«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кәсіби білімнің болашағы

0 32

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Көпбейінді колледж» оқу мекемесінде бүгінгі таңда 588 оқушы білім алады. Білікті, кәсіби мамандар дайындайтын колледждің директоры Серік ТӘШЕНОВ газет тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

– Серік Балтыханұлы, өзіңіз басшылық ететін оқу орнындағы білім беру жүйе­сіне көңіліңіз тола ма? Студенттер мен оқытушылар қауымын не алаңдатады?
– Өз басым әртүрлі мамандық бойынша колледжді бі­тіретін студенттермен үнемі әңгімелесіп отырамын. Шынын айтсам, олардың білім алуға деген құлшынысы басым. Алайда қолына дипломын алғаннан кейін жұмысқа орналасу мәселесіне қатты алаңдайды. Түйткілді мәселе мені де көп толғандырады. Сол мақсатпен енгізілген дуальды оқыту жүйесі біз дайындап жатқан мамандардың өнді­ріске қажеттілігін туғызуы үшін оқу үдерісін практикаға жақындатуды қолға алдық. Мысалы, студенттерімізге оқытушылар мен өндірістік оқу шеберлері ғана емес, инс­титуционалды серіктес­тік мамандары да дәріс береді. Жұмыс тәжірибесімен кеңірек бөліседі. Биыл Елбасының ұйғарымымен Жастар жылы деп жарияланды. Осы жылдың аясында құзырлы
министрліктен қомақты қар­жылай көмек көрсетілсе, робототехниканы оқытуды қолға алғымыз келеді. Жас­тар­­дың қызығушылығын ояту үшін колледжді жаңа құрылғылармен, заманауи техноло­гия­лармен қамтама­сыз етсек дейміз. Елімізде студент-­жастарды жатақханамен қамту мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Алдағы уақытта колледжге жатақхана салу да ойымыз­да бар. Жаңа ғимараттың құжаттарын дайындап, күн жылыған соң құрылысты бастаймыз.


– Қай оқу орны болса да мамандардың біліктілігін, тәжірибесін көтеруге ерекше ден қояды. Колледж оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің педа­гогикалық тәжірибесін арт­тыру бағытында қандай жұмыстар жүргізесіздер? Тәжірибе алмасуда халық­аралық байланыстардың маңызы қандай?
– Біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі – колледж оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберле­рінің білім сапасын, кәсіби деңгейін көтеру. Бұл орайда халықаралық байланыстарымыз дұрыс жолға қойылған. Мәселен, туризм және қонақүй ісі мамандықтары бо­йынша Гүлзат Жұмабаева Ұлыбританияда, өндірісті ақпараттандыру мамандығы бойынша Үкіжан Хайса, Гүлсезім Байғожина Беларусьта, Жанат Омаров Австрияда, Гау­һар Сатова АҚШ-та білімін жетілдіріп, іс-тәжірибеден өтті. Халық­аралық деңгейде өтетін «World Skills» байқауына жыл сайын біздің студенттеріміз қатысып, жүл­делі орындарға ие болып жүр. Бұған қоса, колледжде оқытушылардың бі­ліктілігін көтеру бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргіземіз. Жаңадан қызметке келгендер семинарларға, кәсіби ше­берлік мектептеріне, әр­түрлі курстарға қатысады. Магис­тратурада білім алады. Білім қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтына, «Өрлеу» ұлттық біліктілік көтеру орталығына, «Кәсіпқор» холдингі АҚ-қа және т.б. жерлерге барып, өзін жан-жақты дамытуға мүмкіндік алады. Ендігі кезекте тек оқытушыларды ғана емес, студенттерімізді де шетелдерге тәжірибе жинауға жіберуді ойластырып отырмыз. Егер министрлік, қалалық әкімдік қаражат жағынан қолдау көрсетсе, студенттерді заман талабына сай жаңа технологияларды меңгеретін, бәсекеге қабілетті маман етіп шығаруға жол ашылар еді.
– «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп еді адамзаттың ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз. Сіздерде тәрбие жұмыс­тары қалай жүргізіледі?
– Болашақ маманның тұлға ретіндегі қалыптасуы, оның барлық әлеуметтік жағдайларының қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударамыз. Колледжде білім алуға бар­­­лық жағынан қолайлы жағ­­дайлар туғызылған. Ма­те­­риал­дық-техникалық ба­­за­мыз мықты. Оқумен қатар тәрбие жұмысына да көңіл бөлеміз. Бұл жерде
ұлт­тық құндылық­тарды жас­­тардың санасына сіңіруге күш салып отырмыз. Осы мақ­сатта домбыра, бейнелеу өнері, би үйірмелерін аштық. Ұлттық тәрбие туралы ашық сабақтар өткіземіз. Салауатты өмір салтын ұстанушыларға спорт залы, бассейн, теннис залы, спорттық жаттығу залы бар. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары, жетім балалар, көпбалалы отбасының балаларына материалдық көмек көрсетіледі.
– Сіздің өз ісіңізге деген адалдығыңызды әріптесте­ріңіз «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығымен байланыстыратынын естідім. Мұндай кешенді құру ойы­ңызға қалай келді?
– Иә, өмір жолымда үнемі ізденіс пен еңбектен жалыққан емеспін. Мұны зейнет жасына жеткенде ғана аңғардым. «Балдәурен» – бұл республика көлеміндегі үлкен кешен. Қарапайым тілмен айтсақ, балалар бақы­тының аралы. Өйткені оның қоғамда алатын орны зор. Әр бала отаншыл, патриот болып өсуі үшін ең алдымен орта қажет. Сондай ортада шығармашылық қабілетін ұштайды. Әр балаға жеке тұлға ретінде қарағанда ғана өмірлік ұстанымын қалыптастырады. Мұндай әмбебап орталық ашу – 30 жылдық еңбек жолымдағы үлкен жетістіктерімнің бірі. Мен үшін елге, мемлекетке пайдамды тигізу, оның дамуына үлес қосу – ең қасиет­ті азаматтық борыш. Осы борышымды қалай өтегенімді ұрпақтар бағалайды деп ойлаймын. 2010 жылы осы мекемеге басшы болып келгенімде жалпы білім беру орталығы ғана еді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауының бірінде «Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асыруда техникалық колледждер желісін дамытуды тапсырды. Сол кезде кәсіби мамандар даярлайтын жаңа кәсіптік оқу ордасын ашуды ойладым. Әрине, белгілі бір қиыншылықтар да кездесті. Ерік-жігеріміздің, толассыз еңбегіміздің арқасында 2012 жылы қалалық әкімдіктің шешімімен «Көпбейінді колледж» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып құрылды. Ескі ғимараттың орнына айналасы екі жылдың ішінде жаңасы бой көтерді. Қазіргі таңда барлық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіл­ген оқу орны еліміздің түк­пір-түкпірінен білім іздеп, келген жастарға есігін айқара ашып отыр. Бүгінге дейін студенттерді жатақханаға орналастыруда көп қиындықтар болды. Енді, міне, мемлекеттің тікелей қамқорлығымен мезгіл мәселесі оң шешілуде. Олай болса, қазақстандық жастар елдің үміті мен сенімін ақтап, оқуын үздік оқып, бәсекеге қабілетті маман болып шығуды өзіне үлкен мақсат етіп қойса, нұр үстіне нұр болар еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды