«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Картоп неге қымбат?

0 58

«Өзін ауыл шаруашылығы өнімдерімен толықтай қамтамасыз еткен ел нағыз тәуелсіз мемлекет саналады. Біз аграрлық елміз ғой. Әлі күнге дейін өнімдердің басым бөлігін сырттан алып отырмыз. Ет өндіреміз, шұжықты сырттан аламыз. Жеміс-жидек, көкөністі де тасымалдаймыз»
(Елбасы Н. Назарбаевтың Астананы дамыту жөніндегі жиында айтқан сөзінен)

 

Астананың халқы жылына 70 мың тонна, ал айына 190 тонна картоп тұтынады екен. Негізгі көкөніс бізге Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарынан әкелінетіні белгілі. Елордаға 300 шақырым жерде орналасқан 50 ірі шаруа­шылық жылына 260 мың тонна картоп өндіреді. Сөйте тұра, отандық картоп өсірушілер мамыр-маусым айларында Астана нарығының 30 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Қалған 70 пайыз өнім импорттан келеді. Қала базарлары мен сауда үйлеріндегі картоптың құны шаруаның сатқан бағасынан 2-2,5 есеге қымбат. Өзіміз тонналап картоп өсірсек те, негізінен, шетелдің өнімін тұтынып отырмыз. Мәселенің мәнісіне тереңірек үңілмек болып, кәсіби сараптама жүргіздім.

 

Әсет ИСЕКЕШЕВ, Астана қаласының әкімі

Астана базарларына негізгі азық-түлік өнімдері Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарынан келеді. 31 пайызын елордалық кәсіп­орындар қамтамасыз етеді.

Өмірзақ ШҮКЕЕВ, Ауыл шаруашылығы министрі

20 өнімге түпкілікті талдау жасалды. 12 түрі (ет, құс еті, жұмыртқа, картоп, қызылша, қияр, қызанақ) бойынша өзімізді 100 пайыз қамтамасыз етеміз. 8 түрі 70 пайызға қамтамасыз етілген. Қалған 30 пайыз бойынша шаралар белгіленді.

Делдалдардың қалтасы қампайып жатыр

Елорда сөрелеріндегі бағасы «күйіп» тұрған жеміс-жидектер, көкөністер мәселесі Сенаттағы «Астананың азық-түлік белдеуі: жай-күйі мен келешегі» атты дөңгелек үстелде қызу талқыланды. «Делдалдар бізде емін-еркін өмір сүреді. 2018 жылдың ақпан-нау­рыз айларындағы статистикалық мәліметтер бойынша, қияр мен қызанақ Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында жылыжайда 380-400 теңгеге сатылады. Ал Астанаға әкелгенде 800-900 теңгеге қымбаттайды. Әр келіге жеткізу құны 50 теңгеден екенін ескерсек, қалғаны – делдалдардың табысы» деп мәлімдеді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Ербол Есенеев. Оның пікірінше, өнімнің құнын көтермейміз және арадағы делдалдардың санын қысқартамыз десек, көтерме-бөлу орталықтарын ашуымыз керек.
Делдалдар мен алыпсатарлардың жолына тосқауыл қою үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Астана қаласында, Ақмола және Қарағанды облыстарында үш көтерме-бөлу орталығын және елордада азық-түлік тауарларын сататын 50 типтік модульдық павильондар ашпақшы. Бұл жаңалықты дөңгелек үстелде Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Рүстем Құрманов жария етті. Ол көтерме-бөлу орталықтары тауар партиясын ұсақтаумен және ірілендірумен, буып-түюмен, пакеттеумен, таңбалаумен, жиынтықтаумен және тасымалдау бағыттары бойынша таратумен айналысатынын айтты.
Қазақстанның картоп өсіру­шілер және өсімдік шаруашылығы одағының президенті Қайрат Бисетаев картоптың құнын кімнің қымбаттатып отырғанын ашық айтты. «Біз, картоп өсірушілер, өнімнің әр келісін 70-80 теңгеден сатамыз. Астанада картоптың бір келісі – 130-150 теңге. Шаруалардың сатқан бағасы мен тұтынушыға жететін бағаның айырмасы 2-2,5 есеге қымбат. Шаруалар мен супермаркеттер, үйдің жанындағы дүкендер әділ, ашық жұмыс істейді. Дүкендерде кассалық аппарат қойылған, бухгалтерлік есеп жүргізеді. Бірақ біздің арамызда бұлыңғыр сызбалар бар. Кәсіпкермін деген кез келген адам шаруашылыққа келіп, қоймадағы бар картопты сатып әкетеді. Олар сол картопты Астанадағы «Шарын» базарына әкеліп, көтерме бағамен сатады. Біздің Астанадан ең шалғайдағы шаруашылығымыз 300 шақырым жерде орналасқан. Яғни, жолға жұмсалатын шығын әрі кетсе 7-8 теңгені құрайды. Көтерме-бөлу орталығының рөлін атқаратын «Шарын» базарының жұмысы өте бұлыңғыр. Астанада тек «Магнум» гипермаркеті ғана өнім өндірушімен тікелей жұмыс істейді» деді ол. Қ. Бисетаевтың пікірінше, көтерме-бөлу орталықтары тек «оптовиктермен» жұмыс істеп, делдалдарды нарықтан ығыстыруы тиіс. «Астананың айналасында қоймалар жеткілікті. Ешқандай делдалдардың қажеті жоқ. Сол қоймаларда картопты біз маусымның соңына дейін сақтап, күн сайын көтерме-бөлу орталықтарына 20-30 тонналап жеткізе аламыз. Бастысы, барлық тауар өндірушілерге ондай орталыққа кіретін мүмкіндік жасалса, Астананың барлық сауда жүйелері өзіне керекті тауарларын қолжетімді бағамен сатып алады» деді одақ президенті.

Картопты шетелге сатқан ыңғайлы

Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова делдалдарды азайту не жоюмен, көтерме-бөлу орталықтарын ашумен түйткілді мәселенің толықтай шешілмейтінін түсіндірді. «Көтерме-бөлу орталығын ашыңыз және делдалды жойыңыз дегеннен мәселе шешіле салмайды. Біріншіден, делдал дегеніміз – кәсіпкер. Ол егістікке келіп, шаруаның өсірген картобын сатып алып, қолма-қол ақша беретін адам. Оның келетінін білетін шаруа өнімім бүлінеді деп басын қатырмайды. Алыпсатар немесе кәсіпкер деп әртүрлі атасақ та, бұл да нарықтың бір сегменті. Осы қызмет түріне сұраныс болған соң, олар да өмір сүреді» деген ой айтты ол дөңгелек үстелде.
Малика Ерланқызының пайым­дауынша, өнім өндіру бір бө­лек, сол өнімді сату – басқа биз­нес. Ол өнім өндірушілерді өзі өндіріп, өзі сататын Қазақстанның еңбек ері, «Родина» кәсіпорнының басшысы Иван Сауэрден үлгі алуға шақырды. «Көтерме-бөлу орталықтарының жұмысы басқаша құрылуы керек. Бәлкім, барлық өндірушілер қауымдастық болып біріккені жөн шығар. Мысалы, бір Астананың айналасында 50 ірі өндіруші бар. Алайда «біз өнім әкелдік – сіз сатып алыңыз» деген сызба жарамайды. Нарық заңы бойынша әрбір өнім өндіруші өз өнімін сатудың жоспарын жасасын. Қанша көлемде сата алатынын болжауы керек. Бұл іске алдымен шынайы ынта керек. Біз әкімшілік жағынан барлық жағдайларды жасаймыз» деді ол.
Қала басшысының орынбасары өз кезегінде көтерме-бөлу орталығының рөлін атқаратын «Алай» сауда-логистикалық орталығына өнім өндірушілердің барғысы келмейтінін сынға алды. «Іс жүзінде ондай алаң дайын, инфрақұрылымы бар. Мәселе сонда, бұл жерге өнім өндірушілер келгісі келмейді. Себебі анық – күн сайын үлкен көліктермен өнімді тасымалдау керек, ол жерде кассир ұстау керек. Одан гөрі өзі өсірген егістен Өзбекстанға не Ресейге сатқаны ыңғайлы. Біздің міндетіміз – өнім сататын нүктелермен қамтамасыз ету. Бұл фактор да өнім құнына әсер етеді» деп мәлімдеді М. Бектұрова.

Бағаны кім өсіріп отыр?

Бас қаланы азық-түлік түрле­рімен қамтамасыз ететін облыс­тың бірі – Қарағанды. Осы облыстың Астананың азық-түлік белдеуіне кіретін төрт ауданы (Абай – 121,1 мың тонна, Бұқар жырау – 64,0, Нұра – 24,4, Осакаров – 9,7) өткен жылы 218 мың тоннадан астам картоп өндірген. Алайда облыс 2017 жылы Астанаға барлығы 19,3 мың тонна картоп жеткізіпті. Биылғы жоспары да осыдан сәл азырақ – 17,8 мың тонна. Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бас­тығының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, жеміс және көкөніс өнімдері елордадағы «Шапағат» базарында сатылады. Ал «Шапағаттағы» картоптың бір келісінің құны – 120-130 теңге. Ал картоп өсіретін шаруалар әр келісін 70-80 теңгеден сатады. Демек, шаруаның сатқан бағасына 40-50 теңге қосылады.
Ескеретін жайттың бірі, жұрттың барлығы картопты «Шапағаттан» алмайды. Қаладағы басқа базарлардағы баға да әртүрлі. Мысалы, «Артем» базарында картоптың келісі – 145 теңге. «Шапағатпен» көршілес «Әсем» базарына бас сұғып, бағаларды шолып шықтым. «Көкшетаулық» картоптың бір келісі – 130 теңге, «павлодарлық» 140 теңгеден сатылуда. Айтпақшы, мұнда келісі 250-300 теңге тұратын мысырлық ақ картоп та тұр. Екі сатушы – Майра апай мен Жандарды сөзге тарттым. Майра апай айтады: «Картопты көтерме бағамен «Шарын» базарынан 118 теңгеден аламыз. Бар-жоғы 22 теңге қосып, күніне үш қап сатамыз. Бағасын өзіңіз көріп тұрсыз. Сапалысы – павлодарлық картоп. «Шарында» ең арзаны 100 теңгелік картоп та бар. Оны ешкім алмайды. Менің сөремде мысырлық ақ картоп та бар. Оны сатып алатындар сирек. Бай адамдар дәмін көруді қызықтап сатып алады». Жандар айтады: «Бір аптаға 20-30 қап әкелеміз. Алатын жеріміз – тек «Шарын» базары. Баға 100-125 теңге аралығында. Осында әкеліп, 135-140 теңгеден сатамыз. Өткен жылы шетелдік (қытайлық, мысырлық, пәкістандық және т.б.) картопты 350 теңгеден де саттық. Оған қарағанда арзан ғой. Аршалының картобының бір келісі – 140 теңге. Жұрт алып жатыр. Қымбат емес. Енді бұл Астана ғой».
Одан  әрі «Шарын» базарына бардым. Ығы-жығы халық. «Әсем­нің» сатушылары айтқандай,
алуан түрлі картоп самсап тұр. Орташа көтерме бағасы – 115-118 теңге. Көзбен көріп, қолмен ұстап, үйге деп 4-5 келі картоп сатып алып, әрі қарай жолға шықтым. Айтпақшы, жолай «Магнум» гипермаркетіне бұрылдым. Онда картоптың келісі 129 теңгеден тор қалтаға салынған өнімнің сапасы көңіл көншітпейді. Тұтынушының таңдауға құқы бар.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды