«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кәсіп бастаудың кәделі жобасы

0 63

Білім және ғылым министрлігі мен Бүкіләлемдік қайта құру және даму банкінің бірлескен жобасы – «ZhasProject» Жастар корпусын дамыту жобасы 2017 жылы еліміздің төрт облысынан 2000-нан аса қатысушыны қамтыса, былтыр бұл жобаға қатысқан жастардың саны 3500-ден асқан. Жоба аясында жастар жылыжай, тіл курстары мен түрлі үйірмелер ашқан. Сонымен қатар тігін цехы, зергерлік сияқты қолөнер кәсібімен айналысуға мүмкіндік тапқан жастар да көп.


Аталған жобаның өткен жылғы жұмысынан есеп беру, жобаға қатысқандардың үздік туындыларын жұртшылыққа таныстырып, тіпті де көп жастардың кәсіп ашуына дем беру мақсатында өткізілген көрмесі және «Арманда! Ұсын! Іске асыр!» тақырыбындағы республикалық форумы 7 ақпан күні елорда төрінде дүркіреп өтті. Көрмеге өткен жылғы жобалардың арасынан сараланып алынған тоқыма, қолөнер бұйымдары, зергерлік өнімдері қойылды. «Бүгінгі көрмеге біз ең жақсы, ең үздік деген жобаларды әкелдік. Жастар алты ай бойы жасаған жұмыстарын халыққа көрсетіп, шабыт алады деген үміттеміз» деді жобаны басқару тобының жетекшісі Гүлмира Ескендірова. Форум аясында сөз сөйлеген дүниежүзілік банктің, мемлекеттік органның өкілдері мен алты облыстан келген жобаға қатысушылардың үздіктері «ZhasProject» жобасының тиімділігі мен өнімі жайлы ойларын ортаға салды.
«ZhasProject» жобасы қоғамдағы әлсіз топтарды жұмысқа тарту және нәтижесі өмірлік маңызы бар әлеу­меттік қызметке бейімдеуді мақсат етеді. Жобаны басқару тобының жетекшісінің айтуынша, 2018 жылы Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай сынды 6 облыста 1000-ға жуық жоба жүзеге асырылған. «Бұл көрсеткіш жыл сайын артатынына сенімдіміз. Мақсатымыз – жастардың кәсіп ашуына тиімділік жасау болғандықтан, біз қолымыз­дан келетін барлық мүмкіндікті пайдаланып жатырмыз. Мәселен, 28 қаңтарда біз 6 облыста форумдар өткізіп, оған «Атамекен» ҰКП-ның бизнес өкілдерін, жергілікті орындардың басшыларын шақырдық. Олар кәсіп бастаймын деген жастарға өз тараптарынан қандай қолдау жасай алатынын айтып, жастарға шабыт берді. Меніңше, бұл жақсы жоба, жақсы идея ұсына алатын жастар үшін тамаша орай» деді Гүлмира Ескендірова.
«ZhasProject» жобасы 14 пен 29 жас аралығындағы үміткерлерге (оқушылардан басқа) 1 миллион теңгеге дейін грант ұтып алуға мүмкіндік береді. Бұл ақша бизнес бастаушыға қайтарымсыз беріледі. Бірақ, жеңіп алған жас жарты жыл халыққа тегін қызмет көрсетуі тиіс. Серіктес ретінде туыс, достарын тартуына да болады. Оқымайтын, жұмыс орны жоқ немесе жұмыс істейтін, бірақ табысы төмен жастарға көмектесуге ден қоятын жобадан игіліктенген жастардың бірі – Нұрсұлтан Тәжиев. Ол 3-топтағы мүгедек болса да, компьютерді жетік меңгерген. Осы мүмкіндігін мықтап пайдаланған ол мүгедектерге бағытталған «Инва СТО» жобасымен грант ұтып алып, кәсіп бастапты. «Zhas Project жобасынан алған миллион теңге өз мүмкіндігімді пайдаланып, жұмыс бастауыма өте тиімді болды. Алты айдан бері мүгедектер пайдаланатын біраз бұйым­дар жасадық. Енді мүгедектер арбасын өзгертіп жасау­ды қолға аламыз. Ұтымды пайдаланса, бұл жобаның қоғамдағы әлсіз топтардың кәсіп бастауына өте тиімді» деді Нұрсұлтан Тәжиев.
Айта кетейік, 2017 жылы қолға алынған бұл жоба, 2020 жылға дейін жалғасып, Қазақстан бойынша 8500 адамды қамтиды деп жоспарланған.

Қалиакпар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды