КАВКАЗДАҒЫ ҚЫПШАҚ ІЗІ

Армяндардың күнделікті сөйлеу тілінде қыпшақ тілі «екінші ана тілі» болып саналған. Күні бүгінге дейін қазақтың кейбір сөздері тура сол мағынасында қолданылады.

«Астана-Ереван» ұшағына мінгенде, ме­нің жаныма армян жігіті жайғасты. Екеуміз жөн сұрасып, бірер мәрте тіл қатыстық. Армения азаматы 20 жылдан бері ықтияр хатымен Қызылжар қаласында тұрады екен. Қазақстанда отбасы, бала-шағасы бар. Еліне, ағайын-туғандарына барып-қайтуға шыққан беті. Көп ұзамай үш жарым сағаттық қашық жолда әркім өз ісімен болып кетті. Мен кітабыма үңілдім. Әлдебір уақытта жанымдағы жолсерік жігіт мені түртті. Севан көлінің үстінен ұшып барамыз» деп, терезеден жерді нұсқады. Ол өзі ортада, ар жағында тағы бір жолаушы бар. «Е-е» дедім де, кітабымды оқи бердім. Сәл өтпей тағы да түрткіледі. «Арарат, Арарат!» деп сұқ саусағын терезеге шошайтты. Ар жағынан қар басқан таудың сұлбасы көрінді. Оның толқыған көңілін түсінуге тырыстым.
Севан – Кавказдағы үлкен көлдердің бірі. Бір қайран қалатын нәрсе, оның биологиялық құрамы әрі өсетін балығына дейін Ыстықкөлге өте ұқсас. Ал «Арарат» армяндар сырттай иемденгенімен, Түркияның қарауына әлдеқашан өтіп кеткен. Жанымдағы жігіттің атажұртқа сағынышын қапысыз ұғып келемін.

Артық хан қаласы мен
Қыпшақ ауылы
Армения жеріне табан тірегеннен кейін арғы ата-бабамызға қатысты өңірлерге ат басын бұрмай кету үлкен айып болар еді. Арнайы Ширак облысында жатқан Артық қаласы мен Арич (Қыпшақ) ауылына тарттық.
Артық қаласы әдемі жерге қоныстанған. Биіктеу дөңестің үстінде екі-үш қабатты қызғылтым үйлер көрген көзге өзгеше әсер береді. Арменияның құрылысқа қажет әйгілі туф тастары осында өндіріледі екен.
Одан әрі жол жүрсеңіз, өткен ғасырдың ортасына дейін Қыпшақ ауылы атанып келген Арич елді мекеніне тірелесіз. Ол да таулы қыраттың алдына орналасқан. Онда тарихы ХІІ-ХІІІ ғасырларға жетелейтін, кезінде Қыпшақ-монастырь аталған ғимарат бар. Бір қызығы, бұл монастырьдің төбесі әдеттегі шіркеу тектес шошаймамен жабылмаған, күмбезбен салынған. Оны 1890 жылғы түсірілген суреттен көруге болады. Кейін өзгертіп жіберген.
Арич ел арасында «Хпчахаванк» деп те аталады. «Хпчак» қыпшақ та, «ванк» армян тілінде монастырь немесе шіркеу дегенді білдіреді. Сондықтан оның жалпыға мәлім Қыпшақ-монастырь аты да бар. 1986 жылы болған жер сілкінісінде осы монастырь кешенінің шағын бір бөлігі (часовня) негізгі ғимараттан ажырап кетіпті.
Қайтар жолда Қазақ өзеніне аялдадық. Оның бастау алар тұсында Қазақ шатқалы тұр. Қыпшақ, қазаққа қатысты жер атауларын 8-10 ғасыр бойы сақтаған армян бауырларға іштей сүйсінесің. Жалпы, Қыпшақтар мекен еткен өлке қара топырақты жазық жазира болып келеді. Армения елі 95 па­йыз таулы-қыратты болса, дәл осы аймақ өзіміздің Қостанай өңірін еске түсіреді.
Тарихқа әрі таманырақ үңілсек, Кавказдағы қыпшақтар гүржі елі мен армян жұртын селжұқтардың шапқыншы­лығынан аман алып қалған.
Артық хан (батыр) Гүржі­станнан еліне оралған шақта қалыңдық түсіріп, бала сүюге мүмкіндік алады. Солай дүниеге Құншақ келеді. Артық татулықты туыстыққа айналдыру үшін бір қызын армян елінің көсеміне, бір қызын гүржі елінің бекзадасына ұзатады.
Қоншақ, Құншақ, Коншак (1130-1204) – қыпшақ ханы. 12 ғасырдың екінші жартысында Шығыс қыпшақ тайпаларын біріктіріп, әлеуетті әскери мемлекет құрды. Бұл кезде қыпшақтың Шарукан (Сарыхан) әулетінің хандары Солтүстік Донецк және Дон, Кубань өзендерінің бойындағы, Азов теңізінің жағалауындағы тайпалардың басын қосты. Осы әулеттен шыққан Артық ханның баласы Қоншақ 1174, 1178, 1183 жылдары Переяславль жеріне шабуыл жасады. 1183-84 жылдардағы жорықта Хорол өзені бойындағы шайқаста Қоншақ әскері сәтсіздікке ұшырады. Қоншақ 1185 жылы орыс жасақтарын Каялы өзені бойында жеңіп, Новгород-Северск және Чернигов князі Игорь Святославичпен бірге басқа да князьдерді тұтқынға алады. Бұл оқиға «Игорь жасағы туралы жыр» эпосына арқау болған.
Қыпшақтардың күшеюі «орман адамдарына» ұнамады. Олар аңғал да намысшыл дала хандарын бір-біріне айдап салып, өздерінің мүдделеріне бағындыруды көздеді. Кейін уақыт өте келе, орыс князьдігі күшейіп, Құншақ хандығы әлсірей берді. 1187 жылы үш рет, ал 1190-1193 жылдары арасында үздіксіз шапқыншылыққа ұшыраған қыпшақтар ежелгі қуат-күшінен айы­рылып қалды. Бірте-бірте бұрынғы атағы өшіп, орыс ықпалына көшті. Сонымен қатар, Құншақтың ұлы Юрий шоқынып, христиан дінін қабылдады. Осылайша, Құншақтың ұрпақтары шоқынып, орыстанып кетті (ол кезде ислам діні бұл өңірлерге әлі келе қоймаған еді). 1124 жылы құба қыпшақтың ханы Бастаймен бірге орыс князьдарына қосылып, Қалқының түбінде моңғолдармен соғыста қыпшақ әскерін басқарып жүріп, майданда ерлікпен қаза тапты.

Көне жазба мұражайы –
Матенадаран
Ереванға келгендегі көңілім құлап, іздеген дүние көне жазба мұражайы Матенадаран еді. Бұл тастан салынған ғимаратта ежелгі қолжазбалардың түпнұсқалары мен армяндардың тарихы жинақталған. Күрделі көпғасырлық тарих жылнамаларында қолжазбалардың көбі жойылып, ұрланып немесе қасақана өртенген. Бүгінде ғылыми-зерттеу институтының қабырғасында өте бірегей 18000 ежелгі қолжазба мен 30000 құжат сақталған. Соның ішінде армян қарпімен қыпшақ (қазақ) тілінде жазылған 32 кітап түрінде құжаттар жиыны бар. Одан өзге де құнды жазба жәдігерлері жетеді.
Барлық қолжазбалардың тілі сол кездегі «кәдімгі қыпшақ тілінің» аясында жазылған, әсіресе, «Кодекс Куманикус» тіліне қатты ұқсайды. Поляк ғалымдары осы тіл (қыпшақ тілі) және осы жазу (армян жазуы) бойынша арнайы мамандар дайындап алып, бірнеше басылымдар жариялады.
Мұражайға кіреберісте армян халқының әліпбиін жасаған қасиетті Месроп Маштоц­тың ескерткіші тұр. Матенадаран музейі Месроп Маштоцтың есімімен аталуы әбден орынды.
Бір өкініштісі, армян-қыпшақ жазуларын өз дәрежесінде меңгерген Қазақстанда адам жоқ. Жоқ емес-ау, бар. Шымкент қаласында тұратын Сейсенбай Құдасов. Бірақ ол кісінің ғылыми дәрежесі жоқ, тіпті ғылым кандидаты да емес. Армян тарапы ғылым докторларының келгенін қалайды. Еуразия университеті бір кездері магистранттары мен аспиранттарын жіберіпті, оларды місе тұтып отырған жоқ. «Біздің докторлар аспиранттармен жұмыс жасауға құлықты емес» дейді «ақпержан» (бауыр деген сөз). Онысы да жөн, «тең теңімен» деген ғой… Әрі не нәрсені болса да бірлесіп жасағылары келеді. Өйткені пантүрк сипаттың белең алуынан қатты та­йынады.

Армения анасы
Ереван шаһары – көне қалалардың бірі. Және ғимараттардың барлығы тас­тан салынған. Армения анасы ескерткіші – Ереван қаласындағы бірден-бір ең биік нысан. Қылышын қолына көлденең ұстаған ызбарлы кейіптегі ана алысқа айбат шегетіндей. Қалқаны аяғының алдында тұр. Оның биіктігі – 54 метр, соның ішінде ескерткіштің өзі 22 метрді құрайды. Ол қаланың орталығына төбесінен қарайтын жеңіс паркіне орналастырылған.
Осы ескерткішті көргенде «Астанаға да «Қазақ анасы» деген ескерткіш керек-ау» деген ой көкейге еріксіз оралады. Бұрынғы ескі алаңға орналасқан «Отан Ана» ескерткіші тым кішкентай. Бар болғаны 4-5 метрдің ар жақ-бер жағында шығар. Бірақ оның қолына алтын кесе ұстаған, аналық мейірімі төгіліп тұрған шуа­ғы қажет. Жалпы, анаға арналған ес­керткіште қылыш пен қалқанның болуы онша үйлесімді емес тәрізді. Ол ескерткіштің бойынан мейірім мен жылылық есіп тұруы керек. Рухани жаңғыру аясында «Қазақ анасы» деген ескерткіштің бой көтеруі ұлттық рухты түгендеуге қосылған үлкен олжа болып саналар еді.

Балбұлақ пен туризм
Ереван көшелерінде адамдардың жаяу сейілдеуіне мүмкіндік көптеп қарастырылған. Соның бірі – әр көшенің қиылысынан кездесетін су ішетін орын. Су – тегін. Әрі тау суы өте таза, кішкентай шүмектен бүлкілдеп қана ағып тұрады. Шөлдеген кісі еңкейіп ішіп, әрмен қарай жүре береді. Оны «пулпулак» деп атайды екен. Біздің тілге салсақ, «балбұлақ» дегенге әбден келеді. Осындай балбұлақтар Астана мен Алматыда орын алса, әбден жарасымды болатындай.
Сондай-ақ, бір аңғарылған жайт, туризм мәдениеті жақсы дамыған. Ал туризм индустриясы мен коммуникациясы Қазақстаннан асып бара жатқан жоқ. Біздің отандық туристік компаниялар шетелдегі компаниялардың Қазақстандағы өкілдігі сияқты. Араб Әмірлігі, Түркия, өзге де озық елдердегі демалыс орындарын насихаттап, ел ішіндегі қасиетті әрі мәдени орындарға саяхат жасау жөнінде ешкімге ұсыныс айт­пайды. Тіпті туристік бағыттарды жасау жөнінде де бас қатырған емес шығар. Ал Ереванның Республика алаңында тұрған армян туристік мекемелері тек өздерінің ерекше табиғаты мен қасиетті орындарын бірінші айтады. 5-6 адамның басы қосылса, машинаға отырғызып алады да жөнеледі. Дәл солай Астанаға келген меймандарды Бурабайға апарып келуге әбден мүмкіндік бар. Бізде туризм мәдениеті дамымай жатқандай.
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,
журналист,
Астана-Ереван-Артық-Ереван-Астана, арнайы «Астана ақшамы» үшін

Сонымен қатар

ЗИМБАБВЕДЕГІ ЗОБАЛАҢ

Африканың бір бүйіріндегі Зимбабве елінде қарашаның 15-інен бері дүрбелең жүріп жатыр. Сол күні таңертең әскери …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған