«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ит жылының итжығысы мен игілігі

0 54

2018  жылдың ең атышулы оқиғасы атанған «Скрипальдер ісі».
Кеше ғана Керчь бұғазында болған кикілжің АҚШ пен Еуропа елдерінің Ресейге қарсы санк­цияларының қатаюына әкелді. Бұл текетірес шешімін қиындатып жібергендей.

АҚШ президенті Дональд Трамп 2 мың американ солдатының 60 күн ішінде Сириядан кететінін мәлімдеді. «Біз ИГИЛ-ді жеңдік, енді ол жерде әскерлердің қажеті жоқ» деген Трамп­тың сөзін Пентагондағылардың өзі қолдамады. Ресей басшысы В.Путин: «Американың әскерін әкету дегенін түсінбеймін. Олар Ауғанстандағы әскерін 17 жыл бойы әкете алмай жүр» деп түсіндірді. Бір анығы, Башар Асадтың режиміне қарсы 7 жыл бұрын басталған соғысқа нүкте қойыл­ған жоқ. Сириядағы соғыс­ты тоқтатуға Қазақстан да үлес қосты. Астанада Сирия келіссөздерінің 12-ші басқосуы өтіп, тараптар әскери қимылдарды тоқтату тәртібін енгізді. Шетел сарапшылары Астана процесінің Сирия дағдарысын реттеуде тиімді механизмге айналғанын мәлімдеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаңтарда Вашингтонға ресми сапармен барды. АҚШ-тың жаңа президенті Д.Трамппен кездесіп, екі елдің сыртқы саясатының негізгі бағдарларын анықтады. 1 қаңтардан бастап Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуге кірісті. Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның мінберінен жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау тақырыбына баяндама жасады. Д.Трамптың шетел президенттерінен бірінші болып Қазақстан басшысын қабылдауы біздің Орта Азиядағы жетекші, беделді ел екенімізді көрсетті. Қайбір саяси оқиғаны алсақ та, астарында экономикалық мүдделер жататыны анық. Биыл бес ел: Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран, Түркіменстан басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесіне нүкте қойды. Теңіздің бетінің негізгі бөлігі ортақ болса, түбі мен байлығы мемлекеттер арасында әділ бөлінді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» ҚР Президентінің 2017 жылғы 26 қазан­дағы №569 жарлығына өзгеріс енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жолғы нұсқада дәйек­шелер қысқарып, екі таңбалы әріптер пайда болды. Сол күні Сенат төрағасы Қасым-­Жомарт Тоқаев: «Бұл тарихи маңызға ие оқиға» деп қазақ халқына құттықтауын латын әліпбиімен жазды. Ит жылы Елбасының ерекше бастамаларымен, мақалаларының жарыққа шығуымен елдің есінде қалды. Әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, шағын несие беруді көбейту, Астананы газбен қамтамасыз ету – бұл Президенттің 5 әлеуметтік бастамасында ха­лыққа сыйлаған игіліктері. 5 қа­занда жарияланған дәстүрлі жолдауда халық табысының өсуі, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру сияқты әлеуметтің арқасына батып келген мәйекті мәселелер көтерілді. Елбасының тапсырмасымен дайындалған «7-20-25» бағдарламасы бірнеше мыңдаған үйсіздердің үмітін оятты. 2018 жылдың 20 желтоқсанына дейін осы бағдарламамен қарыз алуға 5621 адам өтініш беріп, оның 3542-сі мақұлданған.

Елбасы жазда ел үшін аса ма­ңызды тарихи шешім қабылдады. Түркістан облысы құрылып, Шымкентке республикалық ма­ңызы бар қала мәртебесі берілді.
Енді Үкімет пен Парламент не тындырды дегенге келейік. Есептек көрсек, Үкімет үйінде жыл басынан бері 50 отырыс, 10-ға жуық баспасөз мәслихаты өтіпті. Соның ішінде елді елеңдеткені мыналар: арзан ипотека, Астанаға газ тарту мерзімі, меңдеген менингитке тосқауыл қою, бірыңғай жиынтық төлем енгізу, электрондық денсаулық төлқұжаты, пәтер иелері кооперативінен бас тарту, пластмасса, қағаз бен шыныны көмуге тыйым салу (айтпақшы, 2021 жылдан бастап құрылыс, азық-түлік қалдықтарын көмуге тыйым салатын заң шығарылады), 16 жасқа толған қыздарға ата-анасының келісімінсіз түсікке рұқсат беру және т.б.
Биыл дүйім жұртты сүйсіндірген бір жаңалық, Елбасының тапсырмасынан кейін Парламент пен Үкіметтегі жиындар мемлекеттік тілде өтіп жүргені. Жуырда Елбасы Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігін құрып, инвестиция комитетін Сыртқы істер министрлігінің қарамағына берді. Демек, ендігі жерде инвестиция тартумен елшілер айналысады. Біз бұл туралы газетімізде «Елшіліктердің қайтарымы қандай?», №141, 27 қараша, 2018 жыл жазған едік. Елбасының саясаты біздің басылымның көтерген мәселелерімен үндесіп жатқаны анық.

Парламент үшін де ит жылы табысты болды. Мәжілісшілер VI шақырылымның 3-ші сессия­сының басынан бері Үкіметтен келген 82 заң жобасының 40-ын қабылдап, Сенатқа жіберген. Әлі қаралмаған 45 заң жобасы бар. Төменгі палатада 7 үкімет сағаты, 7 көшпелі отырыс, 3 халықаралық конференция, 1 парламенттік тыңдау өтті. Сенат жыл басынан бері 28 заң жобасын мақұлдаған. Қазір жоғарғы палатаның суырмасында 10 заң жобасы жатыр. Жалпы, жыл басынан бері Президент Парламенттің қос палатасы қабылдаған 21 заңға қол қойды.
Жұрттың наразылығын туғызып, қоғамды дүрліктірген түзетулер де жоқ емес. Бұған ұялы телефонды тіркеу, өзін-өзі асыраушыларға арналған бірыңғай жиынтық төлемді, фрилансерлердің зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттелуін және т.б. жатқызуға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды