«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ізбасары Аткинсонның ізімен…

0 27

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Ұлыбританиядан келген зерттеуші-журналист, Оксфорд университетінің профессоры Ник Филдингпен кездесу өтті.

Елімізге алыстан ат терлетіп келген қаламгер халқымыздың өткен тарихына қатысты біраз зерттеу жұмыстарымен айналысқан. Дәлірек айтқанда, бұл кісі – XIX ғасырда қазақ даласына келген Томас пен Люси Аткинсонның сапарын қайта жаңғыртып жүрген ғалым. 2016 жылы елордада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бас болуымен автордың «Оңтүстіктегі Ұлы далаға – Томас пен Люси Аткинсонның 1846-1852 жылдары Қазақстанға жасаған саяхаты» атты ағылшын тілінде жарық көрген кітабының таныс­тырылымы болды. Бұл жинақта журналист жоғарыда айтқан екі тұлғаның Орал, Сібір және қазақ даласына жасаған саяхаты жа­йында ой толғайды. Әсіресе, автор Аткинсон кітабының «Қопалдан хат. 17 қазан, 1848 жыл» атты тарауындағы бізге беймәлім деректерді сөйлетеді. Мәселен, Томас пен Люси қазақ жерінде өмірге келген баласына Алатау-Тамшыбұлақ есім беріп, ол бір жасқа толғанша Қапалда аялдап қалған. Осыдан үш жыл бұрын Алатау-Тамшыбұлақтан тараған ұрпақтары Қазақстанға келіп, аталары жүрген жолмен саяхат­тап қайтады. Кездесу тізгінін ұстаған кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева сыйлы қонақтың біздің ұлтымыздың тарихы мен мәдениетіне деген құштарлығы ерекше екендігін жеткізді.
– Қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Бұл жердің тарихы тым тереңде. Томас Аткинсон қазақтың өмірі мен дәстүрі жа­йында құнды еңбек қалдырды. Ол кісінің киіз үйдегі қазақ отбасының тұрмысы мен би, сұлтандарын бейнелеген суреттері сол дәуірден сыр шертеді. Жеке мұрағатымда 18-19-ғасырларда жасалған осы халықтың тұрмыстық бұйымдары бар. Бұл жәдігерлерді кезінде Томас Аткинсон алып келген. Мен оларды көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін. Қазақ даласына келген сайын Томас жүрген жерлерді атпен араласам деп ойлаймын. Бұл саяхатты келесі сапарыма жоспарлап отырмын, – деді Ник Филдинг.
Айтпақшы, қаламгер өз сөзінде халқымыздың көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткен ғалым Шоқан Уәлиханов туралы кітап жазып жатқандығын айтты. Кездесу барысында британдық зерттеушіге Қажығали Мұқанбетқалиұлы, Марат Мәжитов, Тұрсын Жұртбай секілді белгілі жазушылар сұрақтар қойып, ой бөлісті.
Шара соңында кітапхана басшысы мен Ник Филдинг «Оңтүстіктегі Ұлы далаға – Томас пен Люси Аткинсонның 1846-1852 жылдары Қазақстанға жасаған саяхаты» атты кітабын қазақ және орыс тіліне аудару үшін авторлық құқық алу жөніндегі келісімшартқа қол қойды.

(Суретті ұйымдастырушылар ұсынды)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды