«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ипотеканың игілігі бар ма?

0 114

Баспанасыздардың басын қатырған сауалдардың бірі – осы. Ranking.kz сарапшылары 2017 жылы елімізде баспанасы жоқ 2,5 млн адам бар екенін есептеді. Бұл – Қазақстан халқының 15 пайызға жуығы. Биыл 4 шілдеде іске қосылған «7-20-25» бағдарламасы қоғамдағы осы түйткілді мәселені түпкілікті шеше ала ма? «Астана ақшамының» өткен сандарының (қара­ңыз­­дар: «7-20-25»: үйсіздердің үміті ақтала ма?», №111, 18 қыркүйек, 2018 жыл) бірінде осы мәселеге талдау жасағанбыз. Арада біраз уақыт өткенде, қайта айналып соғуды жөн көрдік.

Көш басында – Астана

Ипотекалық бағдарламаның талаптары бойынша тұрақты табысы бар, басында ешқандай баспанасы және ипотекалық несиелері жоқ азаматтардың ғана үй алуға мүмкіндігі бар. «Баспана» ипотекалық ұйымының мамандары аталған бағдарлама көптеген қазақстандықтарға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі дейді.
Ұлттық банктің баспасөз қыз­меті таратқан ақпарат сәл өзгешелеу. «7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2018 жылғы 30 қазандағы жағдай бойынша қарыз алуға 47,1 млрд теңге сомасына 3989 өтініш қабылданған. Оның ішінде 31,8 млрд теңге сомасына қарыз беруге 2658 өтініш мақұлданыпты. Бұдан байқағанымыздай, өтініш бергендердің 1331-інің үй алудан үміті үзілген. Несие алу бұйырмаған бірнеше азаматтармен сөйлеспекке әрекет еттік. Бірақ банктерден аты-жөнін, телефон нөмірлерін сұрағанымызда: «Ол банктің құпиясы болып табылады» деп қандай да бір мәлімет беруден бас тартты.
«Баспана» ипотекалық ұйымы жа­қында «Баспана Хит» атты жа­ңа бағдарламасын іске қосты. Оның «7-20-25» бағдарламасынан айыр­машылығы – пайыздық мөл­шерлемесінде. «7-20-25»-те – 7 пайыз, «Баспана Хитте» – 11 па­­йыз. Сондай-ақ, баспанасыздар жа­ңа, ескі үйлерді де сатып алуға құ­қылы. Үйге қойылатын талапты банктер белгілейді. Үйдің «жасы» 30-35 жылдан артық болмауы тиіс. «Баспана Хиттің» тағы бір айырмашылығы, оған баспанасы барлар да қатыса алады. Алғашқы жарна 20 пайыздан кем болмауы керек, ал несиені өтеу мерзімі – 15 жыл. Осы мерзімге жеткізбей қайтаруға да болады. Бүгінге дейін қанша адамға несие берілгенін сұрап едік: «Ондай цифрлар жоқ. Компания енді ғана несие береді» деген жауап алдық.

Тиімсіз тұстары ­қандай?

«7-20-25» бағдарламасы іске қосылғаннан бері бірнеше мың­даған қазақстандықтардың үй алуға деген үміті оянғаны рас. Алайда кейбір тұрғындар бағ­дарламаның ел күткендегідей нәтиже беретініне күмәнмен қарайды. Бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін Айгеріммен «Еуразиялық банктің» Астанадағы кең­сесінде таныстық. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен» шот ашып, үй алуға қаражат жинағаныма 3 жыл болды. Бірақ ай сайын 10-20 мың теңге көлемінде ақша саламын. Өйткен себебі айлық жалақым 100 мың теңгеге жетпейді. 5-10 жыл жинаймын. Әйтеуір, қаражатым жиналғанда үй аламын деп үміттенемін» дейді ол.
– «7-20-25» бағдарламасына қатысып, бақ сынап көрмедіңіз бе?
– Жоқ. Біріншіден, айлық та­бысым аз. Екіншіден, несие бе­­ретін банктердің қоятын талаптары тиімсіз. Мысалы, зейнетақы аударымдарынан титтей бір кемшілік болса, банк қарыз бермейді. Үшіншіден, «7-20-25» бағдарламасы бойынша тек жа­ңадан салынған үйлердегі пәтерлер сатылады. Ол пәтерлер үйдің құрылысы бітпей жатып сатылып кетеді. Біз сияқты табысы аз адамдар бұл бағдарламаға күмәнмен қарайтыны осыдан.
Айгеріммен дәліздегі әңгімеміз қысқа болды. «Еуразиялық банк­тен» ақпарат алу да қиындау екен. Банктің бөлшек сауда бас­қармасының басшысы Айгүл Ищановадан ешқандай дерек ала ал­мадық. «Бізде талап қатал. Банк басшылығына ресми сұрау жол­даңыздар. Оның жауаптары дайын болғанда жібереміз» деген сырғытпа жауаппен шығарып салды. Қош делік.
Одан әрі жылжымайтын мүлік нарығы мамандарының ой-пікірін білмек болдық. Алғашқы барған жеріміз – «Витрина» риэлторлық компаниясы. Компанияның жылжымайтын мүлік бойынша сарапшысы Тимур Сабыржанұлы «7-20-25» бағдарламасының тиімсіз тұстарын тізбектеп берді.
Оның әріптесі Руслан Әшімов­тің пікірінше, «7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламалары бойынша жалғыз ғана критерий ескеріледі. Ол – төлем қабілеті. «Мәселен, ай сайын 100 мың теңге жалақы алатын азамат үшін бұл бағдарламалар қолжетімсіз. Өйткені үйіндегі жұбайы жұмыс істемейтін болса, оны асырауға орташа есеппен 40 мың теңге кетеді. Әр банктің бұған өз есебі бар, ол шамамен 60 мың теңгені құрайды. 100000-нан 60000-ды шегерсек, 40000 теңге қалады. Яғни оның мүмкіндігі өте төмен. Осыған қарап-ақ бұл бағдарлама баршаға қолжетімді дей алмаймыз» деп түсіндірді ол.

Тиімді жинақ жүйесі

Жуырда «Тұрғынүйқұрылыс­жинақбанкінің» бұқарамен бай­­ланыс қызметі ел тұрғында­ры үшін маңызды хабар таратты. 2018 жылдың басынан бері тұрғын үй құрылыс жинақ жү­йесінің көмегімен 26000 адам баспаналы болған. Соның ішінде 19450-і үйді коммерциялық нарықтан сатып алса, 7 мыңға жуығы «Нұрлы жер» мемлекет­тік бағдарламасы аясында несие рәсімдеген. Баспанамен қамтамасыз етуге қатысты бұл деректер «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» желісі бойынша соңғы 3 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады.
«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» – еліміздегі ең төменгі па­йыз­дық мөлшерлемемен несие беретін жалғыз банк. Ол қазақ­стандықтарға жылдық мөлшерлемесі 3,5-5 пайыз аралығында қарыз алуға мүмкіндік береді. Алайда мұндай несие алу үшін банкте үй бағасының кем дегенде 50 пайызын үш жыл бойы жинау керек. Қазіргі кезде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін
1 млн 200 мың адам қолданады. Олардың барлығы – банктен шот ашып, баспана алуға қаражат жинап жатқан азаматтар. Бүгінге дейінгі жалпы жинақ сомасы 562,3 млрд теңгені құрайды. Бір қуанарлығы, ең үнемшіл тұрғындар Астанада тұрады екен. Астаналықтардың «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіндегі» депозиттерінің саны – 170771.
31 қазанда банк басшылы­ғы мен қызметкерлері Бүкіл­әлем­дік жинақ күнін атап өтті. «Тұр­ғынүйқұрылысжинақбанкі­нің» орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев қа­ражат жинауға адамның табы­сының ықпал етпейтінін мәлім­деді. Оның айтуынша, банк салым­шыларының 40 пайызының жалақысы 150 мың теңгеден аспайды. Көп жағдайда олар үнемшілдігінің арқасында 5-6 жылда мақсатына жетіп, үй сатып алады.
Сол күні астаналық филиалдың басшысы журналистер мен елордалықтарға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандарды таныстырды. Ол үйлер Мәңгілік Ел және №227 көшелердің (ҚР ПІБ МО емханасының жанында), №27 және №36 көшелердің (ҚР ПІБ автошаруашылығы жанында) ауданында орналасқан. Банк қазір 364 пәтерден тұратын пул әзірлеп жатыр. Таза әрлеудегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны 180 мың теңгені құрайды. Бұл Астанадағы орташа нарықтық бағадан екі есе төмен. Пәтер сатып алу үшін «Тұрғынүйқұ­рылысжинақбанкінің» клиенті болуың керек. Екіншіден, депозитке үйдің бағасының 20 пайызына тең соманы, яғни бастапқы жарнаны жинау немесе аудару міндетті. Несиенің жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Бұған қоса, 2019 жылы Астанада мемлекеттік бағдарлама шеңберінде тағы 1825 пәтер сату жоспарланып отыр.

Тимур Сабыржанұлы, жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы:

– Біріншіден, пәтерлер тапшы. Өйткені жаңадан салына бас­таған үйлердегі пәтерлердің 95 пайызы құрылыс аяқталмай жатып-ақ сатылып кетеді. Себебі ол кезде үйлердің құны арзандау болады. Қалатыны – жайсыз қабаттар, тиімсіз шаршы метрлер. Ондай пәтерлердің құны да қымбат. Қолма-қол ақшаға үй сатып алатындардың саны көп емес. Екіншіден, «Баспана Хит» бағдарламасының да кемшін тұстары бар. Басында баспанасы бар, қалтасында ақшасы бар азаматтар үй сатып алуға ұмтылады. Бұл жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның күрт өсуіне алып келеді. Демек, үйі жоқтардың мүмкіндігі де азая береді. Егер де мемлекет бағдарламаға нақты түзетулер енгізбесе, ол тиімсіз ипотека болып қалады.

Қайрат Алтынбеков, «Баспана» ипотекалық ұйымының басшысы:

– Көп азаматтар «7-20-25» бағдарламасы тек қана 25 жылға несие береді деп ойлайды. Бұл – шатасу. 25 жыл – ең шекті мерзім. Бірақ ең қысқа мерзім шектелмеген. Сіз ипотеканы 1 жылға, 5 жылға немесе 10 жылға ала аласыз. Мерзімді өзіңіз таңдайсыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды