«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Иранда не болып жатыр?

1 39

Иранда бір аптадан бері жүріп жатқан наразылық қозғалысы қаңтардың 3-інде саябырсыды. Сол күні ел Қарулы күштерінің элиталы бөлімшесі – ислам революциясы күзет корпусының қолбасшысы, генерал Мохаммад Әли Джафари республикадағы бұлғақтың аяқталып, бүлікшілердің жеңіліске ұшырағанын хабарлады.

Осымен бірге, сәрсенбі күні Иранның Илам және Ахваз қалаларында жүздеген адам көшеге шығып, зорлық-зомбылық шараларын жасаушыларға қарсы үнқату шерулерін өткізген.
Осы аптаға жуық уақыттың ішінде қарсылық қозғалысына қатысушылардың полициямен қақтығыстары барысында кем дегенде 20 адам қаза тапқан. Бұлардың арасында құқық қорғау қызметкерлері де бар. Иран билігінің мәліметі бо­йынша елдегі тәртіпсіздіктерге қатысқан 450-ден астам адам қамауға алынған.
Парсы еліндегі жаппай қарсылық әрекеттері бейсенбі, 28 желтоқсан күні ауқымы жағынан елдегі екінші ірі қала – Мешхедте басталды. Содан бері мұндай шерулер 20 қаланы шарпып кетті. Халықтың бұлайша шұғыл көшеге шығуларына негізгі азық-түлік тауарларының, соның ішінде жұмыртқа бағасының көтеріліп кетуі себеп болған.
Соңғы жылдары Иранның экономикалық жағдайы қаптаған санкциялардың әсерінен айтарлықтай қиындап кетті. Олар 2015 жылы АҚШ-пен арада жасалған ядролық бағдарлама жөніндегі келісімнен кейін біртіндеп алына бастағанына қарамастан, елдің ахуалы бірден жақсара қойған жоқ. Иран статистикалық орталығының мәліметі бойынша жұмыссыздық бұрынғы 12 пайыздық деңгейінде сақталып қалған. Алайда қазіргі күндері наразылық шеруінің діңін құрап отырған жастар арасындағы жұмыссыздық 28,8 пайызға жетіп отыр екен.
Шеруге шығушылар бастап­қыда ұран етіп экономикалық талаптарды көтергенімен, оның соңы саяси ұрандарға ұласып кеткен. Манифестанттар соның ішінде «Иран шахсыз тәртіпке келмейді», «Орныңа орал, мұрагер ханзада» деген тәрізді шақырулар жасаған. Бұл елде 1979 жылы ислам революциясы орын алып, мемлекеттік төңкеріс болғаны белгілі. Соның нәтижесінде мемлекетті билеуші шах Мохаммед Реза Пехлеви тақтан тайдырылып, орнына аятолла Хомейни келген болатын. Ал қазір шеруге шыққандар оның қазіргі күндері АҚШ-та тұратын, үшінші әзербайжан әйелінен туған ұлы, ханзада Реза Пехлевиді билікке шақырып жатқан сыңайлы. Шерушілер, сондай-ақ, 1989 жылдан бері Иранның жоғарғы лидері болып келе жатқан аятолла Әли Хаменеиге арнап «Диктаторға өлім келсін!» деген ұран көтеріп шыққанға ұқсайды.
Иран президенті Хасан Рухани болса 1 қаңтар күні парламенттегі кездесуі кезінде парсы халқының елдегі экономикалық қиындықтарды пайдаланып, жұртты азғырып, заң бұзып отырған азын-аулақ бүлікшілерді сабаларына түсіріп, тәртіп орнататынына сенімді екенін айтқан. Ол, бұған қоса, қарсылық білдірушілердің бірқатар талаптары орынды деп атап көрсеткен. Билеушінің айтуынша, наразылық шеруіне шығушылардың бірқатары шетелден осындай бұйрық алған, алайда қатысушылар арасында өздерінің ішкі сезімдері мен проблемалары салдарынан көтерілгендер де бар.
Парсы елі барлау министрлігі бейсенбі күні тәртіпсіздіктің көптеп орын алуына түрткі болып келген террорлық ұйымның табылғанын хабарлады. Ұйым мүшелері қауіпсіздік қызметі күштерімен қақтығыстан ке­йін қамауға алынған. Осы шайқастарда 3 тәртіп сақшысы, 1 лаңкес оққа ұшқан. Операция барысында терроршылардан Калашников автоматтары, гранаталар, әскери формалар мен тәртіпсіздікті ұйымдастыру жөніндегі нұсқамалар тәркіленіп алынған.
Иран Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Шамхани бұл қарсылық сыртында АҚШ, Ұлыбритания, Сауд Арабия елдері тұрғанын сөз етті. Ал бас штаб бастығының орынбасары Масуд Джазайри жұртты АҚШ пен басқа бірқатар елдердің Иранда бүліншілік жасауға мүдделі екендеріне, бірақ олардың бұл әрекетінен ештеңе шыға қоймайтынына сендірді. Оның пайымынша, Құрама Штаттардың өзінде биыл осындай қарсылық қимылдары орын алатын болады.
Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Голям Әли Хошроу АҚШ-ты Иранның ішкі істеріне араласып, елдегі қазіргі күндері зорлық-зомбылықты ұйымдас­тырып отыр деп айыптап, БҰҰ-ға ресми түрде шағым түсірді. «АҚШ билігі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты реттеп отыратын халықаралық құқық принциптерінің бәрін бұзуды жалғастырып келеді, – делінген мәтінде. – Дональд Трамп бастаған Америка әкімшілігі соңғы күндері Иранның ішкі істеріне арсыздықпен араласып, соңы зорлық-зомбылық пен вандализмге апарып соқтырып жатқан өктемдік шараларына қолдау көрсетіп жатыр».
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп осы күндерде әлеуметтік желіде бірнеше твит қалдырып, онда өзінің қарсылық қозғалысына шыққан иран халқына қолдау көрсететінін ашықтан-ашық білдірді. Ол соның ішінде кезі келгенде иран халқына көмек беретінін жазды. Мұндай қолдауды Израиль премьері Биньямин Нетаньяху Facebook желісінде жазды. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс парсы еліндегі бұл бас көтеруді «халық көтерілісі» деп атады. Бұдан бұрын АҚШ-тың БҰҰ-да­ғы тұрақты өкілі Никки Хейли Ирандағы жағдайға байланыс­ты Вашингтонның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін шақыр­туға ниетті болып отыр­ғанын жеткізген еді.
Алайда әлемде мұндай көзқарасты ұстанып отырған басқа мемлекет басшылары кездескен жоқ. Германия Сыртқы істер министрі Зигмар Габриэль Ирандағы қарсылық қозғалыстарын халықаралық саладағы мақсатқа жетудің құралы ретінде пайдаланбау­ды сұрады. Ол мұның ешқандай да табысқа бастап алып бармайтынын, қайта ел ішіндегі бүліншілікті ушықтыра түсетінін айтты. Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу АҚШ пен Израильді Ирандағы шерушілерге қолдау көрсетіп отырғандары үшін айыптады.
Жалпы, Иранда әртүрлі әлеуметтік топтардың осылай көшеге шығып, өздерінің құқықтарын қорғаулары аса бір жаңалық емес. Бірақ бұл жолғы бас көтерудің өзіне тән өзгешеліктері де бар. Ол басында экономикалық жағдайға көңіл толмаушылықтан басталды да, соңы саяси ұранға ұласып кетті. Тағы бір ерекшелігі, бұл жолы наразылық толқыны бүкіл елді дерлік қамтып жатыр. 1979 жылғы ислам революциясы кезінде де толқу бүкіл елді шарпыған болатын. 2009 жылы Махмуд Ахмадинежад қайта президент болып сайланған кезде де Иранда ірі шерулер басталып кетіп еді. Бірақ онда оның орталығы тек Тегеран болды да, тез арада басып тасталды.

Серік ПІРНАЗАР

  1. Рахима Жұбаева :

    Осыны ұйытқытып жүрген сыртқы күштер бар ғой. Америкадан бәрін күтуге болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды