«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кәсібіне адал сақшылар

0 60

«Тайдың мінгені, баланың жұмсағаны білінбейді» деген тәмсіл кейде учаскелік полиция өкілдеріне қарата айтылғандай көрінеді. Себебі полицияның барлық «қара жұмысын» учаскелік полиция қызметкерлері атқарады десек, асыра сілтегендік болмас.

Елбасының «Адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінулері тиіс» деген сөзі халық алдында адал қызмет етуге ант берген әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктейді. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті учаскелік полиция қызметкерлері осы үдеден шығу жолында күресіп келеді. Полиция қызметкерінің міндеті заңды адам құқығының сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу болса, елордалық учаскелік полицейлер қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың жолын кесу, халық пен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында алғы шептен көрініп келеді.
Еліміздің бас қаласында 32 учаскелік полиция тірек пункті жүйелі жұмыс істесе, онда 309 полиция қызметкері еңбек атқарады. Ұры-қарыдан, бұзақыдан, қыл­мыскерден запа шеккен тұрғындардың барлығы дерлік осында келіп арыз-шағымдарын айтып жатады. Оның сыртында тұрмыстық жанжал, отбасылық келіспеушілік, көршілермен тілге келу, ағайынмен жаға жыртысу сияқты ірілі-­ұсақты келеңсіз жайттарға байланысты да уәждер тіркеледі. Кем дегенде күніне 3-4 арыз, тіпті одан да көп түседі. Оның сыртында есепте тұрған тұлғаларды тексеріп, ІІМ №1095 бұйрығына сәйкес жарты жылда бір рет үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Тұрғындармен танысып, тиісті ақпарат қалдырып жатады.
Әрине, өмірде қателесу мен шалт басулар болып жатуы – заңдылық. Осындайда учаскелік полиция қызметкерлері ар-ожданның тазалығын көрсетіп, қателігіңді түзеуге ақыл-кеңес беріп те жатады. Ал бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс.


Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының учаскелік полиция инспекторы жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Азамат Садықов «Полиция қызметкерінің басты ұстанымы – қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдау. Жұмысты оңтайландыру мақсатында толықтай цифрландыруға көшіп жатқан жайымыз бар. Бұрынғыдай қағазбастылық жоқ. Учаскелік полиция қызметкерлеріне планшет бөлініп, барлық ақпарат сонда жазылған. Әкімшілік хаттаманың 95 пайызы планшетпен толтырылады. Бейне тіркеу құралы, рациямен де толықтай қамтамасыз етілген» деді бізбен әңгімесінде.
Қайраттылық, жігерлілік, қажырлы­лық, қуаттылық, мықтылықты серік еткен тәртіп сақшылары арасында маман тапшылығы – жоқтың қасы. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы да кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқан сыңайлы. Келесі айдан бастап еңбекақыларына да үстеме қосылатыны жөнінде жағымды жаңалық келіп жетті. Жақында учаскелік полицейлердің республикалық слеті өтеді. Оған үздік шыққандар іріктеліп, арнайы марапатқа ие болмақ.
Иә, тәртіпті сақтау үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан әр тәртіп сақшысынан әділдік пен кәсібилікті іздейтініміз анық. Бұл тұрғыда астаналық учаскелік полиция қызметкерлері кәсіпке адалдығын танытып келеді. «Ең бастысы, баспана мәселесі шешілсе, алаңдауға еш негіз жоқ» дейді тыныштық сақшылары.

Бейбіт ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды