«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Катюша» командирі

0 162

– Сержант Жакупов «Катюша» дайын ба? Басшы­лықтан бұйрық түсті. Же­­дел жорыққа шығамыз, тау­дың арғы бетінен дұшпандар керуені өтеді. Солардың көзін жою керек! – деген командир дауысы саңқ етті.
– Дайынбыз, жолдас командир! Бірақ «Катюша» командирі жоқ, ол госпитальда, – деп Рүс­тем де іле жауап қатты.
– Олай болса өзің атасың, сен сержантсың, демек, сен де командирсің…

Осыған дейін тек автомат, пулеметпен атуды әбден меңгеріп алған қазақ жауынгері «Катюша» БМ-13 реактивті снаряд ататын ауыр артиллерия машинасын басқармаған еді. Ол тек зенитті ракетаның көздеу­шісі, снарядпен жабдықтаушы міндетін атқарған болатын. Енді, міне, бұйрық беріліп отыр. Рүс­тем болса «Әскерде бұйрық талқыланбайды, тек бұлжытпай орындалады» деген қағиданы жақсы біледі. Ал соғыс жағдайында тәртіптің тіпті қатал екені сөзсіз. Сөйтіп, сержант Жакуповтың басшылығымен жасалған есептік көрсеткіш­тер дәл жасалып, атылған сна­рядтар көздеген жердің астан-­кестенін шығарып жатты. Нәтижесінде моджахедтердің бірді-екілі көлікке, отыз шақты түйеге тиелген қару-жарақтарының күлі көкке ұшып, жанұшырған дұшпандардың көпшілігі жер жастанды. Осы операциядан кейін батарея басшылығы қазақ сер­жантын «Катюша» командирі етіп таға­йындады. Ал сын сағатта абырой биігінен көрінген Рүстем Жакуповтың ерлігі «За боевые заслуги» медалімен бағаланды. Сонымен қатар оның майдандас достарына полк басшылығы алғыс жария­лап, бірнеше жауынгер мемлекеттік наградаға ұсынылды.
…1987 жыл. Ауғанстан. Шин­дант провинциясы. Қыр астынан Иран шекарасы көрінеді. Рүстем Жакупов қызмет атқарған 71205 полктың артиллерия батарея­сы осы жерде тоғыз ай бойы тұ­рақ­тап тұрды. Дұшпандардың қаскөй шабуылдарынан маңайдағы қыстақтарда мекендейтін бейбіт халықты, тіршілікті қам­тамасыз етіп отырған жолдарды, әлеуметтік нысандарды қорғады. Осы ретте қаншама қиян-кескі ұрыстарға қатысып, қарулас жауынгерлердің қаза құшқандарын көріп, қасірет кешкен күндері де аз болмады.

…Бала Рүстем есеп-қисапқа үйір болып өсті. Содан да болар, орта мектептің аттестатын қолына алысымен, көп ойланбай С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогика институтына құжаттарын тапсырды. Физика-математика факультетін қалады. Талапты жастың үміті бірден жанды. Емтихандардан сүрінбей өтіп, бірінші курсқа қабылданып шыға келді. Осылайша қызығы мол студенттік өмірі басталды.
Бірінші курсты жақсы бітіріп, екінші оқу жылына қадам бас­таған шақта Рүстемге әскери комиссариаттан шақыру келді. Білімге өте құштар, ән мен биге әуес жас жігіт көп ойлан­бады, әскерге барамын деп бірден шешті. Содан 1986 жыл­дың көктемінде Отардағы зенит­тік-ракеталық полктың оқу бө­лім­шесінде әскери борышын өтеуді бастады. Алғыр азамат біліктілігін дәлелдеп, сержант атағын алды. Ал қазан айында Ауғанстанға аттанды.
Отан алдында берген антына адалдық танытып, аман-есен елге оралған Рүстем Жакупов өмірлік ұстанымынан, яғни ұстаз боламын деген мұратынан айныған жоқ. Студенттік өмірін қайта жалғастырды.
Педагогика институты жас жауынгер үшін құтты болды десе болады. Оқуды үздік бітіріп, физика-математика мұғалімі мамандығын меңгерді. Осында жүріп көптеген дос тапты. Ең бас­тысы – мөлдір махаббаты, өмірлік жары Светлана екеуі осы оқу ордасында табысты.
Өмірдегі қоғамдық-саяси өзгерістер жауынгер-интерна­цио­налист Рүстем Жакупов­тың өміріне де әсер етпей қой­­мады. Жас маманның мек­тептегі жұмысы ұзаққа бармады. Телеком­муни­ка­цияның жаңа техно­ло­гия­­ларын игере бастаған «Қа­­зақтелеком» мекемесінің Ас­та­на қаласындағы бөлімшесінен шақыру алды. Есеп пен техникаға жүйрік мамандарды іздес­тірген мекеме басшылығының таңдауы Рүстемге түскен екен. Осылайша, мұғалім боламын деген жас маман телекоммуникация саласынан бір-ақ шықты. Бір айтарлығы, ол осы мекемеде жиырма жылдай жұмыс істеп келеді. Бүгінде техникалық қызмет көрсету бөлімінің бас­шысы. Жұмысын қатардағы оператордан бастаған Р.Жаку­пов бүгінде жас мамандарға тәлімгер болып жүр.
Құдай қосқан жары Светлана Қабыкенқызы ірі лауазымды қызмет атқара жүріп, қашан көрсең де соғыстың алапатын бастан кешкен жұбайының басты сүйенішіне ай­налды. «Екі жақсы қосылса, ай мен күндей жарасар» демекші, замандасымыз Рүстем мен Светлананың отбасында алтын асықтай ұлдар ер жетті. Тұла бойы тұңғыштары Мейірхан еліміздің мәртебелі әскери құрылымы – Республикалық ұланда қызмет атқарды. Бүгінде сүйген жары Ләззат екеуі өз алдарына отау тіккен. Арғын есімді немерелері ата-әжелеп шапқылап жүр. Ал кенжелері Темірлан – мектеп оқушысы.
– Мен үшін Ауғанстан соғысында болған кезім үлкен өмір сабағы болды. Шынайы дос­тықтың, бірліктің қасиетін ұғындым. Соғыс деген қасіреттің ауыртпалығын түсіндім. Туған елге деген сағыныштың, бейбіт өмірдің қадірін түйсіндім. Ауғанда болған майдандастар мен үшін бауырымдай болып көрінеді. Енді біздің ұрпағымыз осындай алапат со­ғыс­ты көрмесе екен деп ті­леймін, – дейді бізбен әңгімесінде ақжарқын жүзді, ақкөңіл мінезді Рүстем Сүлейменұлы ағынан жарылып.
…Отан қорғаушылар ескерткішіне алқызыл гүл шоқтарын қойып тұрған жауынгер-интернационалистер қатарында Рүс­тем Жакупов көрінеді. Ерлікке тағзым ету – ер жігітке тән қасиет.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды