-->

КАТАЛОНИЯ НЕГЕ КӨТЕРІЛІП ЖАТЫР?

Жексенбі, 1 қазан күні Испанияның Каталония автономиялы облысында аймақтың тәуелсіздігі жөнінде референдум болып өтті. Оған 5,3 млн сайлау­шының 3 миллионға жуығы қатыс­ты. Олардың 93 пайы­зы өңірдің егемендік алуын қолдайтынын білдірді.

Жалпы, бұл каталон жеріндегі осы мазмұндағы бірін­ші референдум емес. Мұндай алғашқы плебицит 2014 жылғы 9 қарашада өткен. Онда сайлаушылардың 80,76 пайызы автономияның дербес мемлекет болуын жақтап шыққан. Бірақ Испания үкіметінің аймаққа бірқатар артықшылықтар мен құқықтар ұсынуы арқасында ел кейін өзінің тұтастығын сақтап қалған еді.
Жасыратыны жоқ, бұл жолғы сайлау үлкен текетірес пен қарсылық қақтығыстары үстінде өтті. Ресми Мадрид бір айға жуық уақыт барлық күш-жігерін плебициттің өтуіне кедергі келтіруге төгіп бақты. Каталония парламенті референдум өткізу жөніндегі шешімін 6 қыркүйекте қабылдаған еді. Дауыс беру күні Испанияның Мариано Рахой үкіметіне тікелей бағынатын азаматтық гвардиясы сайлаушыларды сайлау учаскелерінен күшпен қуып шығарып, жәшіктер мен бюллетеньдерді тәркілеп алуға тырысты. Содан бір күн бұрын гвардияшылар облыстың қалалары мен ауылдарындағы 1300 учаскені жауып тастап, сайлау қорытындысын шығаруға мүмкіндік бермеу үшін каталондардың ақпарат орталығын басып алды. Каталония үкіметінің өкілі Жорди Турулдың айтуынша, елдің қарулы күштері осылайша 319 сайлау учаскесінің жұмысын тоқтатқан.
Гвардияшылар науқанның басынан жергілікті тұрғындарға қарсы барынша қатқыл әрекеттер жасаған. Аймақтың денсаулық сақтау департаменті 761 адамның Испания қарулы күштері сарбаздарынан зардап шеккенін хабарлады. Осы күндері жауынгерлердің резина оқтармен атулары, дөңбекпен ұрып-соғулары салдарынан беттері бұзылған, саусақтары сынған жүздеген адам емдеу орындарының көмегіне жүгінген. Билік осылай каталондарды сайлаудан бас тартуға мәжбүр етпекші болған.
Айта кетуіміз керек, премьер-
министр Мариано Рахой бас­таған Испания корольдігі үкі­меті Каталония референдумының қорытындысын алдын ала «заңсыз» деп жариялап қойған еді. Үкімет учаскелерде жүріп жатқан жұмыстардың бәрін бір сөзбен «сценарий» деп бағалады. «Бүгін Каталонияда өзін-өзі анықтау жөнінде референдум өткен жоқ, – деді ол жексенбі күні. – Құқықтық мемлекет өзінің қалпын сақтады». Дауыс беру нәтижесін, деді испан премьері, корольдік үкімет ешқандай тәнге алмайды.
Ресми Мадрид, әрине, Каталонияны оңайлықпен өз уысынан шығарғысы жоқ. Ол бұған уәж ретінде аймақтың тарихи қалыптасу кезеңін алып, оның орта ғасырлардан бастап Арагон корольдігіне қарағанын, сондықтан Испанияның бір бөлшегі болып табылатынын алға тартады. Каталондар бұған қарсы өз уәждерін айтады. Олар өңірдің тарихи өзіндік кейпі бар екенін білдіреді. Соның бастысы – каталондар ешқашан испан болған емес, бұл нәсілдің тілі роман тілдері тобына жатқанымен, испан тілінен айырмашылығы өте көп, ол бұған қарағанда француз тіліне, одан да гөрі итальян тіліне анағұрлым жақын. Рас, қазір автономиялы аймақта тұратын 7,5 млн адамның нақты қаншасының каталон (олар өздерін «каталан» деп атайды) екенін ешкім айтып бере алмайды. Себебі Испания паспортында адамның ұлты емес, азаматтығы жазылады. Сонда да болса, арнайы жүргізілген сауалдамалар мұндағы жұрттың 38 пайызының бір-бірімен каталон тілінде қарым-қатынас жасайтындарын, ал 78 пайызының бұл тілді жақсы білетіндерін анықтаған. Каталондар ешқашан өздерінің мәдениетін де ұмытқан емес. Олардан шыққан талантты перзенттер арасында Сальвадор Дали мен Антонио Гауди секілді әлемдік деңгейдегі ірі тұлғалар бар.
Әлбетте, Каталонияның бөлі­ніп шығуы турасында сөз қоз­ғал­ғанда, оның экономикалық ахуалы да назарға алынбай қал­майды. Бұл жағынан келгенде, автономиялы облыстың айды­ны жоғары, айбыны басым. Ис­пания халқының 16 пайызын ғана құрайтын аймақ қазіргі таңда елдің ұлттық жалпы өнім­нің ширек бөлігін береді. Мұны 2016 жылдың төртінші тоқсанындағы макроэкономикалық көрсеткіш тағы көрсетіп берді. Оның үстіне, бұл өңірде жер­асты қазба байлықтары да көп.
Испания қазір тек Рахойдың саяси мансабы тұсында ғана емес, бір ғасырға жуық уақыттан бері болмаған түпсіз тұ­йыққа тіреліп тұр. Ол Каталония жұртының қалауы қабылданбаған күнде де, елдің ішінде ұзаққа созылатын аса терең дағдарыстың орын алатынын көрсетеді. Испания мұндай жағдайды 1936 жылғы азамат соғысы кезінен бері бастан кешкен жоқ. Бұған ресми Мадридтің берер нақты жауабы болмай, қатты дағдарып отыр.
Енді әлемді осылай дүрбелеңге салып отырған Каталония тарихы жөнінде аз-кем айта кетейік. Жергілікті жұрттың ға­сырлармен жарысып осы күнге дейін жеткен аңызына сүйен­сек, аймақтың орталығы – Барселонаның негізін Геракл қалаған. Ал тарихи деректер шын мәнінде оны біздің дәуірімізге дейінгі 237 жылы атақты Ганнибалдың әкесі, Карфаген қала-мемлекетінің қолбасшысы Гамилькар салғанын жеткізеді. Қала атауы оның жойқын жорықтары үшін алған «найзағай» деген ұғымды білдіретін Барка деген лақап атынан қойылып, ол Барсина деп аталыпты. Пиреней түбегінде б. д.д. 208-201 жылдары өткен Екінші Пуни соғысының қорытындысы бо­йын­ша түбек Римнің бір провинциясы болып қалып, оның Таррагона және Барселона деген қалалары гүлдене түседі. Мұнда тұрған иберлер биліктің ауысуын бірден оң қабылдап, басқыншы карфагендерден гөрі тәртіп
сүйетін римдіктерді қолай кө­реді де, тездете роман тектес нәсілге айнала бастайды. Ал V ғасырда орын алған халық­тардың екінші көшкіні мен Батыс Рим империясының күйреуінен кейін бұл құнарлы өлкеге жауынгер вестготтар мен қазіргі заманғы осетиндер бабалары – аландар басып кіреді. Вестготтар корольдіктерін «Готалания» деп атаған екен, сол кейін Каталонияға айналып кетеді.
Содан кейін де бұл облыс талай мәрте қолдан қолға көшті. 711 жылы Гибралтар бұғазы арқылы өткен арабтар бүкіл Пиреней түбегін, соның ішінде Каталонияны басып алады. Қазіргі заманғы Испанияның орталық және оңтүстік бөлігі 700 жыл бойы Кордова және Гранада халифтері мен әмірлерінің қол астында болады. Солтүстік-шығыс қапталын 100 жылдан кейін франктар жаулап алып, ол француздардың ықпалына түседі. Аймақ бұдан кейін де бірқатар дүрбелеңнен өтеді.
Осылай дәуірлер айналып келгенде, каталон халқы тағы да өз тәуелсіздіктеріне жету үшін қайта көтеріліп жатыр. Оның қаншалықты мүмкін екенін уақыт көрсетеді. Ал бүгін Барселона көшелерінде испан гвардияшыларының референдум кезінде жасаған әрекеттеріне қарсы наразылық шерулері болғалы жатыр.

Серік ПІРНАЗАР

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*