«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ішкі туризм түйткілдері қалай шешіледі?

0 97

Жаймашуақ жаз келді. Елімізде демалыс маусымының көрігі қызып тұр. Әсіресе, шіліңгір шілденің шыдатпайтын аптабында өзен, көл жағалаған жұрттың қарасы көбейе түсуде. Әлеуметтік желілерді ашып қалсаң, суға шомылған, күнге қыздырынып мәз-мейрам болған елдің қаптаған суреттерін көресің.

Тамаша табиғатымыз тамыл­жып тұр. Үлкен Алматы, Бурабай, Балқаш, Алакөл, Шалқар, Жасыбай, Теңіз сияқты керемет көлдеріміз, Алматы, Баянауыл, Қарқаралы, Каспийдің жағалауы, Таулы Алтай, Жоңғар Алатауы, Шарын шатқалы, киелі Түркістан, Қапшағай су қоймасы және т.б. қазақстандықтар мен шетелдіктерді магнитше тартуда. Шынын айтсақ, еліміздегі ішкі туризмді дамытуға теңдессіз мүмкіндіктер бар. Алайда, қолда барды ұқсата алмай отырғанымыз рас.
Мемлекет басшысы Нұр­сұл­­­тан Назарбаевтың өзі Бурабай­ға барған сапарында инф­ра­құ­рылымды дамытудың, маман даяр­лаудың маңыздылығына ерекше назар аударды. «Егер біз тиісті инфрақұрылым салатын болсақ, туристердің саны екі есеге артады. Мен Алакөлде де болдым. Бұл – Балқаш жағалауымен қоса алғанда бірегей курортты аймақ. Қазір біз көлге теміржол мен автокөлік жолын салдық. Демалатын адамдар ұшып келуі үшін, Үшаралдағы әуежайды дамыту керек. «Алакөл теңізі» деп атайтын көлде жылына 95 күн бойы суға шомылуға болады. Осылай жұмыс істейтін басқа бір шипажайды айтыңыздаршы?» деген Президент отандық кәсіпкерлерді туристік салаға инвестиция салуға ша­қыр­ды.
Жасыратыны жоқ, туризмде мәселе деген шаш етектен. Инф­рақұрылым, көлік, қаражат, кадр, ақпарат, тәртіп, баға, бәсеке деп тізбектеліп кете береді. Бір мақалада бәрін бірдей қамти алмайтынымыз анық. Соның ішінде бірнешеуіне (елеусіз қалған қорық, қызмет көрсету сапасы, «күйіп» тұрған баға) қатысты бірер ой-пікір, ұсыныс-пайымды ортаға салуды жөн көрдік.

Қараусыз қалған Қорғалжын

Биылғы жаз аптап ыстық. Қаланың қарбалас тірлігінен құтылып, суға шомылуды армандап жүргенде екі үлкен көлге жолым түсті. Бірі – Қорғалжындағы Теңіз көлі, екіншісі – Балқаш көлі. Өз көзіммен көргенімді рет-ретімен баяндайын.
Қорғалжын. Жарты ғасырлық тарихы бар, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген қорықты білмейтін адам кемде-кем. Еліміздегі 500-ден астам құстардың 80 пайызы Теңіз–Қорғалжын алабын мекендейді. Соның 37-сі Қазақстанның Қызыл кітабына кірген. Осы санаттағы әйгілі қоқиқаз (фламинго) көлде балапан басып, күн суытқанда Үндістанға, Африкаға ұшады. Бұл жер – қоқиқаздың солтүстікте жұмыртқа салатын соңғы мекені. Теңіз көлі тұздылығы жөнінен әлемдегі мұхиттардан 5-6 есе артық. Қандай ғажап! Соны көзбен көргенше асықтық.
Астана мен Қорғалжынның арасын 160 шақырымдық тасжол жалғайды. Түс ауа қорыққа жеттік. «Қаражар» кордонының арғы жағында Теңіз көлі жарқырап жатыр. Неге екені белгісіз, көліктен түскенде алып-ұшқан көңіліміз су сепкендей басылды. Жағалаудың аянышты халіне мұңайдық. Қаз-қатар тізілген үйшіктер бос тұр. Жазғы күркелердің екі-үшеуінде ғана адамдар жүр. Қорық аумағында балық аулауға, суға шомылуға рұқсат жоқ. Бірақ заманында Кенесары хан көлге түсіпті. «Бұл жерде Кенесары хан Ұлытауға барар жолда дем алған. Сол себепті көл халық арасында Сұлтанкелді деп аталды» деп жазып қойыпты. Кордонда Дінмұхамед Қонаев атамыздың саяжайы тұр. Теңіздің жағасы – ғажайып бір әлем. Бірақ адам баласының жанашырлығынан құр қалғандай әсер етті. Бәлкім, аң-құстарды үркітпес үшін дұрыс та шығар. Алайда көлдегі тозығы жеткен ағаш көпір көңілімді құлазытты. Сынған көпірмен жүрдік. Көл жағасы батпақты, балдырлы екен. Көз ұшында аққу-қаздар жүзіп жүр. Төбемізден тырналар ұшып өтті. Ғажайып көлді жай тамашалап, жағасында серуендедік. «Әттеген-ай! Жер бетінде ешбір көлде жүзбейтін қоқиқазды шетелдіктерге көрсетіп, қыруар табыс көзіне айналдыруға болады емес пе?! Содан түскен қаражатқа көлдің айналасындағы инфрақұрылымды дамытсақ дұрыс болар еді» деген ой санамызға орала кетті.

Балқаштың бағын байлаған кім?

Араға біраз уақыт салып, Балқаш көліне жолым түсті. Бұрын да бірнеше рет болғанмын. Көкпеңбек айдынның асау толқындары жағаға ұрғылап жатыр. Жағалау еш өзгермеген. Тәуірлеу жерлеріне ақылы жағажай жасап қойыпты. Алыстау жерлеріндегі шомылатын алаңдар – тегін. Көл жағалай орналасқан тапал үйлердің аулалары түгел дәмхана, асхана, дүкен. Көңіл көтеріп, демалған ел. Ерсілі-қарсылы ағылған жұрт. Жағалауда балалардың ойын алаңдары, аттракциондары орнатылған. Моторлы қайықтың қызығына батқандар бір бөлек жүр. Бір қарағанда бәрі тамаша.
Алайда Балқаштың инфра­құрылымы мен қызмет көрсету деңгейі көңіл көншітпейді. Содан шығар, шетелдік туристердің қарасы аз. Сервистік қызметтің дұрыс еместігі турист тартуға қолбайлау. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаған соң, пысықтар көл жағалай ақылы жағажайлар ашып алған. Ол жерде жататын кереует, үстел, орындық, бірді-екілі аттракцион бар. Суға шомылып, демала бер дейді. Бірақ кез келген жерден дәмі тіл үйірер тамақ таппайсың. Өз тамағыңды қаланың дүкенінен не үйіңнен әкелесің. Жағалаудағы тазалық та сын көтермейді. Әр жерде шашылып жатқан күл-қоқыс. Жаныңа бататыны, көл жағасында дәретхана жоқ. Кешкілік дәмханалардың есіктері тарс жабылады. Қиналғаннан бір орында тұрмай жүгіре бересің. Кімге ренжитініңді білмей: «Әй, осы жерге бір мұсылман баласы дұрыстап дәу дәретхана неге салып қоймаған? Соған торғайдың миындай миы жетпеген соң, не шара?» деп өзіңе-өзің ұрсумен шектелесің. Туризмнің ұңғыл-шұңғылын меңгеріп алған басқа ұлттарды көргенде намыс­тан булығасың. Қазақпен бір туған қырғыздың өзі Ыстықкөлден қыруар табыс тауып отыр. Ол жаққа 5-6 күнге демалуға барған бір турист 500 АҚШ долларын жұмсайды екен. Ал біздің Балқашта дәретхана таппай, зыр қағып жүргенің…

«Масқараны ешкімге көрсетпеңдер!»

Сервистің «ақсап» тұрғаны қай жерге барсаң да алдыңнан шығады. Жуырда Павлодар облысына барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Маралды шипажайындағы масқараны ешкімге көрсетпеуге бұйырды. «Бұл нағыз масқара ғой! Оны ешкімге көрсетпе! Ананы қара, адамдар жалаңаш жүр, тіпті отыратын жер де жоқ. Қонақ үй түгілі, отыратын орындық салынбаған. Бұл нағыз бассыздық қой!» деп ескерту жасады Президент облыс әкімі Болат Бақауовқа. Шарбақты ауданындағы Маралды көлінің емдік қасиеті керемет. Жыл са­йын жазда бұл жерге мыңдаған адам демалуға әрі емделуге келеді. Бірақ көлдегі сервистің сиқы анау.
Сервистің сын көтермегеніне қарамастан, еліміздегі ішкі туризмді таңдайтындардың саны артып келеді. «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі басқосуда 2017 жылы 2016 жылмен салыстыр­ғанда ішкі туризмді таңдағандар­дың саны 20 пайызға (Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің дерегі) өскенін хабарлады. Оның айтуынша, өткен жылы 2016 жылға қарағанда Қазақстанға келетін шетелдік туристердің саны 18 пайызға ұлғайыпты. «2018 жылдың бірінші жартысында отандық туризмді таңдаған саяхатшылар саны 6,8 пайызға, Қазақстанға келген шетелдіктер саны 29,4 па­йызға көбейді» деген дерек келтірді Р.Күзембаев.

193 дәретхана салынады

«Іздегенге – сұраған» демекші, біз осы мақаланы жаза бастағанда Орталық коммуникациялар қызметінде «Ұлы дала еліне сая­хат: Алтайдан Жібек жолына дейін» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтті. Екі өкпемізді қолымызға алып жеттік. Туризмге қатысты ақпарат деген мәселені шешуді мұрат еткен жиыннан көп мағлұмат алдық. Құрамына 140-қа жуық адам кіретін экспедиция үш ай бойы еліміздегі 6 аймақты туристерге жаңа қырынан таныс­тыруға күш салады. Экспедиция туралы әңгіме бөлек. Біз осы жиында өзімізді толғандырған бірер сауалдарды құзырлы мекеме басшыларына тікесінен қойдық.
Қазақстандық және шетелдік туристерді қуантатын бір жағымды жаңалықты өз құлағымызбен естідік. Алдағы бірнеше жылда Қазақстанда 193 нысан салынады! «Биылдан бастап бір отандық инвестор тасжолдар мен демалыс аймағындағы инфрақұрылымға қатысты инвестжобаны іске асырайын деп жатыр. «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» халықаралық автокөлік дәлізінің бойынан да бірнеше нысандар салынады. Бірнеше жылда еліміз бойынша 193 нысан тұрғызылады» деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев. Құзырлы мекеме бұл жұмысты «Қазавтожол» ұлттық компаниясымен бірлесіп іске асырмақшы.
«Демалыс маусымында бізде баға «күйіп» тұр. Бұл мәселені заң шеңберінде шешуге бола ма?» деген сауалымызға «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ бас менеджері Даниел Сержанұлынан мынадай жауап алдық: «Біріншіден, баға маусымға байланысты. Демалыс орындары 2-3 ай ғана жұмыс істейтіндіктен, жылдық табысын табуға тырысады. Бағаны реттеу үшін туристік нысандар жыл бойына жұмыс істеуі тиіс. Бұл – бизнестің өзіне тікелей қатысты мәселе. Сондықтан ол келер жылы жүзеге асырылатын еліміздегі туризмді дамыту бағдарламасында шешімін табады деп ойлаймыз». Даниел Сержанұлының пайымдауынша, қымбат бағаға сұраныс бар. Мысалы, баға «секіріп» тұрған Бурабай сол ұсыныспен туристерге толып тұр. Ал Рашид Күзембаев бағаның күрт өсуіне еліміздің аумағының үлкендігі себеп болуда деп санайды. «Бағаның өсуіне жол мәселесі де ықпал етеді. Еліміздің аумағы үлкен болғандықтан, бір аймақтан екіншісіне баратын жолдар нашар. Автокөлікпен бірнеше күн жүруге тура келеді. Ал ұшақтың билеті өте қымбат. Бұл жерде мемлекет арнайы жәрдемақша бөліп, ұшақпен ұшу құнын арзандатқаны дұрыс» деді ол.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ бас­қарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев Елбасы тапсырмасымен әзірленіп жатқан мемлекеттік бағдарлама ішкі туризмнің түйткілді мәселелерін кешенді түрде шешеді деген пікірде. «Бізге бұл бағдарламаны 2018 жылдың соңына дейін да­йындауға тапсырма берілді. 2019 жылдан бастап оны іске асыруға кірісеміз. Туристік нысандардың тартымдылығы, қолжетімділігі, баға, ақпарат, қаражат және т.б. маңызды мәселелер рет-ретімен шешіледі» деп сөзін түйіндеді Т.Дүйсенғалиев.

Тұтынушы не дейді?

Гүлмәрия Барманбекова:

АЛАКӨЛ

– Ғаламтор арқылы Ақши ауы­лының маңынан бір пансионат таптым. Пансионат деген аты ғана болмаса, заты атына сай деу­ге келмейді. Әркім қалтасының жеткеніне орай, үлкенді-кішілі, кейбірі екі қабатты барак тәріздес үйлерді қиқы-жиқы сала берген. Көбісінің қожайындары алматылықтар көрінеді. Айналасын абаттандырып та жарытпаған. Алакөлде демалуға болатын екі ай маусымда қалтаны толтырып үлгерсек болды дегендей. Пансионаттардағы сервис пен асхана мәселесі – өз алдына өзекті тақырып. Жағажайда ине шаншыр жер жоқ. Алакөлдің суына ғашық қарапайым контингенттің бәлендей сервисті талап етіп жатқаны да шамалы. Осыған жеткендерінің өзіне шүкір ететіндей. Екінші қайтара пайдаланған сұйық майға қуырылған балық пен қақталған сазан сатып, әрлі-берлі зырылдап жүгірген жергілікті кәрі-жас көлдің тұзды суы мен шақырайған күніне әбден қақталып, қатқан қайыстай ширатыла түскен. Жусан иісі бұрқыраған иен далада мал мен көлден басқа күнкөріс көзі жоқ секілді. Аз шығынмен көп олжа таппақ ниет жалғыз бұл араның ғана емес, бар қазаққа тән қасиет болар-ау! Ал нарық қатынастары мен заңдылықтарын игеруге келгенде құлықсыз ба деймін. Жағажайға біреулер тапшандар орнатыпты. Әрқайсысының жалақысы – 4000 теңге. Ондай байлық қалтасы тесік жұртта қайдан болсын? Бәрі бос тұр. Тапшанның бағасын төмендетіп, кәсібіне жан бітіре­йін деген тапшан иесін көрмедім. Мен осында келгелі үш күн болды, кәсіпкер әлі бай клиентін күтіп жүр. Есесіне жағажайдан дәретхана таппаған жұртқа жақсы қалқа болды. Аз уақыттың ішінде ық жағы адам өндіретін табиғи қалдықтардың үйін­дісіне толып үлгерді. Шайынып, киім ауыстыратын арнайы қалқа жайлы армандамай-ақ қойсаңыз да болады. О, Тоба, жағажайдағы жұрттың санасынан қоқыс жәшігі деген ұғым өшіп қалған ба?! Соноооу айдаладағы төбешікте тұрған жалғыз контейнердің бары да, жоғы да белгісіз. Қақталған балықтың тұзды дәмінен аузының сілекейі шұбыра, нәзік сүйектерін шөпілдете сорып, сыраны тамсана сораптаған бір топ демалушының тағам қалдықтарын айналасына лақтыра бергендеріне ешкім мән берер емес. Қалыпты жай секілді. Біреу болмаса, біреудің табанына балық қылтанағы кіріп кетуі мүмкін-ау деген ой да ешкімнің қаперіне кіре қояр түрі жоқ. Айналасын қоқысқа толтырып қойып, ортасын ойып отырған бір топқа жақындап барып, бұлай етуге болмайтынын ескертпек болғам. Айып­қа бұйырмаңыз, байқамай қалдық деген сөзді күткем ғой. Қайдағы! Екі аяғы аспаннан салбырап түскендей болған бұл кім өзі дегендей маған одырая қарады. Қойшы, бәрі бекер! Қазақ рухани жаңғырады деп кім айтты сізге? Қос жанарым шарасыздықтан шатынап, түңілген күйі Алакөлдің айдынына күмп бердім.

Гүлмира Әбіқай:

ҚАПШАҒАЙ

Алматы маңындағы жасанды су қоймасы – Қапшағайдағы демалыс орнының біріне бардым. Сенбі, жексенбіде бала-шағамен барғың келсе, көлікке 3000 теңге, келгенің үшін адам басына 1500 теңге, бассейнге түсуге бөлек 3500 теңге, бір күндік жатын орныңа 25000 теңге шытырлатып санап бересің. Бұдан бөлек, беседка алсаң 12000 теңге, әр бос жатқан шезлонг пен жұмсақ орындыққа тәулігіне 1000 теңге төлейсің. Бір адамға бір тәуліктегі демалыс 46000 теңгеге түседі. Оған ішіп-жемді қосыңыз, бір шәйнек қара шай 700 теңге тұрады. «Өзіңізбен тағам-сусын әкелуге қатаң тыйым салынады» деп жазып қойыпты. Негізі, бұл – заңға қайшы! Айт­пақшы, «5 жасқа толмаған балаға – тегін» деп айқайлатып жазыпты. Онсыз да балақайлар суға жалғыз бармасы анық.

Насима Қорғанбекова:

БУРАБАЙ

– Бұл шипажай астаналықтардың жұмадағы «тойлауынан» кейін «бас жазатын» жеріне айналғандай. Екі күн әбден қыдырғандар демалыс аймағын күл-қоқысқа толтырып, қиратып кетеді. Шынымды айтсам, Көкжайлауды қатты құрметтейтін алматылықтарға қызыға да, қызғана да қараймын. Бурабайдың табиғаты одан кем емес қой. Өз басым Жұмбақтасты алғаш көрген жандардың таңғалғаннан айқайлап жібергенін талай рет естідім. Оқжетпестің аңызын айтқандарға сілекейі шұбырып, тыңдағанын да көзіммен көрдім. Бірақ… Бурабайда жаяу жүргіншілерге жағдай жоқ. Логистиканы, қоғамдық тамақтандыруды, биодәретхананы айтпақ-ақ қоялық. Тамақ демекші, ондағы жазғы дәмханалар демалыс аймағының ажарына нұқсан келтіріп тұр. Тіпті табиғат аясында серуендеп шаршасаң да, пластмассадан жасалған әлсіз орындықтарға отырып, ас-суға тапсырыс беруге құлшынбайсың да. Қала аумағында бір-екі жазғы дәмхана бар. Бірақ бір тамақтың құны – 2500 теңге. Орташа алғанда, сусын, нан, соуспен қоса 15000 теңгеге тамақтанасың. Бір рет «тойып шығуға» болады. Ал 10 күндік демалысқа келсең, арзандау дәмхана не асхана іздейсің. Оны тапқаныңмен, сервис нөл! «Алсаң ал, алмасаң қой!» деп шапылдаған даяшы көп күттіріп суыған көже, қатып қалған нан әкеп береді. Қысқасы, әр адамның қалтасын қағуды мұрат еткен дәмханасымақтарды, картон құрылыстарды жауып тастау керек! Ол үшін шипажайда тәртіп орнататын мықты шаруақор басшы қажет. Шипажай жазғы маусымда ғана жұмыс істейтінін білемін. Алайда еліміздегі ең әдемі табиғаты бар жерді ластау, былғау – нағыз қылмыс.

Тұтынушылардың пікірі «Фейсбуктегі» парақшаларынан алынды

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды