Кәрібай МҰСЫРМАН: ЕЛ МҮДДЕСІ БӘРІНЕН БИІК ТҰРСЫН

«Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?» деп Мұқағали ақын жырлағандай, өмір бір орында тұрмайды. Әр күн, әр сағат, әр минут арнасымен аққан өзендей жылжып өтіп жатады. Осы қамшының сабындай қысқа ғұмырда қоғам үшін, елі үшін, өзі үшін адам не тындырады? Адами құндылықтар, ұлттық сана, кісілік келбет деген ұғымдарды қалай түсініп жүрміз? Жалпы біз рухани жаңғыруды, жаһандық өзгерістер мен жаңашылдықтарды қалай қабылдаймыз? Оған дайындығымыз, ұмтылысымыз қалай?
Әрине, бұл тұрғыда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қатардағы қарапайым азамат түсінетін, баршаға ұғынықты, бай әрі ықшам тілмен көп нәрсе айтылған.
Елбасының осы мақаласынан кім қандай ой түйеді?
Біз осы төңіректе белгілі қаламгер, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, әріптесіміз Кәрібай МҰСЫРМАНДЫ әңгімеге тартқан едік.

– Кәрібай Иманжанұлы, біз жаңа заманның өткеліне табан тіреп тұрмыз. Жастардың бойынан тектілік пен тәрбиелікті көргіміз келеді. Сөз ләмін осыдан бастасақ.
– Халқымызды қашанда ұрпақ тәрбиесі, ұлт болмысы бейжай қалдыр­маған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген аталарымыз адам бойындағы мінез-құлықтың, болмыс-бітімнің әу баста отбасында қалыптасатынын, өнеге де, тәлімді тәрбие де сәбиге отбасы, ошақ қасы – қара шаңырақта сіңірілетінін жақсы білген. Сондықтан баланы бесіктен белі шықпай жатып имандылыққа, мейірім-шапағатқа, қайырымдылыққа баулуға тырысқан.
Расында, қаршадайы­нан дін мен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, одан мейлінше сусындаған ұрпақ теріс жолға түспейді, жат ағымдардың жетегіне ілеспейді.
Жастардың бойында өмірге деген шексіз құлшыныс қалыптастырып, неғұрлым тұтастыққа жету үшін елді айшықтап тұратын ұлттың танымдық, тәрбиелік маңызға бай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері болса керек.
Біз кешегі кеңес заманында қазақы қалпымыздан жұрдай болып, кеңес халқына айналып кете жаздадық. Одан кейін батыстағыларша баю жолы осы екен деп, «ақша жасау» ауруына шалдығып, адамгершілік пен ар-иманнан айырылуға айналдық. Біздің елде де қарынның қамын ғана күйттейтіндер көбейді. Тіпті Елбасы сенім артып, «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға жіберіп, озық білім алғызған жастарымыз­дың арасында да иманды емес, қарынды ойлайтын «қарынбайлар» барлығы әшкереленіп жатқандығы өкінішті-ақ. Сондайды естігенде ғұлама ғалым әл-Фараби бабамыздан қалған «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген аталы сөз еске түседі.
Бұдан шығатын қорытынды – орталықта да, жергілікті жерлерде де мемлекеттік органдардың басына терең білімді ғана емес, ел мүддесін қара басының қамынан биік қоятын, адамдық ар-ұяты, ұлттық намысы бар, иманды да парасатты, мемлекетшіл тұлғалар келуге тиісті.
– Ұлттық сана, ұлттық жаңару дегенді қалай түсінесіз?
– Бұл сөздердің мағынасы кең, ұғымы терең. Қазақта «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген сөз бар. Бұл – тәрбиенің ең қайнар көзі. Бесіктен белі шықпай жатып сәбиді тәлімді, ғибратты дүниелерге баулу, керітартпа, керексіз нәрселерден аулақ болуға үйрету нағыз қазақы болмыс. Қарапайым тілмен айтқанда, бізді Алла тағала қазақ қылып жаратқандықтан, біз қазақ болып қалуымыз керек. Қазақ болғанда да қазақ-кеңес әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің кейіпкері – Мырқымбай қазақ емес, өзге ұлттармен терезесі тең, қай жағынан болсын бәсекеге қабілетті һәм білімді, іскер, еңбекқор, парасатты, намыс­ты, иманды, бауырмал қазақ болып қалуға тиіспіз.
Ойлап қарасақ, біз – жиыр­ма бес жастағы тепсе темір үзетін жігіт сияқты жас елміз. Рас, біздің де «балалық ауруымыз» болды. Өз асылымызды – жасық, өзгенің қаңсығын таңсық көргендігіміз – сондай дерттің белгісі. Енді ес жиып, жат жұрттардың әспеттеген құндылықтарының бәрі бірдей бізге опа бермейтінін түсіндік. Өзіміздің бірегей болмысымызды, яғни, ұлттық құндылықтарымыз­ды сақтамасақ, біртұтас ел болып қалуымыз да екіталай. Асыл дінімізді ығыстыруға күш салған теріс ағымдар халқымызға қаншама қайғы-қасірет әкелгендігі – соның айғағы.
Демек, әртүрлі ауа жайы­лушылықты тоқтатып, қай салада болсын өз жолымызбен жүретін күн туды. Сондықтан да Елбасы үстіміздегі жылы Ата Заңымызға мынадай аса маңызды түзету енгізуге бастамашы болды: Конституцияның 4-бабының 3-тармағы «Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады» деген жаңа редакцияда жазылды. Бұл – біз бұдан былай да халықаралық шарттардың басымдығын мойындаймыз, бірақ оларды өз еліміздің ерекшеліктерін ескере отырып, ұлттық мүддемізге сай қолданамыз деген сөз.
Орайы келген соң айта кетейін, ұлттық кодын сақтауға ұмтылып отырған басқа да түркітілдес елдер бар. Мәселен, біз сияқты «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген қағиданы ұстанбай, саясатты бірінші орынға қойып, демократиялық өзгерістерге басымдық беріп, Батыстан мақтау естіп келген көршілес Қырғыз елі былтырғы жылдың аяғында референдум өткізіп, халықаралық шарттарды қолдану тәртібін енді өздері белгілейтін болып шешті. Бұған қоса, Қырғыз Республикасының Конституциясында қарастырылған неке туралы бапқа да түзету енгізіп, неке әйел адам мен ер адамның арасында жасалады деп, тайға таңба басқандай етіп анықтап жазды. Бұл, әрине, біздің ұғымымыздағы азғындық көрінісін адам құқығы деп түсінетін кейбір шетелдерге ұнай қоймайтындығы сөзсіз. Осындай қадамға баруларына қарағанда, айыр­қалпақты ағайындарымыз­ды да ұлттық кодты сақтау мәселесі ойландырып отыр­ғандығы даусыз.
– Латын әліпбиіне көшу жөніндегі ой-пікіріңіз қандай?
– Өз басым Елбасымыздың елорданы Алматыдан бұрынғы Ақмолаға – бүгінгі Астанаға көшіргендігін еліміздің ішкі саясатындағы азаматтық ерлікке пара-пар, кемеңгерлік шешімі деп білемін. Тұңғыш Президентіміздің одан кейінгі тіл тағдыры мен ел тағдыры үшін аса маңызды бастамасы қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру болғалы тұр. Бұл да – тарихи таңдау.
Түбі бір түркі жұрты (Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан) әлемдік өркениет биігіне жетудің бір жолы ретінде латын әліпбиіне көшкен заманда Қазақстанның да көштен қалып қоюының еш қисыны жоқ. Латыншаға көшу ана тіліміздің одан әрі дамуына және өрісі кеңеюіне қолайлы мүмкіндік берері, сондай-ақ, қазіргі ақпараттық технологиялар заманының талабына барынша сай келетіндіктен, еліміздің әлемнің ең мықты отыз мемлекетінің қатарына қосылуына да септігін тигізері анық.
Естеріңізде болса, көршілес Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстан автономиялы республикасының бірінші Президенті Минтимер Шаймиев те өз кезінде татар тілін латыншаға көшіру туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда 2002 жылы РФ мемлекеттік думасы Ресей мемлекетінде барлық тіл тек кириллица әліпбиі бойынша дамытылуға тиістігі туралы заң қабылдауына байланыс­ты Татарстанның латын әліпбиін қолдануына тыйым салынған еді. Бауырлас татар ағайындар жете алмаған арманға біз, қазақтар, еліміздің Тәуелсіздігінің арқасында жетіп отырғанымызды түсіне білейік.
Әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Тілдің ішкі-сыртқы жағдайы, кірме дыбыстардың төл сөздеріміздің фонетика-грамматикалық талаптарын бұза бастауы секілді түрлі жайттар әліпби өзгерту мәселесін алға тартты. Демек, әліпби өзгерту тек кирилл әріптерін латынмен алмастыру ғана емес, жазу саласында да реформа жасау қажеттігін талап етеді.
Әрине, Қазақстанның көпэтносты ел болуына байланысты өзіндік ерекшелігі ескерілуі керек. Елбасы айт­қандай, жұрт жаңа әліпбиге бейімделгенше кириллицаның біраз уақыт қатар қолданылғаны дұрыс.

Түбі бір түркі жұрты (Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан) әлемдік өркениет биігіне жетудің бір жолы ретінде латын әліпбиіне көшкен заманда Қазақстанның да көштен қалып қоюының еш қисыны жоқ. Латыншаға көшу ана тіліміздің одан әрі дамуына және өрісі кеңеюіне қолайлы мүмкіндік берері, сондай-ақ, қазіргі ақпараттық технологиялар заманының талабына барынша сай келетіндіктен, еліміздің әлемнің ең мықты отыз мемлекетінің қатарына қосылуына да септігін тигізері анық

Латыншаға көшуге қарсы пікір айтушылар осы уақытқа дейін кириллицамен басылып шығарылған қыруар дүние­міз, әсіресе, ұлттық әдебие­тіміз қажет болмай қалады деген уәж айтады. Меніңше, бұл мәселеге де тәуелсіз еліміздің ұлттық мүддесі, ұлттық кодын сақтау тұрғысынан қарау қажет.
Бұл ретте Мұхтар Әуезов: «Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деген пікірін ескерген ләзім. Кеңес одағының жазушыларға арналған ең басты марапаты – Лениндік сыйлығына ие болған қаламгер осы пікірін Мағжанды мақтап, оның шашбауын көтеру үшін айтпағандығы шүбәсіз. Социалистік реализм әдісімен кеңестік идеология­ның ыңғайына жығыла әрі қатаң цензура арқылы жазылып, жарияланған әдеби шығармалардың сол кездегі заман шындығы мен өткен тарихты таптық тұрғыдан әдейі бұрмалап көрсеткендігін меңзеп айтқандығы кәміл. Сондықтан да қазақ-кеңес әдебиеті өкілдерінің шығармаларын сыни көзқараспен қайтадан зерделейтін кез келді. Олардың ішінен ұлттық мүддемізге сай келетін, тарихи әділдікке қиянат жасалмаған шын асыл дүниелерді ғана латыншаға көшіріп, басып шығарып, өскелең ұрпақ игілігіне пайдаланғанымыз жөн болар.
– «Адам туған жеріне кіндігімен байланған» деген сөзді қалай түсінесіз?
– «Адамның туған жерге кіндігімен байлануы» деген сөз – жаратылыс заңы. Жан иесінің кіндік қаны тамған мекені қай кезде де бүйрегінің бір бұрышында сақталып жүреді. Оны ешқашан ұмыта алмайды.
Осы бағытта Мемлекет басшысы да бағдарламалық мақаласында бағыт-бағдар ұсынған еді. Демек, көпшілік осы негізді басты мақсат етіп, оны нақты жүзеге асыруға жұдырықтай жұмылу қажет деген сөз. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің көрінісі.
Әрине, бұл істе көп нәрсе жергілікті атқарушы органдарға байланысты. Осы ретте бір ескеретін жайт – урбанизация процесіне байланысты көптеген ауылдардың тұрғындарының елеулі бөлігі, әсіресе, жастар жағы қалаларға көшіп кеткені мәлім. Олардың араларынан шыққан мықты кәсіпкерлер мен әр салада айтарлықтай табысқа жеткен азаматтардың қазір кіндік қандары тамған атақоныстарында ат басын тірейтін үйлері, яғни, жақындары жоқ. Көбісінің туған ауылдарына бармағанына бірнеше жылдың жүзі болған. Сондықтан, ауыл әкімдері әуелі олардың өздері оқыған мектептерімен байланыс орнатуына ұйытқы болуы керек сияқты. Мәселен, ауыл мектебі түлектерінің форумын неге өткізбеске?! Мұндай алқалы жиында өмірде жақсы жетістікке жеткен ағалары мен әпкелерін көріп, олардың айтқан сөздерін тыңдап, туған жерге деген перзенттік сағыныштарын сезінген оқушылар да айрықша ғибрат алары анық қой.
– «Ұлттың табысты болуы адамдардың бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады» дегенге не айтасыз?
– Бәсекеге қабілеттілік дегенде өз басым еврей халқының мынадай бір ұстанымын құп көремін. Олар: «Сен егер скрипкашы болам десең, скрипканы өзге жұрттың бәрінен артық тартуға тиіссің. Ал етікші болғың келсе, онда ең үздік етікші болуға міндеттісің» дейді екен.
Ал қазақта намыс деген керемет ұғым бар. Өзіміз де намысқа тырысып, қатарымыздан кем қалмауға, көштің соңында емес, басында болуға ұмтылдық. Бәсекеге қабілеттілік деген сол – таңдаған мамандығыңның хас шебері бола білу. Әрине, бұл үшін қазіргі ақпараттық технологиялар заманында көп оқып, ізденбесең, болмайды.
Дамыған 30 елдің қатарына қосылуға талпынған тұста елдің рухани байлығының үлесін көбейту де аса маңызды. Өйткені бәсекеге қабілеттілік экономиканың өрлеуімен ғана бағаланбайтындығы белгілі. Қазақ халқының рухани құндылықтарын бірізді ету, түгендеу, саралау, заман талабын ескере отырып тура жолға қою мен дамыту ұлттық мемлекеттікті нығайтып қана қоймайды, сонымен бірге оны мәңгілік ету жолы да баянды болмақ.

Тіпті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға қарайтын мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдардың 5-10 жылдығынан бастап, 95 жылдығына дейінгі әрбір «дөңгелек» және «жартылай дөңгелек» даталары мерекеленіп келе жатқандығы мәлім. Мұндай мерейтойларды министрлер мен әкімдер тоқтатпақ түгіл, өздері де олардың төрінен табылып, мінберден қызу құттықтау білдіріп, жұмыс уақытын шығындап жүретіндігін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оқып та, көріп те келеміз

– Елбасы мақаласында ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлыққа жол бермеу туралы да айтылады ғой…
– Бұл тұрғыда ойланарлық жайлар жетеді.
Той жасау үшін банктен кредит алып, қарызға белшесінен бататын, 200-300 орындық мейрамханалар тарлық қылып, 500-1000 орындық тойханалар салуға көшкен, жас жұбайлар мен олардың жолдас-жоралары мінген салтанатты кортежге әуеден жол бастайтын тікұшақ қосуды да шығарған ағайындарымыздың ысырапшылдығы мен даңғойлығы бұқаралық ақпарат құралдарында қанша сыналып жатса да, одан шыққан нәтиже шамалы. Бұл орайда біз әзірге той-томалақ өткізуге көршілес Өзбекстан және Тәжікстан елдері сияқты қатаң шектеу енгізу жайлы сөз қозғаудан бұрын, әуелі «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысын дұрыс орындап алғанымыз жөн сияқты.
Өйткені аталған Қаулыда «облыстардың, қалалардың, қызметтің түрлi саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткiзген ұйымдардың және жекелеген тұлғалардың мерейтойлары жүз жылдығында, одан кейiн әрбiр жиырма бес жылда аталып өтiледi» деп, тайға таңба басқандай етіп анық көрсетілген. Өкінішке қарай, Үкімет бекіткен бұл тәртіптің сақталуын қазіргі таңда қадағалап отырған ешкім жоқ десек, жаңылыспаспыз.
Тіпті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға қарайтын мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдардың 5-10 жылдығынан бастап, 95 жылдығына дейінгі әрбір «дөңгелек» және «жартылай дөңгелек» даталары мерекеленіп келе жатқандығы мәлім. Мұндай мерейтойларды министрлер мен әкімдер тоқтатпақ түгіл, өздері де олардың төрінен табылып, мінберден қызу құттықтау білдіріп, жұмыс уақытын шығындап жүретіндігін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оқып та, көріп те келеміз.
Ол ол ма, кейінгі кезде кейбір мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары мен жекелеген тұлғалар өз беделдерін көтеру мақсатымен республикалық мемлекеттік органдардың басшыларына өтініш жолдап, алдағы мерей­тойларына орай құттықтау хат жазып жіберуін сұрайтын әдепсіз әдет те пайда болды. Мұның өзі сондай құттықтау хаттың мәтінін дайындайтын мемлекеттік қызметшілердің қаншама уақытын босқа ысырап қылуда десеңізші?!
Бұл ретте Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасына сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де қолдау білдіруге тиісті зиялы қауым өкілдері де қанға сіңген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертуге аса құлықты емес сияқты. Мәселен, кейінгі жылдары университеттерде белгілі ғалымдардың 70 және 80 жылдық мерейтойларына арналған ғылыми-практикалық конференциялар өткізу дәстүрге айналды. Тек сондай жиындар ғылымды дамытуға қаншалықты үлес қосады? Мәселе сонда. Ал кейбір ақын-жазушыларымыз өздерінің 70 пен 80 жасқа жетулерін күтуге төзімдері жетпей, 60 пен 65 жасқа толуын да туып-өскен өңірлеріне барып, облыс пен аудан басшыларының қатысуымен дүркірете-думандата тойлау­ды тоқтатар емес. Осындай мерейтойларды өткізу үшін әкімдер демеуші іздеп, кәсіпкерлерге қосымша салмақ салатындығы да жасырын емес.
Әрине, мерейтой жасау-жасамау – әркімнің өз еркі, өз шаруасы. Мәселен, әлпештеп өсірген балалары табысты қызмет атқарып, һәм жеке бизнесін дөңгелетіп, ақшаны күреп табатындықтан, өздері туған-туыстарды шақырып, той жасап, ата-­аналарына құрмет көрсетіп жатса, әке-шеше үшін ол да бір ғанибет қой. Ал мемлекеттік органдардың басшылары мен әкімдерге: «Елге сіңірген еңбегімді елеп, мерейтойымды өткізіп бер…» деп міндетсу ұят емес пе?
Осы төңіректе ойланатын мәселелер баршылық.
– Алаш қайраткерлері туралы, олардың күресінің тағылымы қақында не айтасыз?
– Мен 1992 жылы «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бұрынғы Көкшетау облысындағы меншікті тілшісі болып істеп жүргенімде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті басқармасы арқылы 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылған белгілі революционер-большевик Әбілқайыр Досовтың жеке ісін алдырып оқып, «Қан тамған қолжазбалар» атты үлкен мақала жазғанмын («Егеменді Қазақстан», 1992 жылғы 10 сәуір). Сол қолжазбаларында Әбілқайыр Досов 1933 жылы Мәскеуде, сауда академиясында оқитын Әлкей Өтекиннің үйлену тойында Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің бұрынғы Төрағасы Нығмет Нұрмақов: «Бірігу туралы ой әркезде менің идеям болды. Бірақ, кейбір тұлғалардың кінәсінен кешігіп қалдық. Сол үшін күллі қазақ халқы шеккен зардап аз емес. Әйткенмен, ештен де кеш жақсы. Ең алдымен, біз өзімізді күйзеліске ұшыраған қазақ халқының мұң-мүддесі біріктіретіндігін есте ұстауымыз шарт. Ал өзгесі – екінші кезектегі мәселе» дей келіп, «Тек қана біздің қырсығымыздан зардап шеккен қазақ халқы үшін» деп тост көтертті» деп жазған екен. Нұрмақов­тың сол сөзі кімге болса да ой саларлықтай сөз, тарихи тағылым емес пе?!
Алаш қайраткерлері бізге ең бастысы – ел бірлігі екендігін айтып, аманаттап кетті.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Сонымен қатар

Welcome to Astana – ШЕТЕЛДІК ТУРОПЕРАТОРЛАРДЫ АСТАНА ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ

Астанаға Қытай, Иран және ТМД елдерінен 80 туроператор келіп, «Астана Конвеншн бюросының» ұйымдастыруымен өткен «Welcome …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған