«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ізгілік дәнін сепкен…

0 118

Төлеубике апай өткен күндерді жиі еске алады. 1986 жылы желтоқсанда Алматыда отаршыл, әкімшіл-әміршіл жүйеге қазақ жастары қарсы­лықтарын білдірді. Дәл осындай оқиға Ақмолада да өрбіді. Орталық алаңға осындағы жоғары оқу орындарында оқитын қазақ жастары жиналып, билікке: «Ақмолада қазақ мектептері, балабақшалары ашылсын» деген талаптар қойды. Міне, осы оқиға қамшы болды ма, 1987 жылы шаһардағы №3 орыс мектебінен қазақ сыныптарын ашу қолға алынды.

Онда Ақмолада жалғыз ғана Жамбыл Жабаев атындағы №4 қазақ орта мектебі ғана бар болатын. Осындай сындарлы сәттердің ортасында Төлеубике Атығайқызы Мың­жасарова да жүрді. Дәл сол кезде біздің кейіпкеріміздің Қорғалжын ауданындағы Сабындыкөл орта мектебінен шаһардағы Жамбыл орта мектебіне орналаспақ ойы болады. Бірақ оны қалалық білім бөлімі жаңадан ашылатын қазақ сыныбына жібереді. Әрине, оны ашу да оңай болған жоқ.
Қазақ сыныбында оқитын бала жоқ, оқулық тапшы деген сылтаулар да айтылды. Бірақ сол кедергіге қарамастан Төлеубике апай қиындыққа қасқиып қарсы тұра білді. Орыс мектебіндегі алғаш ашылған қазақ сыныбына балаларды тарту үшін осындағы зиялы қауым өкілдері – Мәди Хасенов, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық, Алдан Смайыл, Бәдуан Имашев секілді аза­маттар үйлерді жағалап, оқу­шылардың тізімін жасады. Алғаш болып, Целиноград облыстық атқару комитетінің төрағасы, ұлттың жанашыр азаматы Қасым Тәукенов немересін бірінші сыныпқа жетектеп алып келді. Одан кейін танымал ақын Нұрғожа Ораз немересін, жазушы Нөгербек Мағзұмов және Ескермес Иманбай, Жылқыбай Жағыпарұлы секілді қаламгерлер балаларын берді.
«Сөйтіп, бірінші сыныпқа 25 бала жиналды. Енді оларды оқытатын оқулық та тапшы. Методикалық әдістемелердің бәрі орысша жазылған. Күндіз мұғалім, түнде аудармашы болып, соларды аудардым. Бірақ оған соншалықты мойыған емеспін. Жеткіншектердің оқу­­ға деген ынтасы зор болды. Оларға қал-қадерімше ана тіліміздің құнарын сіңіруге күш салдым. Абайдың, Ыбырайдың шығармаларын оқыттым. Бәрі де қала балалары болса да, тәп-тәуір қазақша сөйлейтін болды. Сол жылдары №3 орыс мектебінен басқа, №8, 26 орыс мектептерінен қазақ сыныптары ашылды. Соларды ашуға үлес қосып, балаларды жинауға күш салған Облыстық «Арқа ажары» газетінің журналистері еді. Бұл кезең мен үшін қиыншылығы мен қуанышы ешқашан есімнен шықпайтын аңызға толы жыл болды» деп еске алады ұстаз.
Төлеубике Ағытайқызы №3 орыс орта мектебінде өзі қабыл­дап алған оқушыларын үшін­ші сыныпқа дейін оқытып, 1991 жылы Жамбыл Жамбаев атындағы №4 орта мектебіне ауысады. Осы оқу ордасында 21 жыл тапжылмай табанды еңбек етті. Бұл мектептің құрылғанына бір ғасырдан астам уақыт өткен. Оның тарихы ежелгі Қараөткелдің өтке­німен сабақтасып жатыр. Кеңес заманында тың орталығы саналған Ақмоладағы қазақ балалары білім алатын алтын ұя атанды. Бүгінде жырау бабамыз атындағы гимназияның жеткен биігін термелесек, ұзаққа шабамыз. Елордадағы ең үздік мектептердің бірегейі. Онда оқитын оқушылар өз білім ордаларын мақтан тұтады. Ата-аналар да балаларын сонда оқытқанды қалап тұрады. Өйткені онда ғасырдан ұзақ қалыптасқан парасатты дәстүр­дің ізі өшпеген. Біз сөз етіп отырған білім ұясының осындай абыройға жетуіне, сондағы білікті мұғалімдер қатарындағы Төлеубике Мыңжасарованың да қосқан үлесі зор. Тәжірибелі педагогтың көп жылғы ең­бегі еленіп, «ҚР Білім беру ісі­нің үздігі» белгісін алды. Ұлы ағартушы атындағы Ы.Алтын­сарин белгісін иеленді. ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бәрінен бұрын апайдың жетістігі – шәкірттері бағындырған белестер. Бүгінде жаны жұмсақ ұстаздан тәлім алған оқушылары еліміздің әр саласында жемісті еңбек етіп жүр. Олардың арасында шетелде оқып, басшылық қызметке көтерілген, ғылым шыңын бағындырған талантты жастар жетерлік.
Ардақты апай зейнеткерлікке шыққаннан кейін де мектеппен біржола қоштасқан жоқ. Кешегі күнге дейін №73 физика-техникалық лицейінде қызмет істеді. Бір сөзбен айтқанда, Қорғалжынның ұядай ғана Ұялы деген ауылынан қанаттанып, Ақмолада шыңдалып, Астанада мерейі өскен Төлеубике апай – шын мәніндегі ұстаз деген мәртебеге ие болған жан.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды