«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кәсіпкерге қанат бітірсе…

0 62

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға жария түрде қол қойды.

Ақордадағы салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Елбасы тәуелсіздік жылдарында елімізде нарықтық экономиканың берік инс­титуционалдық негіздері қалыптасқанына тоқталды. «Жеке бастама мен еркін кәсіпкерлік еліміздің экономикалық дамуының және әл-ауқатымыздың артуының басты факторына айналды. Біздің реформаларымыздың табыстылығы мен тиімділігінің жарқын мысалы ретінде Астананы айтуға болады. Оның 20 жылдық мерейтойын бүкіл Қазақстан атап өтуде» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент аталған заңның маңыздылығын ерекше атап өтіп, енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты – бизнесті реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіре түсу екендігін мәлімдеді. Елбасының айтуынша, осы заңда мемлекеттік бақылау функцияларын шамамен 30 пайызға қысқарту көзделіп отыр. Құқық бұзушылықтың алдын алатын профилактикалық бақылау институтына баса мән берілген. Табиғи монополиялар мен квазимемлекеттік сектор тарапынан көрсетілетін қызметтер реттеледі. Сонымен қатар, Президент бизнес шығындарын жаппай төмендету үшін заңда қарастырылған шаралар жөнінде және бәсекеге кедергі келтіретін нормалардың алынып тасталғанын айтты.
«Осы заң арқылы 14 кодекс пен 109 заңға шамамен 1 мыңға жуық өзгеріс енгізіліп отыр. Осы өзгеріс­тердің бәрінің діттеген мақсаты бизнесті дамыту үшін мейлінше қолайлы жағдай қалыптастыру жөніндегі мемлекеттің басты стратегиялық бағытына толық сай келеді. Қазіргі уақытта іскерлік белсенділікті күшейту және жұртшы­лықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту үшін барлық мүмкіндікті пайдалану аса маңызды» деді
Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы сөз соңында қазір жүзеге асырылып жатқан «Бес әлеуметтік бастама» шағын және орта бизнес үшін зор мүмкіндіктер туғызып отырғанын атап өтіп, осы заңның қабылдануы халқымыздың игілігі жолында елдегі кәсіпкерлік қызметті жандандыруға тың серпін беретініне сенім білдірді.

Отандық өнімге басымдық беріледі

Осы заңның қабылдануы нәтижесінде мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі толығымен өзгереді. Бизнеске мемлекеттік органдар тарапынан болатын бақылау-қадағалау жүктемесі айтарлықтай кемиді. Мәселен, 114 саланың 20-сы бақылау-қадағалаудан алынып тасталды, бақылаушылық функциялар шамамен 30%-ға қысқартылды. Ерекше тәртіппен жүргізілетін тексерістердің мерзімі 30 күннен 15 жұмыс күніне, жоспардан тыс тексерістердің мерзімі 30-дан 10 жұмыс күніне дейін қысқарды. Сондай-ақ, ақпараттандыру бағытындағы жұмыстар реттеліп, бір жүйеге келтірілді. Жалпы өзгерістер жөнінде біз заңды дайындауға күш-жігерін аямай жұмсаған ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновқа түсіндіріп беруін өтінген едік.

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Мәжіліс депутаты:

– Бұл заңға қатысты айтарым, мемлекеттік көптеген бақылау функциялары алынып тасталады. Кәсіпкерлік субъектілерді тексеруге байланысты да өзгерістер енгізілді. Мысалы, кәсіпкер салықты дұрыс төлемесе, алдын ала тиісті ескерту жасалады. Бұрын бірден тексеріс жүргізіліп, жауап­кершілікке тартылатын. Яғни, біріншіден, ол әрі кемшілігін түзеуге тырысады. Екіншіден, айыппұл салынбайды. Үшіншісі, кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруға кедергі болмайды. Өз кезегінде бұл бизнес пен мемлекет арасындағы жақсы қарым-қатынасты қалыптастырады. Осы бағытта профилактикалық бақылау деген ұғым енгізілді. Әрине, бұл кез келген кәсіпкерге қолайлы. Өйткені олар барлық заңдарды оқып, жаңадан шыққан қау­лыларды біле бермейді. Кейде ол заңдар өзгеріп жатады. Меніңше, бұл барша кәсіпкерлерге үлкен қолдау болары сөзсіз. Сонымен қатар, Кәсіпкерлік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұдан былай заңдарға өзгеріс енгізер кезде «ол кәсіпкерлерді қандай жағдайға апарады» деген мәселе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында алдын ала талданады. Содан соң заң шығарушы органға ұсынылады. Демек, заңның, нормативтік-құқықтық актілердің тұрақтылығы да осында қарастырылған. Жалпы алғанда, заңды жетілдіру арқылы еліміздегі азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашамыз. Өйткені кәсіп ашу үшін тіркелу, рұқсат алу деген қызмет түрлері жеңілдетілген тәртіппен жүргізілетін болады. Есеп беруге қатысты да өзгерістер Салық кодексінде қарастырылған. Мысалы, барлық кәсіпкерлер тиісінше жылдық қаржылық декларациясын тапсырып, салық төлейді. Басқа жағдайларда ешкім олардан артық құжаттарды талап етуге хақысы жоқ. Құжат тапсыруға келгенде екі түрлі мүмкіндік бар. Көптеген ауылдық елдімекендерде ғаламтор жоқ. Сондықтан олар қаржылық декларацияны қағаз түрінде тапсырады. Ал ғаламтор жүйесі бар қала, аудан сияқты жерлердегі кәсіпкерлер декларациясын электрондық тәсілмен тапсыра алады. Яғни, адамның уақыт үнемдеуіне тамаша мүмкіндік беріліп отыр. Кәсіпкер өз үйінде отырып-ақ барлық құжаттарын құзырлы органдарға жібере алады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды