«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ІЗІМДІ ЕЛДОС СМЕТОВ БАСАДЫ

0 106

Газетіміздің бұл жолғы кейіпкері – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, аңыз адам, ел ағасы Жақсылық Үшкемпіров. Астанаға ат басын бұрғанын әлеуметтік желіден біліп, дереу әңгімелесіп қалуға әрекет жасадық. Сөйтіп, телефонын тауып, қоңырау шалдық. Тоқтаған жері біздің редакцияға жақын болып шықты. Бәйтеректің түбінде орналасқан тұрғын үйде баласының пәтері бар екен. Содан бір күн ғана аялдайтынын, асығыс екенін айтқан ағаға асай-мүсейімізді асынып, жетіп бардық.

9d30f196e8ace6329592b72e52dae702

ОЛИМПИАДА АЛТЫНЫНА ЕШҚАНДАЙ ЖҮЛДЕ ТЕҢ КЕЛМЕЙДІ

– Жақсылық аға, елге есіміңізді әйгілетіп, аты­ңызды асқақтатқан ол – спорттағы жетістіктеріңіз. Оның ішінде, әрине, Олимпиада алтынының өзі – бір төбе. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойы қарсаңында сізбен осылай сұхбат құру – бізге ғанибет. Бағындырған биіктеріңізді қазір ел аңыз етіп айтады. Бұл белестерді егемендік жылдары есейген ұрпақ біле бермейді…
– 1968 жылдың 5 қазанында Семейдегі зооветеринарлық институтқа оқуға бардым. Бәрі сол жерден басталды. Әйтпесе, күреспен айналысамын деп ойлаппын ба?! Олимпиада шыңына шығу ойыма да кіріп-шықпаған. Содан бірінші курста шаңғы тебуден сынақ тапсыруға тура келіп, ол сыннан өте алмадым. Қары қалың түспейтін күнгей жақта туған маған бұл шаңғы алынбас қамалдай болды. Мұны өтеу үшін мені спорт залына жіберді. Бір жаттықтырушы шақырды да «Ей, бала, қане мынамен күресіп көрші» деді. Күрестің ешқандай ережесін білмеймін. Әйтеуір ұстадым да, тарс еткізіп жықтым. Одан соң тағы үшеуін жеңіп тастадым. Оның біреуі спорт шебері атағына үміткер екен. Бірақ мен оларды жеңгеніме емес, шаңғының сынағын өтегеніме масаттанып, мәз болдым.
Араға 15 күн салып инс­титуттың біріншілігіне қаты­сып, жеңімпаз болдым. Бұл – менің ең алғашқы тур­нирім. Тағы 15 күннен кейін қалааралық турнирде бақ сынадым. Бір айдай жинаған тәжірибем бар. Аздап әдіс-тәсілдерді меңгердім. Онда да бәрін жеңдім. Қалай жеңгенімді өзім білмей қалдым. Тіпті, күресіп жүргенімде жастар арасындағы турнир ме, әлде ересектер арасындағы ма, ажырата алмадым.
Бір жылдан соң республика біріншілігінде күрестім. Одан да бірінші болдым. Бірақ менің жеңістерім кездейсоқтық деп сипатталып, КСРО чемпионатына қатыстырылмайтын болдым. Сол кезде классикалық күресте орын бар екенін біліп, сонда бақ сынап көрдім. Екі аптадан кейін тағы жеңімпаз болып, ақыры іліндім.
1971 жылы КСРО-да бесінші орын алдым. Келесі жылы үшінші орын, одан кейін 1973 жылы тағы үшінші орын иелендім. 1974 жылы екінші орынға көтеріліп, 1975 жылы әйтеуір бірінші болдым. Бірақ Олимпиадада басқа балуан күресетін бол­ды. Бұл жетістікті 1980 жылы қайталап, КСРО-ның екі дүркін чемпионы болдым. Осыдан кейін ақыры Олим­пиадаға қатыстым. Қатысып қана қоймай, алтыннан алқа тақтым. Мұның бәрі – қазір ертегі сияқты.

КСРО-НЫҢ ЖЕТІ ДҮРКІН ЖЕҢІМПАЗЫ БОЛҒАН ДӘУЛЕТ НАҒЫЗ АЗАМАТ

– Олимпиадаға қатыса алмай қапа болғаныңыздан бұрын, КСРО чемпионатында талай рет тауыңыз шағылыпты. Олимпиада алтыны сол жолға жеткенге дейінгі өкінішті сәттердің бәрін жуып-шайып жібер­гені түсінікті. Дегенмен, ең есте қалған, жеңіс уысы­ңызда тұрып, соңғы секундтарда сусып шығып кеткен сәт қайсы?
– Бірде мынандай уақиға болды. 2006 жылы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде Әлем кубогы болып жатқан шақ. Байсейітов пен Дәулет екеуі айтысып жатыр. «Менің әлгі біреуден жеңілген кезім есіңде ме?» деген сияқты әңгімелер өрбіп жатыр екен. Әттеген-айларын айтуда. Мен бардым да, бірден сөзге араласып кеттім: «Дәулет, менің Еуроның финалында жеңілгенім әлі есімнен кетпейді. 4:3 есебімен жеңіп тұрғанмын. Уақытты ұстауға болатын еді. Аяқталуға он секунд қалғанда қатты қызып кетіп, тағы бір айналдырып жіберейін деп әрекеттенгенде саусағым пытыр ете қалды.
Сынып кетті» деп сол сәтке өкініш білдіретінімді айттым. Мен қазір мына сен екеу­міз шәй ішіп отырған кесені ұстасам, әлі күнге дейін қолым қалтырап кетеді.
Сөйтсем, Дәулет «Жақ­сылық аға-оу, сіздің не арма­­­ныңыз бар. Осы менің Әлем, Еуропа, Азия – бәрін қос­қанда сіздің бір Олимпиа­да алтыныңызға жетпейді ғой» деді.
Сосын Дәулеттің тағы мынадай сөзі бар: «Бір Олимпиада алтыны үшін КСРО-ның жеті рет жеңген медалін бере салар ем» деген. Әйтпесе, күрестің тарихында, тіпті, жалпы тарихта жеті дүркін КСРО чемпионы деген жоқ мүлдем. Біз сол үшін Дәулетке ерекше құрмет көрсетуіміз керек. Ол – нағыз азамат. Жақында ғана бір басқосуда жігіттерге осыны айттым. Ол айтқанымды Дәулеттің өзіне де қоңырау шалып жеткіздім. Балаша мәз болып қалды.

zhakslyky-2

ЕЛДОС МАҒАН ҰҚСАЙДЫ

– Сіздің Олимпиада алтынын алғаныңызға биыл – 36 жыл. Содан бері сол шыңға әлі бірде-бір қазақ балуаны шықпады. Осы олқылықтың орнын толтыратын оғландар бар ма бізде?
– Бар! Оның жарқырайтын сәті жақындап қалды. Ол – Елдос Сметов. Менен кейін күрестен Олимпиада алтынын алатын қазақ сол болады. Мен мұны нық сеніммен айта аламын. Оған негіз де жоқ емес. Биыл Риода көп күткен жүлдеге қол жеткізуге сәл-ақ қалды. «Міне, міне осы жолы» деп қатты үміттеніп едім. Бірақ өкінетін ештеңе жоқ. Елдос әлі жап-жас қой. Жасы – жиырма үште. Алар асуы – алда. Мен Олимпиада шыңын отызымда бағындырдым. Оған тағы екі Олимпиадаға баратындай мүмкіндік бар.
Елдос Риода керемет күресті. Өте жылдам, әбжіл қимылдайды. Жұрттар жыл­дамдығына қарап, Брюс Ли сияқты деді ғой. Мен бұған толықтай келісемін. Ол финалда ресейлікпен күш сынасты. Негізгі уақытта тең түсті. Шамалы бақ жетіспей қалды. Мен мысал келтірейін, егер баяғы Кеңес кезеңі болып, сол ақтық сында жеңілген ресейліктен бір бәс жоғары тұрмаса, оның Олимпиадаға қатысуының өзі неғайбыл болатын еді. Сондықтан Елдостың Олимпиадада күміс алуының өзі – егемендігіміздің арқасы. Тәуелсіз ел болып қана өзгелермен тереземіз теңесе алады.
– Елдосқа қарағанда өзіңіздің жастық кезіңізді көргендей боласыз ба?
– Осыны енді айтайын деп отыр едім. Елдос маған қатты ұқсайды. Ештеңеден қорықпайды, тайсалмайды, жүректі. Ол көздегеніне жет­­­пей қоймайды. Қазірдің өзінде Риодағы күміс жүлдесін айтпағанда, Әлем чемпионы атанды, Азия ойындарында бәрінен еңсесі биік болды. Бас­палдақтың бәрінен өтіп келеді. Ал алынбаған жалғыз асу – Олимпиаданың алтыны да алыс емес. Көресіңдер, Токиода топ жарады. Егемен елдің ұлан­дары кілемде солай еркін, сенімді, ширақ күресу керек.

zhaksylyk

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ АТАУЫН ӨЗГЕРТУГЕ ТҮБЕГЕЙЛІ ҚАРСЫМЫН

– Сіздің ойыңызша, «Қазақстан барысы» кү­рестің дамуына қанша­лықты ықпал етіп жатыр?
– Бұл – бүкіл елге бет бұрғызған үлкен іс. Елбасының өзі қолдау көрсетіп отыр. Мұның бәрі жайдан-жай емес. «Ұрпақ күрессін, өзіміздің дәстүрді ұмытпасын» дегені. Жапондар дзюдосын бүгінде жер-жаһанға танытты. Біз де соған неге талпынбасқа?! Қазір Астанада Жекпе-жек сарайы салынып жатыр. Тезірек бітірсе, жақсы болар еді. Жақында «Алматы-Арена» пайдалануға берілді.
– Қазақ күресінің ха­лық­аралық деңгейде танылуы үшін атауын өзгерту туралы сөз болып жатыр. Мысалы, Арман Шораев жай ғана «күрес» деп атағанды дұрыс көреді. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Атауына қатысты сөз шыққаны дұрыс емес. Мысалы, грек-рим күресі, дзюдо болып жаһанға таралды. Біздің де күрес Қазақ күресі деп аталуы керек. Ешқандай да дұрыс емес. Кез келген спорт түрінің аты болуы керек. Мысалы, сен жай ғана жігіт болып жүре алмайсың ғой. Сондықтан бұл атаумен алысты армандау қате. Егер қазақ күресін күрес деп атаса, онда осы күнге дейінгі атқарылған шаруаның бәрі бекер.
– «Қазақстан барысын­дағы» мықтылардың неге халықаралық додаларда даң­қы шықпай жатыр?
– «Қазақстан барысының» деңгейі әлі де төмен. Қазақ күресінің халықаралық аренаға шығуға біраз уақыт қажет. Сондықтан қазақ күресімен
айналысатындар дзюдомен, болмаса басқа да күрес түр­лерімен әуестеніп, Олимпиада чемпионы болу керек. Балуандарымыз тек қазақ күресімен шектеліп қалмаса екен.
Мен жақында Қытайға барып қайттым. Мұңғұлкүрең деген аудан бар екен. 70 мың халқы бар. Бәрі – қазақ. Қазақ десе, жан беруге дайын. Сонда күрестен үлкен жарыс өтті. Осыған қарап, біздің күрестің көкжиегі әлі кеңейетініне
көзім жетті.

ӘР АУЫЛДАН БІР-БІР АЗАМАТ ШЫҚСА, ЕЛІМІЗ ДАМЫП КЕТЕДІ

– Қазақ шекарасын бекемдеп, дербес ел болғанына биыл ширек ғасыр болды. Осынау уақытта сіз басқа қырыңыздан танылдыңыз. Яғни, Тәуелсіздік жылда­рындағы өміріңіз шаруа­шы­лықпен байланысты. Тасы өрге домалаған тірлігіңіз ауылдың дамуына қосылған үлес қой?!
– Айналысқаным – ата-бабамыздың кәсібі. 1998 жылы жүрегім ауырып, дәрігер далаға шығу керек деген кеңес берді. Содан ауылға барып осы шаруаға кірістім. Ісімді 150 ешкімен бастадым. Қазір 5 мың ірі қара, 3 мың жылқы, біраз қой бар. Жалпы, Құдайға шүкір, төрт түлік түгел.
Биыл Елбасы ауызашарға шақырып, бірге отырдық. Дастарқан басында Мемлекет басшысына «Аға, мысалы елде төрт мыңдай ауыл болса, сол ауыл­дарда бір-бірден төрт мың жігіт шықса, еліміз әл­де­қашан гүлденіп кетер еді» деп айт­тым. Діңгегіміз – ауылда.
Елбасының өзі ауылдан шық­қан. Ауылды жайнат­қанымыз – елді дамытқанымыз.
– Жер дауы көтерілгенде, халықты сабырға шақыр­ғандардың бірі – өзіңіз. Ісімен де көпке үлгі шаруақор сіздің сөзіңіз жерде қалмаған шығар…
– Ата-бабадан аманат болып қалған жер бос жатпау керек. Сол жерде егін егіп, мал бағып, еңбек етуіміз керек. Маңдай теріміз сіңбесе, қалғаны – бос әңгіме. Жер дауы шыққанда, халыққа осыны айттым. Осы мәселемен біраз жүгірдік, облыстарды араладық.
Жер дауынан кейін елдің еті тіріліп қалды. Қыбырлап, еңбек ете бастады. Бұл да бір халыққа қозғау болды. Кез келген нәрсенің жақсы жағы болады ғой. Біз мамыр айынан бастап елді шаруаға шақырдық. Күзге қарай егіндері дән бере бастағанда, дән риза болып қалдық. Сондықтан жер дауы жақсы жағынан дүмпу болды. Елдің намысы оянды. Жатқа жерін кім беріп қойғысы келеді дейсің. Бұл да күрестің бір түрі. Өзімізді өзіміз бір қайрап алдық. Жердің қадірін білдік.

ЖҰРТҚА ШАРАПАТЫМ ТИСЕ ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ АРҚАСЫ

– Жұртқа ұдайы жақсылық жасап жүретін жақсы аға былтыр ауылдастарына балабақша мен жатақхана салып берді. Мұны «Тәуел­сіздіктің тойына тартуым» дедіңіз…
– Жамбыл ауданындағы Мыңбаев ауылында іс бастадым. Сол ауылға газ жүргізіп бердім. Ескі ғимаратты қайта салып, балабақша етіп аштым. Қазір онда 100 бала тәр­биеленіп жатыр. Жатақхана салып, 38 отбасыны қоныс­тандырдым. Осының бәрі – шаруашылықтың арқасы. Қаншама адамды жұмыспен қамтып отырмын. Қазір 70 адам менің шаруа қожалығымнан нәпақасын тауып жүр.
– Бапкерлікпен айна­лыс­пасаңыз да, спорт кеше­нін ашып, жастардың жат­ты­ғуына жағдай жасаға­ныңыз шәкірт тәрбиелегеннен кем түспейді ғой?!
– Жақында бапкерім Вадим Псаревтың 80 жылдығын атап өттік. Үйіне барып, көңілін аулап, шапанымызды жаптық. Разы болып қалды. Ал менің бапкер болғанымнан гөрі осындай іс бітіргенімнен елге пайдам тиеді. Қазір өзім ашқан Спорт кешенінде 200 бала күресіп жатыр. Олардың ішінен жастар арасындағы ел чем­пион­дары шығуда.
Спортқа бет бұруыма себеп болған Семейдегі өзім оқыған оқу орнын түгелдей кіреберістен бастап күрделі жөндеуден өткізіп бердім.
– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан:
Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды