-->

ИСЛАМ ӘЛЕМІНІҢ ИГІЛІГІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технология­лар жөніндегі бірінші саммитінің пленарлық отырысына қатысты.Мемлекет басшысы жиынды ашып, бұл басқосу ислам тарихында ерекше із қалдырады деп сенім білдіретінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының ислам әлемімен қа­рым-қатынасы ежелгі заман­нан тамыр тартатынын атап өтті.

– Біздің байтақ даламызға ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Еліміз ислам мен батыс өркениеттері арасындағы достық диалогқа дәнекер болып отыр, – деді Қазақстан Президенті.Мемлекет басшысы мұсылман үмбеті бетпе-бет келіп отырған қазіргі сын-қатерлерге тоқ­талды.

– Біріншіден, экстремистік және террористік ұйымдар кеңінен етек алуда. Олардың лаңкестік әрекеттерінің нәти­жесінде, бірінші кезекте мұсыл­ман әлемі елдерінің азаматтары зардап шегіп отыр. Екіншіден, исламофобиялық пікір қоғам ішінде кең таралуда. Батыс елдерінде мұсылмандарға қар­сы қылмыстық әрекеттер жыл сайын көбейіп келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.Сондай-ақ, Қазақстан Прези­денті Мьянмада болған жағдайға байланысты алаңдау­шылық білдіріп, барлық тарапты бұл проблеманы БҰҰ алаңындағы диалог аясында тек бейбіт жолмен шешуге шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев мұсыл­ман елдеріндегі ғалым­дардың ізденістеріне қолдау көрсетудің маңызды­лығына назар аударып, ұйым аясында ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан үлес үшін берілетін сыйлық тағайындау туралы шешім қабылданғанын айтты.

– Инновациялық кластерлер ғылымды қамтитын орнықты экономиканы қалыптастырудың негізі болып саналады. Қазақ­стан осындай кластерлерді Назарбаев университеті мен Инновациялық технологиялар паркі базасында белсенді дамытуда. Ислам ынтымақтастығы ұйымының барлық елдерінің ғалымдары мен зерттеушілерін осы жұмыстарға белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ғылым мен инновацияны исламдық қаржылан­дырудың рөлін арттыру ма­ңызды екенін атап өтті.

– Біз «ЭКСПО-2017» көрмесін өткіздік. Енді оның аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайды. Сіздерді ислам қаржысы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.Мемлекет басшысы жасыл технологияларды дамыту мәсе­лесіне тоқталып, жасыл технология мен инвести­цияны дамыту жөніндегі халық­аралық орталықтың әлеуетін тиімді пайдалануды ұсынды.Мемлекет басшысы алдыңғы қатарлы Батыс елдерімен ғылым және технологияларды дамыту мәселелері бойынша байланыс­тар орнату қажет екенін атап өтті.

– Біз көпұлтты және көп­кон­фессиялы қоғамда дін­аралық келісімді сақтаудың қазақстандық тәжірибесін бөлісуге әзірміз. Сондай-ақ, бәріңізді 2018 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы съезіне шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Таяу Шығыста және ислам әлемі елдерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға шақырды.

– Сөз соңында, ұрпақтарымыз ислам әлемінің бірлігіне, ынты­мақтастығы мен болаша­ғына арналған бүгінгі тарихи форумға жоғары баға береді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.Сондай-ақ, саммиттің пле­нарлық отырысында Түркия Республикасының Президенті Р.Ердоған, Пәкістан Ислам Республикасының Президенті М.Хусейн, Мавритания Ислам Республикасының Президенті Мохаммед ульд Әбдел-Әзиз, Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиёев, Гвинея Президенті А.Конде, Иран Ислам Республикасының Президенті Х.Рухани, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Юсеф бен Ахмад әл-Осеймин сөз сөйледі.

 

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*