«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Келген де қазақ, кеткен де қазақ

0 99

Статистика департаментінің мәліметтеріне үңілсек, 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында елордаға 35370 адам көшіп келіпті, керісінше, көшіп кеткендердің саны – 30981 адам. «2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында 2017 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда Астанаға қоныс аударғандардың саны 49,5 пайызға азайған, ал қаладан көшкендердің саны 37,5 пайызға қысқарған.

Негізінен, қаладағы көші-қондық алмасу өңіраралық миграция есебінен болып отыр: қаңтар-мамыр айларында 21322 адам қоныс аударса, 16424 адам бас қаладан көшкен» делінген әкімдіктің ресми сайты таратқан хабарламада.
Статистика департаментінің ақпараты бойынша, елорданың көші-қондық өсімінде Ақмола облысынан келгендердің үлесі – 19,4 пайызды, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының үлесі – 14,2 пайызды, Қарағанды – 9,8 пайызды, Шығыс Қазақстан – 8,9 пайызды, Алматы қаласы – 8,2 пайызды, басқа облыстар 39,5 пайызды құрайды.
Сонымен қатар, Астананың Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан секілді ТМД елдерімен көші-қондық сальдосы да көңіл көншітерлік екен. Грузия, Ұлыбритания, БАӘ, АҚШ, Сауд Арабиясы, Испания, Чехия, Қытай, Жапония, Литва, Түркия, Корея Республикасы, Малайзия және Моңғолиямен де халықтың миграциялық сальдосы жағымды қалыптасыпты. Құзырлы мекеменің хабарлауынша, ұлты бойынша мигранттар құрылымында көшіп келгендердің жалпы санына қарай қазақтар 89,4 пайызды құраған. Атап айтарлығы, Астанадан көшіп кеткендердің жалпы санының 86,6 пайызы да қазақтардан тұрады. Сонда төр қалаға келген де қазақ, кеткен де қазақ болып тұрғаны ғой. Қоныстанғандар арасында орыстардың үлесі – 5,5 пайыз, украиндар – 0,8 пайыз, өзбектер – 0,6 пайыз, татарлар – 0,8 пайыз, немістер – 0,5 пайыз, басқа ұлттар 2,4 пайызды көрсетіпті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды