Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

КӘСІП ТАҢДАУҒА АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Астанада балаларды еңбекке баулуға, ата-аналары тапқан ақшан­ың қадірін білуге, мамандықты таңдауға үйрететін «Мамандықтар қаласы» аталатын қанатқақты жоба бастау алмақ. Украина елінен жетіп отырған бұл тәжірибені Астана әкім­дігі қолдап, қолданысқа енгізгелі тұр.

«Community» халықаралық журна­лының бас редакторы, «Мамандықтар қаласы» жобасын Украинада енгізген Татьяна Люльканың айтуынша, аталмыш жобаны ол осыдан үш жыл бұрын қолға алды.

«Посткеңестік елдерде жоғары оқу орнын бітірген адамдардың 52 пайызы алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді деген статистика бар. Өз басым болашақта мамандықтан адаспау үшін бала кезден дайындалу керектігіне сенімдімін. Сонда жер бетіндегі адамзаттың өмір сүру сапасы да артады. «Мамандықтар қаласы» жобасын Дубайда алғаш көргеннен кейін ана ретінде неге осы іспен айналыспасқа деп ойладым. Содан Украина президенті зайыбының қолдауымен жүзеге асырдым» дейді кәсіпкер.

Жобаның мәніне тоқталсақ, саябаққа бір күнге интерактивті қалашық орналастырылады. Әр бала кіреберісте паспорт алып, «жұмысқа тұра алады». Оған 2 жастан 18 жасқа дейінгі әр балаға қатысуға мүмкіндік беріледі. Мұны бір жағынан кәсіби мамандардың шеберлік сабағына балауға болады. Жұмыс үдерісі ойын түрінде өтсе де, бәрі шынайы болмақ. Балалар «жалақы» алып, сол аумақта орналасқан дүкенде сауда жасай алады. Оған ұнаған затты таңдауға ата-ана қатыстырылмайды. Сол арқылы жеткіншектер өз бетімен таңдау жасауға да үйренеді.

Тізімге құтқарушы, өрт сөндіруші, кинолог, дәрігер, мұғалім, полицей-криминалист, агроном, құрылысшы, шаштараз, банкир, диджей, сатушы, аспаз, актер, модель және өзге мамандықтар енгізіліп отыр. Тәжірибені елордаға әкелген кәсіпкердің сөзінше, бұл күндері заңгерлер мен экономистер көбейгендіктен, балаларды бұл бағыттарға бұрудың қажеті жоқ. Жалпы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандықтар көрмесін көргеннен кейін оның ойына осы жерде аталмыш жобаны енгізу келді. Қала басшылығының қолдауымен «Мамандықтар қаласы» жобасы алғаш рет 19 тамыз күні елордадағы «Арай» саябағында өткізілмек. Ол әртүрлі жергілікті жұмыс орындары мен кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асады.

Аманғали Қалжанов

Print Friendly, PDF & Email
ru.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*