-->

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ КЕДЕРГІ КЕМИДІ

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуді жетілдіру туралы заң жобасы таныстырылды.

Шараға «Атаме­кен» ҰКП бас­қарма төр­а­­­ғасының орын­басары Рустам Жүрсінов, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары Асланбек Жақыпов және кәсіпкерлік субъектілері мен салалық қауымдастық өкілдері қатысты.
Заң жобасын «Атамекен» ұлттық палатасы 26 маманның атсалысуымен жазып шықты. Атап айтқанда, заң жобасы ақпараттық құралдар реформасын жетілдіру, мемлекеттік бақылау және қадағалауды реформалау, рұқсат беру заңнамасына өзгерту енгізу, бизнестің жаппай шығындарын азайту, оның ішінде бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтауға бағытталған.
– Аталған заң жобасы бизнес үшін жаппай шығындарды азайту және заңнамада бәсекелестікті қиындататын нормативтерді жоюды, 2020 жылға дейін кәсіпкерлік қыз­метті мемлекеттік реттеуді жетілдіру тұжырымдамасын жүзеге асыру және бизнес­ті реттеу бойынша шаралар қолдануды көздеп отыр. Сондай-ақ, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау және өңірлер рейтингін жүргізу және Қазақстанның Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде позицияларын жақсартуға бағытталған өзгертулер енгізуді қарастырады, – деді Рустам Жүрсінов.
Ал өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары Асланбек Жақыпов:
– Біз жүргізген сараптамаға сәйкес, соңғы сегіз жылда кәсіпкерлерді тексеру 5 есеге азайды. Егер 2010-2011 жылдары бұл көр­сеткіш 500 мың болса, қа­зіргі таңда 100 мыңға дейін азайып отыр. Бірақ әлі күнге дейін кәсіпкерлер қы­сымды сезініп отырғандарын айтады. Мемлекеттік бақылаудың механизмін бүге-
шігесіне дейін зерттеп, бүгінгі жүйе тек бизнестегі тәртіп бұзушылықты анықтап, жазалауға ғана жарамды екендігін түсіндік. Ал негізінде мемлекет пен кәсіпкерлікпен айналысатын субъектілер арасында заңсыз әрекетті болдырмау қағидасы орнатылуы керек, болмаса кәсіпкерлерге ескерту жасалғаны абзал, – деді.
Бақылау институты құ­рыл­ған жағдайда, мемлекеттік мекеме кәсіпкерден ережелердің орындалуын ескерту ретінде талап етуге құқылы. Ал ол уақытында орындалмаған жағдайда, заңға тартады.
Асланбек Жақыповтың айтуынша, бизнес өкілдеріне жүктелетін ауыр міндеттердің бірі – мемлекеттік мекемелер сұрататын ақпараттың көптігі. Қазіргі таңда заңнамаға сәйкес кәсіпкерлердің мойнында 1624 ақпараттық жауапкершілік бар, болашақта ведомство бұл көрсеткішті азайтуға барын салмақ.
Ол кәсіпкерлер тапсыратын есептің қайталанып берілетініне де тоқталды.
– Сараптама барысында статистикалық есеп пен мем­­лекеттік органдарға бері­летін есептің арасында айыр­­машылық жоқ екендігін байқадық. Мәселен, кейбір есеп­терді egov.kz электронды базасы арқылы алуға болса, қосымша ақпаратты сұратудың қажеті жоқ. Сол үшін заң жобасы «бір терезе» қағидатын енгізуді ұсынып отыр, – деді А.Жақыпов.
– Қазіргі таңда 77 заң мен 747 заңға қосымша актіде бәсекелестікті қиындататын нормаларға тексеру жүргіздік. Нәтижесінде 2165 ереже бәсекеге кедергі келтіретіні анықталды. Сондықтан кәсіпкерліктің бейөндірістік шығындарын азайту, ресурстарды үнемдеу, еңбек өнімділігін арттыру, бизнес ахуалды жақсарту және жаппай кә­сіпкерлікті дамыту сияқ­ты жұмыстар атқарылмақ, – деп сөзін қорытындылады Ұлттық экономика министрлігінің өкілі.
Еске сала кетейік, үстіміздегі жылдың 3 ақпанында Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуді жетілдіру жүйесін құрып, енгізуді тапсырған болатын.

Гүлдана Талғатқызы

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*