«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Капсулалы қонақүйлер қойылады

1 109

Бүгінде бас қаланың әуежайы шетелге шығатын 33 бағдарға, ал республика ішінде 17 бағдарға тұрақты түрде қызмет көрсетуде. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдың жолаушылар ағыны арта түсуде.

Мамандардың мәліметінше, аталмыш әуежайдан АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына тікелей ұшатын күн де алыс емес көрінеді. Бұл бағыттағы әуе байланысы 2021 жылы ашылады деп жоспарланып отыр. Қазақстанның ұлттық тасымалдаушысы – Air Astana компаниясы қазіргі уақытта бұған қызу дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Қазіргі таңда Астанада жаңа шетелдік авиакомпаниялар саны көбейген. Соған орай жазғы маусым басталғалы бері шетел бағыты бойынша жаңа бес бағдар қосылса, ел ішіндегі рейстер тағы да үш бағдармен толығыпты. Мамандардың сөзінше, халықаралық рейстерге қызмет көрсететін бірінші терминал бүгінде бір уақытта ішкі және сыртқы рейстерге, яғни 2150 жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Ал екі терминалды қоса алғанда, жылына 8 млн 230 мың жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік бар көрінеді. 2016 жылмен салыстырғанда былтыр жолаушылар ағынының өсімі 25 пайызға артқан.

Шетелдің үлкен қалаларын Қазақстан шаһарларымен байланыстырып, Орта Азиядағы аймақтық хабқа айналу үшін Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай транзиттік тасымал әлеуетін арттыруға ден қойып отырғанын айтады мамандар.

–Air Astana жолаушылар ағынын ұлғайтуға жол ашатын арнайы бағдарлама әзірлеуде. Ал әуежайда транзиттік жолаушыларға қолайлы болу үшін капсулалы қонақ үйлер қойылады. Олар маусым айының соңында, Астананың 20 жылдығы қарсаңында беріледі. 1 маусымнан бастап әуежайда модульді жүк қоймасы пайдалануға берілді. Ол перронға тікелей шығатын бақылау аумағында орналасқан. Нысанның жалпы аумағы 1100 шаршы метрден асады.

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

  1. Айгүл :

    Жақсы жаңалықтың жаршысы бола беріңіздер!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды