«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кәсіп ашқанға қолдау көп

0 18

«Astana» телеарнасының әр дүйсенбі сайын шығатын «Elorda Live» бағдарламасында қаланың өзекті мәселелері көтеріледі. Аталған телеарна мен «Elorda aqparat» ЖШС-тың бірлескен жобасы аясында біз сұхбаттың жазбаша нұсқасын газет бетінде жариялап отырамыз. Бұл жолы бағдарлама қонағы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова шағын және орта бизнесті қолдау шаралары туралы айтып берді.

Кәсіпкерлерге қандай көмек бар?

– Малика Ерланқызы, қайырлы күн! Біз бүгінде кәсіпкерлерге арналған көптеген бағдарламалар бар екенін білеміз. Соның нәтижелілерінің бірі – «Бизнестің жол картасы 2020». Оны жүзеге асыру мерзімі ендігі аяқталып қалды. Қазіргі күні оның нәтижесі қандай деп айта аламыз?
– «Бизнестің жол картасы 2020» – кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің негізгі түрінің бірі. Оның пайдасы шағын және орта бизнес өкілдерінің көпшілігіне тиді. Бағдарлама жүзеге асқан 9 жылдың ішінде мемлекеттің шағын және орта бизнеске нақты қаржылай көмек беруінің басты құралының біріне айналды. Бағдарламаны, негізінен, сауда-саттық, қоғамдық тамақтану секторлары пайдаланады. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен қатар, басқа да бағдарламалар үндеседі. Мәселен, жақында «Еңбек» бағдарламасы іске қосылды. Ол 8 мың АЕК-ке дейін көлемде берілетін шағын несиелеуге арналған. Егер сіз бизнесті жаңадан бастаған болсаңыз және сіздің қыз­метіңіз «Еңбектің» шартына сәйкес келсе, 6 пайыздық займмен ақша ала аласыз. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» деген жаңа бағдарлама бар, онда да қаржылай көмек көрсету қарастырылған. Дегенмен онда салалық шектеулер бар. Бірақ «Қарапа­йым заттар экономикасының» соңғы бағдарламасында көрсетілетін қызмет түрлері айтарлықтай кеңейтілді. Оның пайыздық мөлшерлемесі 8 пайыздан 6 пайызға дейін төмендетілді.
– Мен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттің қолдау көрсететінін білемін, таяуда 63 жобаға грант берілгенін естідім. Осы конкурс­тарға қатысу үшін жобалар қандай өлшеммен, қалай таңдап алынады? Жалпы, гранттар қандай сомаға беріледі, мен оған қалай қатыса аламын?
– Өте өзекті сұрақ. Көптеген кәсіпкерлер, әсіресе, бизнесті енді бастап жатқандар осындай сұрақтар қояды. Гранттар мемлекеттің қайтарымсыз инвестициясы түріне жатады, 3 миллион теңгеге дейін қарастырылған. Дұрыс, биыл 63 жобаға грант берілді, ол, негізінен, стартаптарға беріледі, яғни бизнес-идеяларға. Бірақ ол жай ғана идея емес, белгілі бір деңгейде терең пісіріліп-жетілдірілген болуы тиіс. Конкурстық комиссия жобаларды 3 миллион теңге көлемінде қаншалықты шын мәнінде жүзеге асыруға болатынын қарайды. Бұл жылы 63 грант берілді, бірақ оның саны шектелмейді, тек жалғыз ғана шек бар, ол бюджеттен қаржыландырылуына байланысты одан көп немесе аз болуы мүмкін. Біз 260 өтініш алдық, биыл бірінші рет комиссияда бірде-бір мемлекеттік қызметкер болған жоқ. Іріктеуді кәсіпкерлердің өздері жүргізді. Мәселен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері. Іріктеу фейсбукте нақты уақыт режимінде жүргізілді, яғни үміткерлер дәл сол уақытта бір-бірін көріп отырды, өздері таңдау мүмкіндігіне ие болды. Ашық дауыс берумен жүргізілді. Біз оның ережесін осы күйінде қалдыруды жөн көрдік. Келесі жылы да кем дегенде 60 грант үлестіруге ниеттіміз. Өйткені жас кәсіпкерлердің арасында мұның танымалдығы зор.

Қай салада сұраныс көп?

– Біз бизнестің тәуекел екенін білеміз. Оны бастау әрқашан әркімнің қолынан келе бермейді. Көпшілік бизнесті қалай бастау керегін, қай саланы таңдауға болатынын білмейді. Бас қалада сұранысы үлкен, өзекті қандай сала бар?
– Бұл сұрақ та жиі айтылады. Әсіресе, азаматтарды қабылдау кезінде «Мен қай салада бизнес ашсам?» немесе «Ақшамды қай салаға инвестицияласам болады?» деген сұрақтар қойылады. Менің ойымша, астана – айрықша кейс, жыл сайын қалалықтардың саны шамамен 50 мыңға көбейіп келеді, тиісінше бұл – қосымша сұраныс. Жыл санап тұрғындардың саны артқан сайын қоғамдық тамақтандыруға, химиялық тазалау­ға, сұлулық салондарына, үйдің жанындағы дүкендерге, фастфудқа, т.б. сұраныс арта береді. Міне, астанаға 20 жыл болады, аталған трендтерге деген сұраныс жылда өсіп келе жатқанын көреміз. Мен жаңадан бизнес бастағандарға нақ осы салаларды таңдауға кеңес берер едім. Жалпы, қызмет көрсетудің қай түрі болса да сұраныс көп.
– Қолданыстан өткен шикізатты қайта өңдейтін зауыт ашқым келеді. Бұл шикізаттан флекс дайындалады, сосын ол Қытайға, Ресейге жіберілетін болады. Бұл материалдың бір тоннасы – 250 мың теңге, осы идеямды жүзеге асыру үшін маған 8-9 миллион теңге қажет. Менің идеям­ды іске асыру үшін Қазақстанда қандай да бір бағдарлама бар ма?
– Бизнесті жаңадан бастағандарға, оның ішінде қайта өңдеу саласына қатысты бірқатар бағдарламалар бар. Ол, жоғарыда айтып өткеніміздей, «Бизнестің жол картасы 2020». Мемлекеттің барлық субсидияларынан кейін кәсіпкерге 8 пайыздық мөлшерлемеде беріледі. Егер қаржы инвестиция ретінде алынса – 5 жылға, ал егер қаржы айналымы үшін алса, 3 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Одан басқа, «Еңбек» бағдарламасы арқылы 8 мың АЕК-ке дейін қаржыландырылу қарас­тырылған, мұнда мөлшерлеме тіпті төмен – 6 пайыз. Бұл бағдарламада сала бойынша ешқандай шектеу жоқ. Егер бизнесті жаңадан бастаушының кепілдік қоры болмаса, гранттар бо­йынша бағдарламаға қатысып, 3 миллион теңгеге дейінгі грантты жеңіп ала алса (бұл қайтарымсыз қаржыландыру – авт.), осы қаржыға жабдықтар сатып алуына болады. Сосын сол жабдықты қалған қажетті қаржыны алу үшін кепілдік қор ретінде қоя алады.
– Мемлекеттің қаржылық қолдауынан басқа қаржылық емес қолдау көрсету түрі де бар ғой. Ол қандай қолдау?
– Мемлекеттің қаржылық емес қолдау көрсету түрі деп бірінші кезекте оқытуды айтамыз: кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрету, бухгалтерияны жүргізуді үйрету, бизнес жоспар жасау, «Даму» қорымен жұмыс істеу, екінші деңгейлі банктермен жұмыс істеу, салық есебін дайындау – мұның бәрі оқуды талап етеді. Мемлекет қаржылық емес қолдау шарасы арқылы «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша тегін оқытады. Оған сұраныс үлкен, өйткені қаржылық көмек көрсететін көптеген бағдарламалар бірінші кезекте қаржылық сауаттылықты талап етеді. Егер адам қаржылық сауаттылықтың қыр-сырын білмесе, оған бизнес жүргізу кейін қиын болады. Сондықтан мемлекеттің қаржылық емес қолдауын міндетті түрде пайдаланған дұрыс.
– Менің атым – Шолпан. Қалада «1000 орын – көше саудасы» деген бар. Соған қатысу үшін қандай құжаттар керек, оның талаптары қандай?
– «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы Нұр-Сұлтан қаласында 4 жылдан бері жүргізіліп келеді. Айтарлықтай нәтиже бар, басқа өңірлер осы тәжірибені өздерінде қайталауда. Кәсіпкер шағын және орта бизнес үшін орын алу байқауына қатыса алады. Фастфуд, көкөніс павильоны, жедел тамақтану павильондары, гүл сату, сондай-ақ аяқ киім жөндеу, СТО сияқты қызметтер «1000 орын – көше саудасы» деген бағдарламасының құрамына кіреді. Оның операторы – Нұр-Сұлтан қаласының ӘКК. Онлайн-аукцион өткізіледі. Аукционда сіз барлық рұқсат құжаттарымен бірге ұзақ мерзімге жалға жер учаскесін ала аласыз. Ал биылдан бастап онда суға, жарыққа қосуға техшартты да беретін боламыз.

Бизнестің жаңа мүмкіндіктері

– Жаңа жылдан бастап Президенттің тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнес салықтан босатылады және 3 жылға дейін тексерілмейтін болды. Сіздің ойы­ңызша, бұл кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне қаншалықты оң әсер етеді?
– Бизнес үшін бұл, сөзсіз, игілік, мүмкіндік. Осы ерекше жағдайды пайдаланып, салықтан босатылған мерзім ішінде дамудың сапалы деңгейіне көтерілуіне қолайлы. Бұл мемлекеттің бизнеске жасап отырған айрықша қолдауы деп санаймын. Нұр-Сұлтан қаласының ІЖӨӨ құрылымында шағын және орта бизнестің үлесі бірінші жылдықта 58,5 пайызды құрайды. Әрине, бизнесті дамыту – біз үшін аса маңызды мәселе. Өйткені соның арқасында қала дамып жатыр.

Үш жылға дейін тексерілмейді

– Ал тексеруге тыйым салу туралы не айтасыз? Кейбіреулер кәсіпкерлер соны арқаланып санитарлық нормаларға селқос қарауы мүмкін деп қауіптенеді.
– Бұл норма жаңадан ашылған бизнес үшін қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Бизнес жаңадан ашылса, ол жоспарланып, 3 жыл тексерілмейді. Тек біреулер арызданса немесе басқа келеңсіздіктер болғанда ғана тексерілуі мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлер оның игілігін ішінара көріп те жатыр. Әрине, бұл жерде бизнес­тің жауапкершілігін арттыру керек. «Атамекен» ҰКП өзін-өзі реттеу идеясын белсенді қолдап отыр. Бизнестің өз-өзіне зор талаптар қоюы керек. Менің ойымша, бизнес қызметті қалай көрсетеді, оның сапасы қандай – осы бәсекелестік бизнеске ең пәрменді тест бола алады.
– Жалпы, тексерістер бизнеске қаншалықты қиындықтар туғызады? Ол ұзаққа созылатын процедура ма?
– Ол енді тексерістің сипатына байланысты. Таяуда біз Президенттің тапсырмасы бойынша бизнес қауымдастықтары алдында барлық бақылаушы-қадағалаушы органдардың бірыңғай есебі күнін өткіздік, сонда 19 бақылаушы-қадағалаушы орган қандай да бір салада не бақылау, не қадағалау жүргізе алатынын көрдік. Бұл – кәсіпорындарға бармай, сырттай жүргізілетін тексерулер. Егер қосымша тексерулер керек болса, ұзағырақ созылуы да мүмкін. Әрине, бизнес тексерулердің аз болғанын қалайды, біз соған жағдай жасауға ұмтыламыз.
– Бізге әлеуметтік желі арқылы да сұрақтар түсуде. Енді соның біріне назар аударайық: жақын уақытта жас өнертапқыштар үшін қандай хакатондар және конкурстар өткізіледі? Оған қандай құжаттар керек? Бұл туралы ақпаратты қайдан алуға болады?
– Біз 5 жылдан бері хакатондар өткізіп келеміз. Оның мақсаты – нарыққа, жалпы ақпараттық технологияға қызығушылық білдіретін адамдарға қалаға немесе мемлекетке пайдалы болу үшін не істеу керек екенін хабардар ету. Біз жылына 5-6 хакатон өткіземіз. Оған қатысушылардың құрамы өте жоғары, тіпті шетелдерден келеді. Мәселен, хакатонда қоғамдық қауіпсіздік мәселесін қойдық дейік. Барлық өнертапқыштар, ІТ-әзірлеушілер, стартапшылар өздерінің шешімдерімен келеді, олар конкурсқа қатысады, оларға тапсыр­ма беріледі, сосын екі күннің ішінде қауіпсіздік мәселесін шешу бойынша өз ұсыныстарын айтады. Қазан айында әдеттегідей «Астана Innovations» АҚ-пен бірге қалалық туризмді дамытудың қосымша сервистері туралы хакатон өткіземіз. Ол туралы егжей-тегжейлі ақпаратты «Астана Innovations» АҚ сайтынан, фейсбуктен көруге болады.
– Менің атым – Әдина. Бірыңғай карточка жүйесі барлық мектептерде қашан жұмыс істейтін болады?
– Бірыңғай карточка жүйесін мектептерде биылдан бастадық. Яғни оқушы бір картамен тамақтанады, мектепке кіріп-шығады, автобуспен жүреді, төлемдер жасайды. Оны жүзеге асыруға қала бір тиын да жұмсаған жоқ, онымен бірнеше жабдықтаушы бар. Өйткені біз нарыққа осы мәселені шешіп, қосымша қызметтер бойынша пайда табыңдар деген шарт қойдық. Жыл аяғына дейін бұл жүйемен барлық мектептерді жабдықтауға ниеттіміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды