«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кәсіподақ кемесі құрдымға кетпесін…

0 561

Жалпы, кәсіподақ қозғалысы бүгінде көбімізге етене таныс сала дей алмаймыз. Кеңестер кезіндегі тәжірибесіне сүйенсек, ол кезде жалпыға бірдей «профсоюзға» мүше болу міндетті болатын. Жалпының жұмылған жарнасы қойсын ба, әлеуметтік жағынан қорғайтын әлеуеті де айтарлықтай еді. Осы күні орта жасқа жеткендердің кәсіподақ бойынша одақтық шипажайларда демалып келмегені аз шығар. Алайда кәсіподақ жұмысы тек әлеуметтік қырымен шектеліп қалмайтынын кейін білдік.

Халықаралық тәжірибе бо­йынша кәсіп­одақтан беделді, одан азулы ұйым жоқ екен. Қатарына қосылған кез келген адамның мүддесін қызғыштай қорғап, жұмысшы дәрежесіне шаң жуытпай, жұмыс берушінің мысын басатын да осы кәсіподақ. Оның құдіретін біздер елестете де алмаспыз, әлі біздің санамызға жетіп үлгерген жоқ.
Біздің де еліміздегі кә­сіподақ қозғалысына жа­ңаша дем беру мақса­тымен Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Кәсіподақтар федерациясының төрағалығына белгілі қайраткер Бақытжан Әбдірайымның тағайындалғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Қызметіне кіріскен жаңа төраға «ә» дегеннен осы саланың олқылықтарын саралап, жұмысты жа­ңа­ша жүргіземіз деді. Кә­сіп­одақ қозғалысында елеулі өзгерістер болады деп сендірді. Алайда оң өзгерістер қарқын алмай, кәсіподақтың жел қайығы қайраңға шөге бастағандай ма деп ойлайсың. Олай дейтініміз, әлеуметтік желілерде осы жөнінде бірталай пікірталас айтылды. Бірін-бірі жоққа шығарған кәсіподақ жетекшілерінің дауы көбіне жаңа және бұрынғы басшылардың текетірес, келіспеушілігіне келіп саятын сияқты. Арадағы дүрдараздықтан кейін денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Республикалық Кәсіподақтар Федерациясынан еншісін алып, бөлініп шықты. Медицина қызметкерлері кәсіп­одағының түтінін бөлек түтетпек болғандардың бірі – елорда филиалы. Жаңаша атауымен айт­қанда, «Қазақстан денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі. Олар федерациядан кетсе де, Республикалық Кәсіподақ Федерациясында орны үңірейіп қалған жоқ. Еліміздегі барша денсаулық сақтау жүйе­сі қызметкерлерінің жа­ңа кәсіподағы «Senim» құрылып, оған Сапарбек Дүйсенов басшылыққа тағайындалды. Алдағы уақытта Сапарбек Дүйсенов мырза келісіп жатса, олардың пікірін оқырмандарға жеткіземіз деген ойдамыз. Таяуда ғана газетімізде Астана кәсіп­одақ орталығының жетекшісі Тастанбек Есентаевтың сұхбаты жарық көргені оқырман жадында болар.
Алдымен, «Қазақстан денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Астана қаласындағы филиалының төрағасы Бақытжан Тәжібаймен жолығып, елорда кәсіподағының екіге бөлінген себебін білмек болдық.
– Біздер мемлекеттік емес ұйымға жатамыз. Қоғамдық ұйым ретінде 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастадық. Құрылған кезде 40-тан астам бастауыш кәсіподақ ұйымы болса, қазір оның саны 62-ге жетті. Одан бері Астана өсті, медициналық ұйымдар көптеп ашылды. Жеті жыл бойындағы өзіміздің әрекетіміз бен қызметімізге байланысты жалпы кәсіподақ мүшелері сол кездегі 10 мыңнан қазіргі күні 19 мыңға жетті. Қала бойынша, бүгінгі күнде медицина саласында 25 мыңдай адам жұмыс істеп жүргенін ескерсек, бұл – үлкен көрсеткіш.
Біздің бүкіл қызметіміз негізгі үш бағытты қамтиды. Ол – кәсіподақ мүшесінің жұмыс орнының сақталуы. Қазіргі экономикалық жағдайларға байланысты қысқартулар болып жатса да, жұмыс беруші міндетті түрде қызметкерді жұмыстан шығармас бұрын кәсіп­одақпен келісуі керек. Жұмыс орнының қауіпсіздігін қамтамасыз етілуін де біздер қадағалаймыз. Жалпы, зиянды әрі қатерлі кәсіптің иесі – осы дәрігерлер. Олар түрлі жұқпалы инфекция­лы науқастармен жұмыс істейді. Күнделікті сәулелі-диагностикалық құ­рыл­ғыларды басқарудың да, қатерлі медикаменттермен жұмыс істеудің де ауыр салдары бар. Сол себепті жеке басының қорғану құралдарымен қамтамасыз етіліп, денсаулығына қатысты тексерулер жұмыс берушінің есебінен болуы тиіс. Ол да біздің назарымызда. Еңбектің лайықты бағалануы – біздің жұмыстың үшінші маңызды бағыты. Оның айналасында кеңестік заманнан келе жатқандай, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жасау. Бұл қалай дегенде, ұжымдық шартты алға тартамыз. Егер республикалық деңгейде алатын болсақ, құзырлы министрлікпен жасалған салалық келісім бар. Онда еңбек демалысына қатысты, сауықтыру төлемі қарастырылған. Осы келісімнің аясында жұмысшылардың 24 күнтізбелік еңбек демалысына 6 күн қосымша қосылды. Кәсіподақтың араласуымен ынталандыру жүйесін де бір қалыпқа түсіріп, қызметкерлердің пайдасына қарай шештік.
Алғашқы құрылған жыл­­дары көп жайттарды сот арқылы шешетінбіз. 2016 жылы енгізілген Еңбек кодексінің жаңа нұсқасында кәсіподақ пен жұмыс берушінің арасындағы әрекетін біріздендіріп жолға қойды деуге болады. Жаңа талапқа сай, 700 адамды оқытып, оның ішінде кәсіби медиаторларды дайындадық» дейді кәсіподақ жетекшісі. Бұл, әрине, біршама жұмыстың дәлелі. Онда неге жаңа басшылыққа ұнамайды? Әлде олардың бастамаларын қолайлы көрмедіңіздер ме деген сұрақты қоймасқа болмады.
– Әлемдік деңгейде кә­сіподақ қозғалысының дамуын алсақ, қазіргі Кә­сіподақтар федерациясы­ның құрылымды ұйым­дас­тыруы көп жағынан қай­­шы келеді. Әлемде салалық принцип бойынша жұ­мысты жүргізуге басымдық берілген. Қазіргі федерация аумақтық-­өнеркәсіптік мүддемен құрылып жатыр. Мұндай шешім, меніңше, кәсіподақ қызметін әлсіретуі мүмкін.
Федерацияның да, кәсіп­одақ жетекшілерінің жоғарыдан тағайындалғанын емес, салалық кәсіподақ­тардың арасынан дауыс беру арқылы сайлануын құптар едім. Және басшы­лыққа кәсіподақ қызме­тінің білікті мамандарының келгені жұмысты алға жылжытар еді. Бүгінде республика көлемінде алғанда кәсіподақ саласында білім алғандар өте аз. Менің өзім Мәскеудегі Еңбек академиясында оқыдым, Санкт-Петербургте кәсіподақтың гуманитарлық институтының үш жылдық магистратурасын үздік бітірдім. Салалық болғаннан кейін бізде барлық аймақтарда бастауыш ұйым, филиалдарымыз бар. Орталық комитет Астанада орналасқан, мен оның басшысының орынбасарымын. Демек, менің міндетім – екі жақтан салалық жағынан да орталық жағынан да жауап беру. Осы салаға қатысты мемлекет тұрғысында мәселені шешу керек болса, заңнамаларға өзгерістер енгізу керек болса, қызметкерлердің мүддесіне негізделген пікіріміздің ескерілуін қадағалаймыз.
Одан басқа, бүгінгі күнде белең алған кәсіподаққа мүшелікке тарту үшін әкімшілік ресурсын қолдану әдісі бізге мүлдем жат. Ұйымның әр мүшесі жеке таңдауымен, саналы түрде қатарымызға қосылуы тиіс. Біреуді күштеу, мәжбүрлеу кәсіподақ заңына қарсы. Осыған дейін құқықтық жолдармен әрекет жасауға тырысып келсек, мұндай жүйе билікке кіріптарлыққа жетелейді.
Дегенмен, федерациядағы медицина қызметкерлерінің жаңа кәсіп­одағы жұмысын бастап кетті ғой. Алғашқы аяқ алысы туралы Бақытжан Тәжібайдан тағы да анықтап білгіміз келді.
– Федерациядағы «Се­німдегілердің» сөзіне қарағанда, біздің, яғни, «Қазақстан денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Кәсіподақ Федерациясынан шығуына байланысты құрылды деп түсіндіруде. Логикасына қарап отырсақ, медицина қызметкерлерінің құқығы мен мүддесін қорғау үшін емес, қатарымызды тағы бір ұйыммен толтыру. Қанатын жайып, жақсы жұмыс істеп тұрған кәсіп­одаққа баламалы кәсіподақ құрып немесе әкімшілік қолдауына сүйенген осындай топ белсене бастағанда алғашқы кәсіподақтың жұмысына тосқауыл жасалады. Федерацияның жаңа басшылары бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тығыз жұмыс істеуіміз керек деп отыр. Ал шын мәнісінде Федерацияның негізін қалағанда, оны тек Үкімет және Парламентпен жұмыс істейтін, салалық кәсіподақтардың бастамаларын қолдайтын, салаларда қордаланып қалған мәселелерді шешуде жергілікті атқарушы органдардан тайсалмайтын, жұмысшы­лардың толыққанды қорғаушысы әрі өкілетті өкілі ретіндегі мақсатын айқындаған болатынбыз.
Біз мүмкіндігінше жергілікті атқарушы органдарды, билікті тең серіктес ретінде бірлесе әрекет етуге шақырамыз. Өз құ­қығымызды, өз мүдде­мізді қорғау үшін әрқашанда заңды жолдармен жұмыс істеуіміз керек. Қалай алсақ та, еліміз демократиялық жолды таңдап, дамып жатырмыз. Шын мәнінде, біздің бөлінуіміз тұлғалардың бітісе алмау­шылығынан емес, ұйымның басты принциптеріне қайшылықтан туындағандай, – деп Бақытжан Тәжібай біраз жайттың басын ашып бергендей болды. Бұл, әрине, бір жақтың пікірі. Қарсы пікір айтатындар болса, қуана кездесеміз. Өйткені қоғамның, кәсіподақ қозғалысының дамуына біздер де мүдделіміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды