«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кедергісіз орта қаншалықты қалыптасты?

0 26

Елордада мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуді жақсарту, кедергісіз орта қалыптастыру, оларды жұмыспен қамту үшін қандай шаралар жүргізіліп жатыр?

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, ҚР мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында 2017 жылы Астана әкімдігі тарапынан қаладағы пандустардың жағдайына толық мониторинг жасалыпты. Нәтижесінде 2012-2017 жылдары 1106 нысан паспортталып, бүгінде 989 нысан Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендірілген. Қалған 117 нысанда халықтың әлсіз топтары үшін кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. Қазіргі уақытта мұндай нысандар үлесі – 89,4 па­йыз. Жоспар бойынша биыл бұл бағыттағы жұмыстар 100 пайыз жақсармақ. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандустар салынып, техникалық мүмкіндіктер арттырылып, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер жабдықталмақ.
Ал Астана тұрғындарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары аясында былтыр – 737, Жұмыспен қамту қызметінің көмегімен 678 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыспен қамтылған. Оның 385-і тұрақты жұмысқа, 19-ы әлеуметтік жұмыс орындарына, 14-і жас­тар тәжірибесі бойынша, 260-ы қоғамдық жұмысқа орналасқан.
Сол сияқты 59 қала тұрғыны шебер-шаштараз, электромонтер, тігінші, сантехник-слесарь, әкімші, кондитер, бақылаушы-кассир мамандықтары бо­йынша кәсіптік оқыту курсынан өткен.
Сонымен қатар 8 рет бос орындар жәрмеңкесі және 15 рет шағын жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Астана қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 16 қарашадағы қаулысына сәйкес, ауыр жұмыс пен зиянды, қауіпті ең­бек жағдайлары бар жұмыстарды есепке алмағанда, қызметкерлердің тізімдік санының 2-4 пайызға дейінгі мөлшерде жұмыс орындарының квоталары белгіленген. Меншік нысанға қарамастан, барлық ұйым квоталауға жатады.
Сондай-ақ қазіргі уақытта 23 арнайы жабдықталған көлік құралы инватакси қызметін ұсынады. Жоспар бойынша биыл осындай көліктер саны ұлғайтылмақ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қамкөңіл жандар арбалармен, протездік-ортопедиялық бұйымдармен, сурдотехникалық құралдармен, міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіліп, оларға шипажайларға жолдама берілуі тиіс.
Бұдан бөлек, жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтері де көрсетіледі. Мүгедек балалары бар отбасыларға үйде оқытуға жұмсалған шығындар өтеліп, оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жөніндегі міндет­темелер астаналықтардың өтініші бойынша толық көлемде орындалады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы үкіметтік емес ұйымдармен, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бір­лестіктерімен тұрақты түрде ынты­мақтастықта жұмыс жүргізуде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды