«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кәсіп игерген көштен қалмайды

0 78

2019 жыл жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Сол себепті жастарға жүктелер міндеттің де салмағы ауыр. Осы орайда «Байтақ-Болашақ» экологиялық бірлестігінің төрағасы Азаматхан ӘМІРТАЙ ой бөлісті.

– Әңгімеміздің басында «Байтақ-Болашақ» экология­лық бірлестігінің мақсаты жөнінде айтып өтсеңіз?
– Біздің бірлестігіміз экологияға инвестиция тарту үшін құрылған. Қазір инвес­торлармен кездесіп, жаңа жобаларды қаржыландыруға байланысты келіссөздер жүргізудеміз. Негізі ағаш отырғызу, энергетика, сумен қамтамасыз ету, су тазалау, су жобаларын автоматтандыру, жаңа технологияларды әкеліп жерасты артезиан суларын шығару секілді экологиялық мәселелерге байланысты жобаларымыз жетерлік. Алайда қазіргідей теңге бағамының тұрақсыздығы еліміздің инвестициялық ахуалына кері әсерін тигізуде.
– Елордамыздағы экологиялық ахуал туралы не айта аласыз?
– Астана қаласында көк түтін мәселесі бар екені баршаға мәлім. Оны Елбасы да айтты. Сондай-ақ Ақмола облысындағы Калачи ауылының тұрғындарының ұйқыға кетуі көп жайттан хабардар етсе керек. Міне, зардап шегіп жатқан қаншама жеріміз бар. Бізде экологиялық мәселеге толыққанды басымдық берілмей тұр.
– Елбасымыз «Жасыл экономика» жобасы қағаз жүзінде қалмай, көгалдандыру жүйесін жыл сайын арттырып отыру қажет» демеп пе еді?
– Иә, Мемлекет басшысы айтуындай айтып жатыр ғой. Егер экономика мен экология арасында тепе-теңдік орнатылмаса, оның зардабы орасан. Себебі бүгінгі уақытта қалайда экономикалық көрсеткіштерді арттырамыз деп, ертеңгі күнде табиғат-ананың қаһарына ұшырап жүрмейік. Табиғатта шексіз нәрсе жоқ. Сондықтан қай нәрсенің болмасын, тепе-теңдігін сақтап отырған абзал. Мәселен, Кеңестік дәуірде Ақтау қаласының жанында уран өндірілді. Алайда қазір жұмыс істемейді. Бірақ Кеңес одағы кезінде радиацияның уын жаймас үшін су шашып тұратын. Бүгінде оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Оның үстіне Маңғыстаудағы өлі көлден радиация табылғанын немістің ғалымдары дәлелдеді. Соның жанындағы ауыл тұрғындары әртүрлі ауруға шалдығуда.
– Жастардың белгілі бір кәсіппен айналысқаны дұрыс, ол үшін мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отыруы қажет дегенді айтып жүрсіз. Осы жөнінде толығырақ тарқатсаңыз.
– Менің ойымша, облыс әкімдері жастар мәселесімен түбегейлі айналысып жатқан жоқ. Тек жол, үй салу сияқты шаруалардан қолдары тимейтін сияқты. Жастарды бір залға жинап алып, кәсіппен айналысыңдар деп ақыл үйрете бермей, нақты қадамдар жасалуы керек қой. Ол үшін ең алдымен жастарға пайызсыз ақша беріп, бизнесін жолға қоюға жәрдемдесу қажет. Әрине, мың жас адамға қаржы берсең, шамамен оның тек екі жүздейі ғана шаруасын дөңгелетіп әкетуі мүмкін.
Биылғы жастар жылын ұтымды пайдалана отырып, кәмелетке толған жастарға жол ашып, мынадай үш бағытқа басымдық беру қажет деп ойлаймын. Біріншіден, жер бөліп беру нақты бизнес үлгімен дайындалу керек. Ол қияр, қызылша немесе тауық өсіру деген сияқты жоба болуы мүмкін. Екіншіден, сол істі бастап кету үшін 5-10 жылға пайызсыз несие бөлуге болады. Үшіншіден, өндірілген өнімді өз құнынан 20-30 пайызға жоғары бағамен мемлекет сатып алуды мойнына алып, иә болмаса, жас кәсіпкерлерге одан да жоғары бағаға сатуға мүмкіндіктерді қамтамасыз етсе дұрыс болар еді.
– Жастарды кәсіпке бау­лу жөнінде жиі мәселе көтересіз. Жастардың өзі бұған қаншалықты дайын деп ойлайсыз?
– «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсы жастарға жер мен пайызсыз қаражат бөліп беру ұсынысын жасаған. Осылайша жастар жылын пайдаланып, кәмелетке толған жастарға осындай мүмкіндік беруді ұсындық. Біз осы бағдарламаны тез арада іске асырсақ, небәрі он шақты жылдың ішінде 1 миллионға жуық жаңа белсенді кәсіпкер да­йындап шығаруға болады. Ал осы кәсіпкерлер өз кезегінде нақты бизнесі бар салық төлеушілер болып қана қоймай, олар құйған қаржы мемлекеттің капиталына айналады. Сөйтіп, Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 50 пайызға жеткізуге мүмкіндік ашылады. Керек десеңіз, 5-10 жылдың ішінде мемлекет жастарға несиеге берген ақшаны да толықтай қайтарып алатыны сөзсіз. Дерекке жүгінсек, 300 миллиардтай жаңа салық көзі пайда болмақ. Одан қалды, аймақтарда 3-4 миллион адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Егер қолдау болса, жастардың қолынан кел­мейтін іс жоқ. Олар тау қопаруға да дайын.

Сұхбаттасқан
Бейбіт ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды