«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Іші толған қазына-құт…

0 42

Отандық баспа саласының дамуында оң өзгерістер көрініс бере бастады. Info Finprom.kz мәліметінше, тоқырау кезеңін бастан кешкен баспа өндірісі 2018 жылдың бірінші тоқсанында 11 млрд теңгенің өнімін шығарыпты. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,8% жоғары көрсеткіш.

Сұраныс жоқ емес…

Цифрлық саланың ғарыштық жылдамдықпен дамуы адамдардың кітап оқуға деген құлшынысын төмендетіп, құндылығын азайтады дейміз. Дегенмен біз саралаған соңғы деректер басқаша «сөйлейді». Жер бетінің әрбір үшінші адамы кітап оқымайтын болса, жылына миллиардтаған баспа өнімі жарыққа шықпас еді.
Қазақстанда кітап басып шығарудың жаңа кезеңі ел тәуелсіздігін алғаннан кейін басталды. Осы жылдары жалпы таралымы шамамен 400 млн дана болатын 81 мыңға жуық атаулы кітап шығарылды. 2010 жылдан бастап кітап басып шығаруға 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бүгінде баспа қызметімен 380 компания айналысады екен.
Ресми деректерге сүйенсек, 2016 жылы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына келіп түскен кітаптар мен кітапшалардың саны – 4,69 мың болса, жалпы таралым – 16,36 млн дананы
құрапты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, 2025 жылға қарай елімізде кітап, іс қағаздары және баспасөз құралдары латын әліпбиіне өтетінін ескерсек, баспа саласына жүктелер шаруа қыруар.
Айтқандай-ақ, баспа нары­ғында өнім шығаруда еліміз­де оңтүстік астана көш басын­да екен. Info Finprom.kz мәліметі бойынша, 2018 жылдың қаң­тар-наурыз айларында Алматыда құны 7,9 млрд теңгені құрайтын баспа өнімдері жарыққа шыққан. Бұл – 2017 жылғы 5,1 млрд теңгеден 55,1% жоғары көрсеткіш. Астана қаласында биылғы жылдың бірінші тоқсанында 719,7 млн теңгенің өнімі басылып шыққан. 2017 жылмен (563,1 млн теңге) салыстырғанда өсім – 27,8%. Баспа нарығында көш басына шыққан үшінші өңір – Қарағанды облысы 2018 жылдың алғашқы үш айында 343 млн теңгенің баспа өнімін шығарыпты. Бұл – былтырғы жылмен салыс­тырғанда (362,3 млн теңге) 5,3% жоғары көрсеткіш. Яғни, бұл дегеніміз цифрлық технологиялар заманында да кітап әдеттегідей жаңа білімнің қайнар көзі ретінде қала беретінін білдіреді.

Баспагерлер үміті

«Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабековтың айтуынша, елімізде кітап өнімдерін басып шығару және оны тарату ісінде алға жылжу байқалады. Қазіргі уақытта баспа оқулықтар ғана емес, түрлі бағыттағы арнайы әдебиеттер, көркем әдебиет, балалар әдебиеті, ғылыми әдебиет, құқық саласындағы сан алуан кітаптар және көркем безендірілген фотоальбомдар басумен де айналысады. Қазақ фольклорының жанрлық және эстетикалық сипатын толық қамтыған «Бабалар сөзі» 100 томдығы, Шығыстың, антикалық дәуірдің, Египет, Ресей және өзге де елдердің үздік ғылыми жетістіктерін біріктірген «Әлемдік тарихи ой» сериясының 20 томдығы қазақ тілінде жарық көріп, өз оқырмандарымен қауышқан. «Біздің мекеменің шетелдік қондырғылармен жабдықталған жеке полиграфиялық базасы бар. Баспаның кадрлық құрамында білікті суретші, дизайнер, редактор, корректор, аудармашы, технологтер мен өзге де полиграфия өндірісінің мамандары жұмыс істейді» дейді баспа директоры Нұрлан Исабеков.
Ал «Алматыкітап» баспасының директоры Гаухар Саймасаева компания 15 жыл ішінде 40 млн кітап шығарғанын алға тартады. Оның есебінше, бұл көрсеткіш Жер шарын екі есе қамтуға жеткілікті. Латын әліпбиіне көшу жұмыстары қолға алынған тұста баспа әліпбиге қатысты терең зерттеулер жүргізуде. Мәселен, 2017 жылы Франкфуртте өткен кітап көрмесінде коллекционерлермен танысып, олардан Англия, Австрия, Швейцария, Германия, Конго елдерінде қолданылған кітаптарды сатып алған. Олардың арасында, тіпті, 200 жыл бұрын шыққан дүниелер бар.
Қазіргі уақытта елімізде қолға алынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы кітап саласына жаңаша серпін әкелді. Осынау жоба аясында Ұлттық аударма бюросы құрылып, бүгінде көптеген кітаптар жарыққа шығып үлгерді. Бұл оқулықтар – түгел­дей эксклюзивті дүниелер. Кітап түрінде, электронды онлайн-нұсқада және үздік лекторлардың видеотека форматында қолжетімділігімен бағалы.

«Абайдың қара сөздері» – 10 мың доллар

Айтпақшы, сәуір айында өткен «Еurasian book fair – 2018» кітап көрмесі кезінде бірқатар шетелдік баспагерлермен әңгімелесудің сәті түскен еді. Сонда Польшаның Kurtiak and Ley Artistic Publishing House баспа компаниясы Ұлы Абайдың кітабын 10 мың долларға бағалады. Шетелдік баспа Қазақстанда өткен кітап жәрмеңкесіне қазақ, ағылшын, қытай, испан, поляк және неміс тілдерінде шыққан 12 кітап әкелсе, соның ішінде ең қымбаты – «Абайдың қара сөздері» болып шықты. Бұл – жалғыз дана кітап. Іші қандай құнды болса, сыртқы мұқабасы да сондай бағалы. Барлық кітаптардың сырты таза былғарымен қапталып, күміс және бағалы тастармен безендірілген. Кітаптың әр беті мақта қағазынан жасалған. Баспа директоры Эдуард Лэйдің айтуынша, іргесі 30 жыл бұрын қаланған баспа ауқатты адамдар арасында кеңінен танымал. Польшалық баспаның ең арзан кітабы 600 доллардан басталады. Ал біздің көзімізге ерекше түскен, 23 карат алтынмен жалатылған кітаптың құны – 3000 АҚШ доллары. «Әрине, біздің баспаның өнімдері құндылығымен ерекшеленеді. Кітаптың шын қадірін білетін қалталы азаматтар қолдан жасалған ерекше әрі жалғыз дана бірегей кітапты сатып алуға тырысады. Егер сұраныс болмаса, біз бұлайша ел аралап жүрмес едік. Кітапқа деген сұраныс ешқашан жойылмайды. Оған біздің көзіміз жетті» дейді Эдуард Лэй.

Бар байлық – балалар кітабында

Десек те, бүгінгі таңда Еуропада балалар әдебиетіне қатысты мәселе жоқ емес екен. Баспагерлер қазір балаларды «кітап оқитындар» және «оқымайтындар» деп екі топқа бөлген. Бельгиялық атақты баспагер «баланың кітап оқуға құлшынысын бесіктен бастап арттыру үшін үнемі ізденіс үстіндеміз» дегенді айтады. «Мен балалар әдебиетіне бар ғұмырымды арнап келемін. Сондықтан бұл сала маған етене жақын. Кәсіпорын соңғы 40 жылдан бері бүкіл әлем балаларының сүйікті баспасына айналды. Бізде әлемнің 45 тіліне аударылған 5 мыңнан астам кітап түрі бар. Жалпы, кітап қорымыз бірнеше миллионға жетеді. Балалар әдебиетіне деген сұранысты сақтап қалу үшін жаңа туған сәбилерге арнап та кітап шығарамыз. Егер сәби біздің өнімдермен алты айға толғаннан бастап достасса, онда 15 жасқа дейін біздің оқырманымыз болады. Біз авторлармен де, тұтынушылармен де жоғары деңгейде жұмыс істейміз. Ағарған әппақ шашым – соның куәсі» – дейді бельгиялық Clavis баспасының директоры Филипп Верк.
Ал мәскеулік «Кожаная мо­заика» баспасы ұсынған кітаптар көне классикалық үлгідегі технологиямен дайындалған. Қолмен жасалған кітаптардың арасында сырты қолтырауын терісімен қапталғандары да бар. Олардың түбіртегі жартылай асыл тастармен көмкерілген. Ең қымбат үш томдық «Орта Азия тарихының» құны – 100 мың еуро. Оны дайындауға төрт жыл кетіпті. «Біз, тек, жаңа кітаптар шығарумен ғана емес, ескі кітаптарды жаңғыртумен де айналысамыз. Ондай экспонаттардың қатарында 1903 жылы жарыққа шыққан «1001 түн» де бар. Бұл – дүние жүзіндегі жалғыз кітап. Сондық­тан біз оған жаңа дем бергіміз келді» дейді баспаның бас директоры Андрей Василенко.

Кітап көп оқитын елдер

ЮНЕСКО келтірген деректерге сүйенсек, дүние жүзінде 2 млрд-қа жуық адам көпшілікке арналған кітапхананың оқыр­­мандары. Әлемдік Statista агент­тігінің соңғы зерттеулерінің бірі – ел халықтарының аптасына орташа есеппен қанша сағат кітап оқитынына арналған. 30 елдің көшін бастаған Үндістанда бір адам аптасына 10 сағаттан астам уақытын кітап оқуға арнайды екен. Кітапқұмар елдер арасында ресейлік оқырмандар 7 орынды иеленсе, Жапония мен Корея соңғы отыздыққа ілініпті. Бірақ отыздықтың соңында тұрса да Жапонияда жылына, орташа есеппен алғанда, шамамен 6,7 млрд дана баспа өнімдері шығарылады екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды