«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ізашар

0 37

Биылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздары қатарынан гиперреалист мүсінші Айдос Есмағамбетовтің да есімі аталды.

Осыдан он шақты жыл бұрын Айдос туралы бір жерлесімнен естідім. Ол маған «Біздің жақтан бір жас мүсінші жігіт шығыпты. Елбасының мүсінін айнытпай жасапты» деп көтермелеп сөйледі. Алғашында онша мән берген жоқпын. Кейін ол жайында газет-журналдарда жазылған мақалаларды оқып, шынында да, талантты жас екенін байқадым.
Айдос Арқалықтың іргесіндегі Ашутасты деген ауылда туған. Ұлт ұстазы – Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының бейнелеу өнері және сызу факультетін тәмамдаған.
Оның жасаған мүсіндері ғылыми тілде «гипер­реализм» деп аталады. Бұл жанр өткен ғасырдың 60-жылдары Америка Құрама Штаттарында пайда болып, өнерде үлкен «дүмпу» туғызған. Гиперреализм өнерімен жасалған мүсін жансыз заттың нақ өзін көз алдыңызға дөңгелетіп әкеле қояды. Бүгінде бұл жанрдың қанаты кеңге жайылып, даңғылға айналып үлгерген. Әлемде осы өнер түрімен құбылыс жасаған суретшілер мен мүсіншілер де жеткілікті. Біздің елімізде бұл жанр енді дамып келе жатыр. Оған алғаш түрен салғандардың бірі – Айдос. Сондықтан оны ізашар деп айтуға болады.


Біз Айдоспен шеберханасында кездестік. Атағы жер жарған боксшы Геннадий Головкиннің мүсінін жасап жатыр екен. Бұл жұмысты бір жыл бұрын қолға алыпты. Мүсіннің әлі де біраз қыр­лап-жонатын тұстары бар. «Күнделікті қызметімнен босай бермеймін. Қолым қалт еткенде ғана істеймін» деп жымиды ол. Айдостың мінезі ашық, жайдарлы жігіт. Ешқандай бүкпесі жоқ. Оның өнерге келу жолы да қызық.
– Маған осындай мүсін жасаудың технологиясын ешкім үйреткен жоқ. Бірақ ата-­анам өнер қонған жандар, суретті өте жақсы салады. Бала күнімнен әкем салған портреттерді, картиналарды көріп өстім. Қолы алтын адам. Киімді де тамаша тігеді. Анам да шебер. Солардан бойыма бірдеңе жұққан болар, кішкентайымнан сурет салуға ынтық болдым. Одан қалды, пластилинмен өзім көрген мультфильмдегі кейіпкерлерді айнытпай жасайтын едім. Осылай өнерге жақын болдым. Мектеп бітіргеннен кейін Арқалық педагогикалық институтына оқуға түстім. Ол жерде Жарасқан, Молдакәрім, Ғалымжан деген ағайларымнан бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйрендім, – деді ол.
Алғашқы мүсінін 2009 жылы қолға алыпты. Теледидардан шетелдік шеберлердің өз президенттері мен атақты адамдардың мүсіндерін жасағандарын көрсетіп жатады. Әсіресе, АҚШ-тың президенті болған Барак Обаманы айнытпай салған мүсінді қызығып көреді. Содан ол да «Дәл осылай Елбасының мүсінін неге жасамасқа?» деген ойға беріліп, көп кідірмей жұмысты бастап кетеді. Әуе­­лі ғаламторға үңіліп, біраз мәлімет жинайды. Президенттің фотоларын мұқият зерделейді. Ақыры бір жыл ішінде өзі ойға алған мүсінді аяқтап шығады. Одан кейін Абылай ханның бейнесін жасауды қолға алды. Бабамыздың анатомиялық бет-әлпетінің формасын дәл кел­тіру үшін бі­­­раз еңбекте­неді. Ғалымдардың хан туралы жазылған ғылыми еңбектерін оқиды. Суретшілердің салған портреттерін қарайды. Қыс­қасы, Абылай хан­ның балауыз мүсіні сәтті жасалды. Бұл бейнеге белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековтің өзі ризашылығын білдірген. Ал Барак Обаманың мүсіні оған көп қиындық туғызбайды. Енді ол кезде өзінің тәжірибесі жетіліп, қолы да жаттыға түседі. Және ғаламторда АҚШ-тың бұрынғы басшысы туралы ақпарат пен суреттен көп нәрсе жоқ.


– Әр өнер түрінің өз қиындығы бар. Тұлғаның портретін жасау оңай емес. Көп уақыт, еңбек керек. Ізденісті талап етеді. Бір мүсінді толық аяқтау үшін бір жылға дейін уақытым кетеді. Маған ғаламтордың көмегі көп тиді. Жұмысыма керекті мәліметті содан іздеймін. Алғашқы кезде мүсінді жасайтын материал табу да қиыншылық тудырды. Силикон деген материал біздің елде шығарылмайды. Оны Қытайдан алдырдым. Қазір арнайы тапсырыспен Америкадан алдырған силикондарды қолданамын, – дейді.
Былтыр Айдос бір ай ішінде Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен Әскери-тарихи музейге егемендіктің елең-алаң шағындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұр­мағамбетовтің тарихи құжатқа қол қойып тұрған сәтін бейнелеген мүсіндерін жасайды. Қазір бұл мүсіндер аталған музейде тұр. Айдостың шебер қолынан шыққан дүниелерді мадам Тюссо музейінде тұрған мүсіндермен салыс­тыруға болады. Екеуінің де жасалған технологиясы бірдей. Бірақ бір ерекшелік бар. Аталған мұражайдағы мүсіндерді 10-15 адамнан жасақталған толық команда істейді. Біреуі адамды фотоға түсірсе, екіншісі оған анатомиялық зерттеу жүргізеді. Үшіншісі киімін өлшейді, төртіншісі… тағы осылай кете береді. Ал біздің кейіпкеріміз осыншама қыруар істі жалғыз өзі атқарады. Жас дарын бүгінге де­йін алты айтулы тұлғаның мүсіндерін жасапты. Бірақ оған өзі қанағаттана қоймайтындығын жасырмады.
– Енді мен атақты адамдарды емес, ойымда жүрген қарапайым жандарды бейнелеу арқылы философиялық астары бар мүсіндерді жасағым келеді, – дейді ол.
Қазір Айдос елордадағы «Астана мюзикл» театрының бас бет әрлеушісі болып еңбек етеді. Несі бар, оның шығар биігі әлі алда. Біз соған жетуге тілектеспіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды