«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кейіпкерімнің қарапайымдылығынан қайсарлықты үйрендім

Зибагүл КАРИНА, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртісі

0 36

Қабырғалы қаламгер Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» повесінің желісімен түсірілген «Айғай» фильмін талай рет қызығып көрдім. Көркем туындыдағы Аспан шалдың бейнесі маған ерекше әсер қалдырды. Біз бүгінгі сұхбатымызда осындағы бас кейіпкердің әйелін сомдаған белгілі театр және кино әртісі Зибагүл Жақсылыққызының өнердегі өрелі жолынан сыр тартқан едік.

– Зибагүл апай, сізге осы рөлді ойнау қалай бұйырды. Әңгімені содан бастасақ?
– Бұл фильмге 1985 жылы түстім. Мен онда Алматыдағы актерлік оқуды бітіріп, Торғай облыстық театрында жұмыс істеп жүрген жас актрисамын. Ол кезде киноға түсу деген арман. Содан бір күні маған киностудиядан Наталья Александровна қоңырау шалып: «Жазушы Оралхан Бөкейдің бір шығармасы бойынша кино түсіргелі жатырмыз. Бізге қарапайым қазақ әйелінің образы керек. Сіздің фотоңыз бізде бар. Жедел Алматыға бір-екі күнге келіп, сынақтан өтсеңіз. Барлық жол шығыныңызды төлейміз» деді. Бұл фильмге актерлерді таңдайтын көмекші режиссер екен. Содан Алматыға ұшып келдім. Шәкен ағамыз атындағы киностудияның дүркіреп тұрған шағы. Сондағы үлкен павильонда бізді сынақтан өткізді. Алдымен сценариймен таныстым. Оны Болат Мансұров жазыпты. Фильмнің қоюшы режиссері – Дәмір Манабаев. Сол кісі бізге киноның мазмұнын қысқаша түсіндіріп, екеуара айтатын диалогтарды берді. Кинодағы бас кейіпкері Аспанның жігіт кезіндегі рөлін Нұрлан Есімғалиев сомдады. Мен оны танымаймын. Алғаш көріп тұрмын. Оған қалай жақындарымды білмеймін. Ақыры, актриса болғаннан кейін қиялыңызды ойнатуға тура келеді. Бала күнімде ауылда соғыста аяғы немесе қолынан айырылған әкелерді көрдім. Соларды көз алдыма елестетіп, актерлік образға ендім. Жалпы, актер адам өзі ойнаған кейіпкердің жанды нүктесін тап баса алса, басқа әлемге еніп кетеді. Мен де осындай сезімді кештім. Қысқасы, сынақты ойдағыдай тапсырдым. Оларда «Сізбен түсіру алаңында кездесуге үміттенеміз» деп қалды.
Шынымды айтсам, киноға түсемін деп ойлаған жоқпын. Үйге келгенен кейін көп ұзамай хабар келді. «Сізге комиссия бірден екі рөлді бекітті. Қамқа мен оның қызы Мәликаны ойнайсыз. Сіздің жасыңыз Мәликаға дәл келіп тұр деді».
– Бұл туынды қайда түсірілді, тағы қандай актерлар таңдалды?
– Фильм Оралхан ағамыздың туған жері Қатонқарағайда түсірілді. Енді ол жердің табиғатын тілмен жеткізе алмаймын. Негізі, Аспан шалдың бейнесін сомдауға Ыдырыс Ноғайбаев емес, Кененбай Қожабеков бекітілген. Бірақ Кененбай аға сырқаттанып жүргендіктен аяқ астынан Ыдырыс аға ойнады.
– Қамқаның рөлін ойнағанда 25 жаста екенсіз. Бұл фильмде қазақ әйелінің ер азаматты қадірлеуі, оның төзімділігі, бия­зылығы толық ашылған. Кейіпкеріңізден өзіңізге не алдыңыз?
– Жазушы жазған повесть кейіпкерлерінің прототипі өмірде бар адамдар. Сол Қатонқарағайда тұрады екен. Сондықтан мен оларды көзіммен көріп, жақынырақ танысқым келді. Айтпақшы, кинодағы бір эпизодта сол кісінің өзі түскені бар. Бірақ онда ке­йіп­кердің бет-жүзін көре алмайсыз, кере­уеттен түсіп, арқасымен кетіп бара жатады. Содан түсірілім тобының мүшелері бәріміз сол кісінің үйіне бардық. Бізді жақсы қарсы алды. Екі аяғынан айырылған ағаның әйелі өте қарапайым жан. Бізге есіктен сығалап қана қарайды. Адамға тура қарамайды. Апай күйеуінің тізесіне ескі күпейкені қабаттап тігіп береді екен. Есіктің алдында үлкен сәкі бар. Сол биік сәкіден секіріп атқа мінеді. Әңгімелесіп отырғанда үй иесі бір арманы бар екенін айтты: «Қазір протез аяқ шығыпты деп естимін. Шіркін, соны киіп, өз аяғымен жүріп кетсем ғой» деді.
Енді ол кісінің өмірге деген құштарлығын көріп, тәнті болдым. Өте еңбекқор. Маған апайдың да қарапайымдылығы ұнады. Осы қасиетінен асқан төзімділікті көрдім. Жарының барлық жағдайын жасап отыр. Соны ол батырлық деп ойламайды. Меніңше, ол – батырлық. Кейіпкерімнің қарапайым­дылығынан қайсарлықты үйрендім. Әлі күнге дейін осы қасиет маған көмектесіп келеді.
– Жалпы, шығарма авторы Оралхан ағамен түсірілім тобының байланысы болды ма?
– Әрине. Оралхан ағаның өзі киноның басы-қасында жүрді. Қатонқарағайда болғанда түсірілім тобымен үйінде қонақта болып, анасының қолынан дәм таттық. Ол кісі бізді есік алдынан қазақы шапан киіп күтіп алды. Қаламгер бізге үйіндегі кітап сөресінде тізіліп тұрған өзге тілде басылған жинақтарын көрсетті. Негізі, бұл фильм ағылшындардың тапсырысымен түсірілген. Кейін олар жарыққа шыққаннан кейін туындыны сатып алған.
– Сіз одан кейін «Балкон» фильміне түстіңіз. Мұнда соғыстан кейінгі уақыттың, балалардың өмірі суреттеледі. Осы шығарма туралы көзқарасыңыз қандай?
– Бұл туынды 1987 жылы түсірілді. Тағы да киноға түсуге Наталья Александровна себепкер болды. Ол кісі маған хабарласып: «Бұл – сіздің рөліңіз. Бізге қазіргілерді емес, елуінші жылдардағы оқиғаларды ойнай алатын адам керек» деді. Келістім. Фильмнің режиссері – Қалықбек Салықов.
Бұл – енді балалардың көзқарасымен берілген туынды. Соғыстан кейінгі кезең. Көбінің әкелері халық жауы болып, ұсталып кеткен. Жалғыз шешелерінің тәрбиесімен өсіп жатыр. Бірақ әкенің тәрбиесін көрмеген балалар оны түсіне қоймайды. Фильмнің сценарийі ақын Олжас Сүлейменовтің «Балкон» поэмасының желісімен жазылған. Кинодағы бас кейіпкер Айдар – Олжас Сүлейменовтің прототипі деп те айтады. Былай қарасаңыз, әп-әдемі жеткіншектер. Бірақ олар қатыгездіктен қорықпайды, бір-бірінің сатқындығын да кешірмейді. Енді режиссер фильмге түскен балаларды тамаша таңдай білген.
– «Сұрапыл Сұржекейдегі» ауылнай­дың әйелін сомдаған бейнеңіз де шы­найы шыққан рөлдің бірі деп айтуға болады.
– Енді бұл халқымыздың тарихындағы ең бір ауыр кезең – ашаршылықты бүкпесіз бейнелеген туынды. Фильмді жазушы Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» романы желісімен режиссер Дәмір Манабаев түсірді. Сценарийді қаламгердің өзі жазды. Осы киноға ғажайып актер Нұрмұхан Жантөрин түсті. Ол кісі ауылдың сөз ұстаған текті ақсақалы – Пахраддинді сомдады. Кейіпкері де көп сөзге жоқ. Барлығын көзқарасымен жеткізеді. Көзінде тұңғиық ой жатады. Қазіргі актерлерге осындай шеберлік жетпейді. Өкінішке қарай, Нұрмұхан аға бірінші серия аяқталар тұста қайтыс болды. Бұл – асыл тұлғаның соңғы түскен киносы. Содан кейін Смағұл аға екінші серияның сценарийіне өзгеріс енгізді.
– Қырық жылдан астам театр сахнасында өнер көрсетіп, қаншама рөлдерді сомдадыңыз? Осылардың ішінде қайсысы жаныңызға жақын?
– Жалпы, мен бала жасымнан өнерге жақын болып өстім. Әкем мектеп бітіргенде дәрігер болуды қаласа да, мен өз ұстанымымнан таймай, театр институтына бардым. Сонда Шолпан Жандарбекова мен Асанәлі Әшімовтің класында оқыдым. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Арқалық музыкалық драма театрына келдім. Осы театрда бірталай рөлдерді сомдадым. Менде рөлге таласу деген жоқ. Облыс жабылғаннан кейін театр Жезқазғанға қоныс аударды. Жер ауыстырған оңай емес. Бұл шаһарға келгеннен кейін де біраз рөлдер бұйырды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінде Баянды ойнадым. Бұл қойылым Алматыда бір фестивальда бас жүлдені жеңіп алды. 1995 жылы Ақмолаға келдім. Онда Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі – Жақып Омаров ағамыз. Қалаға алғаш келген кезде пәтер жоқ, үй жалдап тұрдық. Тұрмыстық жағдайдың өнеріме кері әсері тиді. Бірақ бәрібір жаныма бәрінен Баян сұлуды сомдаған рөлім өте жақын.
– Қазір әлемде режиссура да, театр өне­рі де алға дамып барады. Ал біздің теа­тры­мыздың дамуына көңіліңіз тола ма?
– Бүгінде қазақ театрын биікке көтерген өте дарынды режиссерлердің дені өмірден өтіп кетті. Кешегі Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз ұлттық театрға соны өзгеріс әкеліп, мұзжарғыш кеме секілді жол көрсетіп отырды. Ол кісінің интеллектісі актердан екі есе жоғары болатын. Қазір қойылымдар адамның жан дүниесін тебірентпесе, көрерменді онша қызықтырмайды. Алайда қазақ театрларында даму жоқ деп айта алмаймын. Талантты жастар өсіп келе жатыр. Солардан көп үміт күтем. Қазір өнерге деген махаббат жетіспейді. Сүйгеніңді кездестіре алмаған адам секілдіміз. Бұрын Жақып аға «Осы отырған бәріміз актерге жұмыс істейміз, актер көрерменге жұмыс істейді» деп айтушы еді. Осы байланыс театрда болу керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды