«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кекілбаев құбылысы

0 96

 

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада аса көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы атындағы жаңа оқу залы ашылды. Салтанатты жиынға ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған лауазымды тұлғалар, зиялы қауым және суреткердің кіндік қаны тамған Маңғыстау облысынан келген делегация өкілдері қатысты. 

 

Айтулы шарада алғашқы сөз кезегін алған Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның есімі шын мәнінде ең жоғарғы құрметке лайық екендігін айтты.
– Біз бүгін ерекше іс-шараға жиналып отырмыз. Халқымыздың маңдайына біткен заңғар жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы атындағы жаңа оқу залы ашылып отыр. Бұл – Әбіш ағамыздың алдағы 80 жылдық мерейтойы қарсаңында оның есімін ұлықтау жолындағы алғашқы қадамдардың бірі. Сондықтан осындай игі бастаманың ғұмыры ұзақ болары даусыз. Біртуар тұлғаның қайталанбас қолтаңбасы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасына айналды. Асыл сөз зергерінің шығармашылығы бойынша терең зерттеулер жүргізу – келешек буын ғалымдарының алдындағы маңызды міндет болуы тиіс. Себебі кемел суреткердің әдеби әлемі шексіз дүние. Әйгілі жазушы тек әдебиеттанушы, тарихшы, ойшыл, философ қана болған жоқ, сонымен бірге, ол еліміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген қайраткер болды. Бұл ұлы жазушылардың арасында өте сирек кездесетін құбылыс, – деді Сенат Төрағасы.

Содан кейін ардақты азаматпен жақын сыйласқан белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков пен Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов өз естеліктерімен бөлісті.
Жазушы атындағы жаңа оқу залы көркемсөз зергерінің көзі тірісіндегі жұмыс кабинетінің нұсқасымен жасалған. Оған қаламгердің өзі тұтынған дүниелері қойылған. Ұлттық кітапханаға ерен тұлғаның жеті мыңға жуық басылымдары тапсырылған. Дәлірек айтқанда, оның ішінде 5 883 дана кітап, CD және DVD дискілеріндегі бейнефильмдер мен аудиокітаптар, 134 дана және 2 библиографиялық брошюралар бар. Қазіргі уақытта оқырмандардың сұранысына байланысты суреткердің «Аңыздың ақыры» атты романы француз және қытай тілдеріне аударылып жатқан көрінеді.
Сондай-ақ іс-шара барысында қабыр­ғалы қаламгердің өмірінің соңына дейін он жыл тұрған елордадағы Достық көшесіндегі «Нұрсая-1» тұрғын үй кешенінің қабырғасына ескерткіш тақта қойылды.

Бұл жерде академик Кенжеғали Сағадиев жақын досы туралы тебіреніп сөйледі. «Әбіштің екінші өмірі жан-жақты басталып келе жатыр. Бұл толастамау керек. Оның еңбегі бізді мәңгілікпен жалғастырады. Бүгінгі ескерткіш тақта ашылып отырған үйде Клара екеуі перзенттерімен бірге жақсы өмір өткізді. Осы үйден біз де дәм таттық. Ол бір жадымыздан ешқашан шықпайтын керемет күндер еді. Әбіш осы үйде тамаша туындыларын жазып, мемлекеттік қайраткерлік қызметті кемеңгерлікпен атқарды» десе, Төлен Әбдікұлы: «Әбекең дүниеден озғалы біраз уақыт өтті. Сабырға келіп, салқындайтын кез де болды. Бірақ салқындау мүмкін емес. Әлі күнге дейін Әбекеңнің мінезі, жүрісі, болмысы көңілімізде тірі тұрғандай көрінеді. Елдің атын ұлылар шығарады. Сондықтан ұлыларды танып, ұлықтай білуіміз қажет. Қойылған ескерткіш тақта – Әбекеңнің атын шығару үшін емес, оның артында елі бар деген өзіміздің атымызды шығару үшін керек. Әбекең деген ол – мол мұра. Оны бізден кейін де талай ұрпақ әңгіме қылады. Онда да таусылмауы мүмкін. Ол қашанда өз халқымен ғана емес, адамзатпен бірге жасай береді. Өйткені әдебиеттегі классикалық шығарма барлық адам баласына ортақ. Әбіштану деп аталатын ұлы шерудің басы енді басталды. Енді бұдан әрі ол жалғаса бермек» деді парасатты прозашы.

Шара соңында жазушының зайыбы Клара Жұмабайқызы жиналғандарға: «Әбіш әруақытта мен қазақпын деген адамның тілегін тілеген азамат. Оның есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Осы жұмыстарды ұйымдастыруға ұйытқы болған барлық азаматқа алғысымды айтамын» деп ризашылығын білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды