«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Инвестиция игілігі

0 40

Астанада коммуналды мүлікті сенімді басқаруға беру арқылы инвестицияларды тарту жұмыс­тары белсенді түрде жүргізілуде. Осы жұмыстар нәтижесінде қала нысандарына 1,8 млрд теңгеден артық инвестиция тартылды. Бұл сома жыл сайын ұлғайып отырады деп күтілуде.

Аталған жұмыстың тиімділігі туралы Астана қаласы Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерсін Өтебаев қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында баяндады.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту механизмдерінің бірі – коммуналды мүлікті сенімді басқаруға беру екенін айтқан баян­дамашы бұл жұмыс ке­йіннен сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға беру, кейіннен сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беру және жарғылық капиталын төлеуге беруге дейінгі сенімді басқаруға беру секілді үш бағытты қамтығанын жеткізді.
Кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға беру бо­йынша 10 жоба іске асырылды. Соның ішінде «Алау» атыс тирі, №59 мектеп-лицейі аумағында орналасқан жабық футбол алаңы бар. Аталған нысандарға құйылған инвестицияның жалпы көлемі 410 млн теңгені құрады. Атап айтқанда, «Алау» атыс тиріне инвестор халықаралық деңгейдегі құрылғылар сатып алып, орнатты.
Р.Қошқарбаев, Абай және Ш.Құ­дайбердіұлы даңғылдарындағы аула клубтары 5 жыл мерзіміне сенімді басқаруға берілді. Инвестиция – 200 млн теңге. Бұл қатарда «Астаналық» саябақ та бар (180 млн теңге). Нысанға 2021 жылға дейін тағы 200 млн теңге тартылады деп жоспарлануда. «Алау» мұзайдыны сарайында орналасқан қонақүй кешені мен Бөгенбай батыр даңғылындағы жерасты жаяу жүргіншілер жолы сынды екі нысанға 250 млн теңге инвес­тиция тартылды.
Қалада санитарлық тазарту жұмыстары да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатыр. Жасалған келісімшартқа сәйкес инвесторға 36 арнайы техника сенімді басқаруға берілді. Инвестициялық міндеттемелер негізінде инвестор жалпы құны 259 млн теңгені құрайтын 3500 контейнер сатып алып орнатты.
Коммуналды мүлікті кейіннен сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беру бойынша 8 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішіне қанатқақты жоба болып отырған мінез-құлқында ауытқушылығы бар, заңмен дауда тұрған, ата-­аналары сотталған, отбасында зардап шеккен кәмелетке толмаған балаларды қолдау орталығы кіріп отыр. «Құқық» қоғамдық қоры іске асырып жатқан бұл жоба үлгісімен елімізде орталықтар ашылуда.
Грэпплингті дамытудың жекпе-жек орталығы, Әлеуметтік оңалту және есту қабілеті бойынша мүгедектерге арналған жәрдем көрсету орталығы, Ұлттық мәдени мұраны сақтау, дәстүрлі қолөнер мен халық кәсібін қайта жаңғырту және тарату орталығы, Қазақстан қоғамының мәдени және рухани дамуына және халықаралық мәдени байланыс­тарды орнатуға жәрдем көрсету орталығы, Астана қаласының және жалпы Қазақстанның туризмі туралы беделді материалдарын отандық және шетелдік басылымдарға дайындау және орналастыру жөніндегі баспа үйі секілді нысандар да осы қатарда.
Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 5 жыл мер­зі­міне кейіннен сатып алу құ­қы­ғымен сенімді басқаруға бе­рілген жобалардың бірі – «Стоматология» оқу-клиникалық орталығы» ЖШС. Инвестор стоматологиялық емха­наларды қайта жаңарту және жөндеуге қаржы құйды. Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа сто­матология­лық жабдықтар сатып алынды. Бұл жобалар бойынша инвестиция­ның жалпы көлемі 480,3 млн теңгені құрады.
Сонымен қатар коммуналды мүлікті тиімді қолдану және спорт нысандарын орталықтан басқару, олардың коммерцияландыруын дамыту мақсатында «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ сенімді басқаруына «Барыс-Арена» көп бе­йіндік мұз сарайы, «Қазақстан» спорт сарайы, жыл­жымайтын мүлік нысандары (тұрғын емес орын-жайлар, құрылысы аяқталмаған нысандар) берілді.
Е.Өтебаев осы жылы сенімді басқаруға беруге жоспарланып отырған нысандардан да хабар берді. «Коммуналдық меншік нысандарына инвестиция тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл шара мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты біршама жеңілдетеді» деп түйіндеді өз сөзін баяндамашы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды