«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Каникул. Балалар қайда қыдырады?

0 128

Күн ысығаны сол, балалар «мама, «обливашкиге» барайықшы» деп қиыла бастады. «Обливашки» дегені немене? Ол қайда? Балалар үшін қауіпсіз бе? Бір барып көрейін деп, соларды ертіп шықтым.

Балалардың «обливашки» деп отырғаны, біздің бала кезіміздегідей су шашысып ойнайтын жер екен. Сарыарқа көшесі бойында, «Думан» орталығының жанындағы орталық саябақта жасалған. Үсті-басын малмандай су қылмас бұрын, алдымен балаларды алып, Астаналық саябақты аралауды жөн көрдім. Қыс бойы ойнайтын жер іздеп «Хан Шатыр», «Меgа Silk Way», «Керуен», «Еуразия», «Азия парк» сауда орталықтарын, «Арсенал» кинотеатры мен «Думан» кешенін, одан қала берсе, «Алау» мұз айдынын айналшықтаған ата-аналардың бәрі бұл күндері жаздық маусымда жұмыс істейтін ойын алаңдарын жағалайды емес пе? Астаналық саябақтың қашаннан жаз бойы елордадағы балалардың мереке алаңына айналғаны да анық.
Саябақта Астана қаласының Коммуналдық меншік қорына қарасты 13 аттракцион жұмыс істейді екен. Олардың біреуі «Мельница – экстремаль» аттракционы да, қалғандары «Жылқылар» әткеншегі, «Ұшақтар» әткеншегі, шынжырлы карусель, «Қарақшы кемесі» әткеншегі, балалардың шынжырлы әткеншегі, «Жұлдыз­құрт көңілді сырғанағы», паровоз секілді ойын жабдықтары. Кейбіріне 3 жасқа дейінгі балалар ересектермен бірге отырғызылса, ендігі біреулеріне ата-аналар ересектер билетін сатып алып 5 жасқа дейінгі баласын тегін алып отыра алады. Мұнда балаларға арналған билет бағасы 150-300 теңге аралығында екен.
Коммуналдық меншік қоры директорының орынбасары Ғайни Хасеновтің айтуынша, Астаналық саябақта, бұдан бөлек, жеке инвес­торлар орнатқан «Экзотариум», «Сальто трамплин», «Зеркальный лабиринт» сынды тағы 7 аттракцион бар. Олардың билеті – 500-1000 теңге аралығында.

Сауда-ойын-сауық орталықтарындағы ойын алаңдарынан ерекшелігі, мұнда мемлекет меншігіндегі аттракцион бағасы арзан. Ал көп балалы отбасылар мен балалар үйі балаларына, сонымен бірге, мүгедек балаларға қор меншігіне кіретін ойын жабдықтарын тегін тұтыну жолдары қарастырылған. Ол үшін баланың туу туралы куәлігі мен анасының көп балалы ана екенін растайтын құжаты болса жеткілікті.
Біз жұмыс уақытында барғандықтан, саябақтағы аттракциондардың тоқтап тұрғанын бірден байқадық. Себебін сұрағанымызда, саябаққа сенбі, жексенбі және мереке күндері ғана кісі көп келетіні айтылды. Ал былайғы кезде лагерьлерден жетекші ұстаздар әкелген балалар арқылы ғана кіріс кіріп тұрады екен. Ал ата-аналар көп жағдайда балаларын әткеншекте ойнату үшін жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін келе бастайды. Жауынды күндері кісі аяғы тіптен азаяды.
Елордада жаз кезінде балаларды апаруға болатын орындардың қатарында «Жерұйық» және «Студенттер» саябағы да бар. Мұнда 20 мамырдан бастап 30 тамызға дейін Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасының тапсырысы бойынша «Саябақтың жеті кереметі» анимациялық шоуы қойылады екен. Ал әр жексенбі күні барлық саябақта «Астананың фитнес паркі» спорттық шарасы өтеді.
Күн ысығанда балалардың күмп беріп түсе кететін су, яғни шомылатын жер іздейтіні белгілі. Жағажайға алып баратын үлкендер болмағандықтан, кейде қала орталықтарындағы субұрқақтарға барып шомылып жүрген балаларды да аз кездестірмейтінбіз. Электр тогына түспесін деп кейбір субұрқақтарға балаларды жуытпағанымен, соңғы жылдары олардың шомылып, салқындап алуы үшін жасалған орындар да бар екенін байқадық. Жаңағы «обливашки» деп отырғаны солар.
Таяуда елордамыздың 20 жылдық тойы қарсаңында Есіл ауданына қарасты Сарайшық және Мәңгілік ел көшелерінің қиылысынан Алматы облысы тарту еткен «Жетісу» саябағы ашылғаны белгілі. Бұл саябақ ,әсіресе, балалардың игілігі үшін салынған сияқты. Ол жерден Жетісудың сулы, нулы, таулы табиғатын елестетіп көруге болады. Бұлақ көзі ұқсап атқылайтын субұрқақ пен қолдан жасалған тоғандар да балалардың шомылуына өте қолайлы жасалған. Бұлаққа ұқсап жерден атылып ағатын субұрқақ, міне, сол балалардың ыстықта ындыны құрып айтып жүретін «обливашки» дегені екен.
Күннің ыстығында бұл саябаққа барсаңыз, бірі суға сүңгіп, енді бірі бұлақ-субұрқақ астында шомылып, салқындап, рахатқа бөленіп, томпаңдап жүрген кішкентай бүлдіршіндерді көрер едіңіз. Ал үлкен ақ шатыр астына жасалған ойын алаңы тіптен керемет. Күннің кез келген мезгілінде баламен барып, ата-аналар тынығып, ал балалар асыр салып ойнап, демалып қайтатын жер.
Саябақ демекші, елордамыздағы барлық саябақтарда күзетшілер күндіз-түні жұмыс істейді екен. Ал «Жетісу» саябағына итпен кіруге тіптен тыйым салынған. Демек, мұнда көк шалғынға аунап, пикник жасап демалуға да, шомылуға да, батут пен басқа да ойын алаңдарында ойнауға болады.
Жазда күн ұзақта балалардың үйде отырғысы келмейтіні анық. Ауладағы әткеншек, сырғанақтардан да жалығып, жаңа қызық іздейді емес пе? Міне, сондай сәтте осы аталған жерлерге алып барып,балаңыздың шат күлкісіне көңіл толтырып қайтуыңызға әбден болады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды