан домбырасы. Кәмекең осыларды жинай жүріп бар күйшінің ұстазы Қыздарбек туралы «Көксеу» атты кітабын да қинала жүріп шығарған. Өз өмірі де аса қиындыққа толы Кәмекең сиқырлы да сазды күйлерді тыңдап жұбанған да шығар деп ойлайсың. Оның өзі де «Көксеу» кітабын жазу үстінде Қыздарбек, Әбди, Сембек күйлерін үнемі тыңдап, серпін алып отырғанын жасырмайды. Тек Кәмекеңнің қолында ғана Қыздарбек пен шәкірттерінің отыздан аса күйі бар. Осы жазушы ағамыз болмаса, бұл туындылар біржолата өшіп кетер еді.
Кәмел Жүністегінің жуырда шыққан «Шырағдан» атты кі­табын оқи отырып, оның талмас зерттеушілігіне таңғаласың. Әсіресе, оның сырлы аспан туралы жазғандары – бүгінгі қазақ үшін тың дүние. Сонау жиырмадан аса берген шағында саяси лагерьде жүріп, сол лагерьдің «мәңгі қонағы» қазақ шалының мазасын алып, түн баласы аспан әлеміне үңіліп, бар жұлдыздың қазақы атын жаттап, олардың сырын ұққан Кәмел ағамыз «Үркерді» орысшадан аударып «Бикеш» деп жүрген бізге қара аспанның бар жұлдызының қазақы танымын қолымызға ұстатып берді. Кезінде бұл туралы «Ана тілі» газетінің бетінде жазушы Қажығали Мұхаметқалиұлы «жазушы Кәмел Жүністегі Колумбтың Американы ашқанындай біздерге, қазақтарға, аспан әлемін ашып берді» деп жазған еді.

Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕКОВ,
Жазушылар одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды