«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Интернет орфографиясынан арылу керек

0 329

Латын әліпбиіне көшу – еліміздегі тарихи оқиғалардың бірі. Осы маңызды міндетті жүзеге асыру бойынша жоғары дәрежеде ұлттық комиссия жұмыс істеп жатыр. Жақында осы комиссия отырысында латын графикасына негізделген қазақ жазуының емле ережесі мақұлданды. Бұл жауапты жұмысты емле, фонетика салаларының білгір ғалымдары атқарды. Сол топтың бел ортасында жүрген, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының орфография бөлімі басшысы Құралай Күдеринованы әңгімеге тартқан едік.

Құралай КҮДЕРИНОВА, филология ғылымдарының докторы, профессор

– Құралай Бимолдақызы, жаңа әліпбидің емле ережесі мақұлданды. Сонда оны қабылданды деп толық айтуға бола ма?
– Жоқ. Мақұлданды деген сөз – мамандар да­йындаған латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуының емле ережесін арнайы құрылған ұлттық комиссия осы жобаны назарға алып, жазу реформасының келесі кезеңіне өтуге болады дегенді білдіреді. Енді бұл кезеңде ережені түсіндіретін анықтағыш жасау, емле сөздігі әзірленеді. Осылай бұл үдеріс жалғаса береді.
Емле ережесі мақұлданғаннан кейін заңдық күшіне ену қажет. Жазу ортақ заңға бағыну керек. Мысалы, 1940 жылдан басталған кирилл әліпбиінің ережесі заңмен бекітілмей, 1957 жылы ғана қабылданған. Бірақ кеңес өкіметі тұсында жазылған сөзге өте мұқият қарағандықтан, әдеби тілдің нормасы берік қаланды. Сөйтіп, 1983 жылы ғана емле ережені бекіткен үкіметтің қау­лысы шықты. Сондықтан бұл ереже де үкіметтің қаулысымен бекуі керек.
– Жалпы, осы ережені жасауда қандай тәжірибеге сүйендіңіздер?
– Жазуда дәстүрдің маңызы зор. Өйткені ол графикалық санамен тікелей байланысты. Қазіргі адамдардың барлығының санасында сөздердің графикалық бейнесі бар. Бұл бейнелер профессор Нұргелді Уәлидің айтуынша, когнитивті санада базалық норма болып қаланады. Мәселен, сөздердің жазылуындағы үйренген дәстүрді сақтамай, тұрқы бөлек жаңа әліпбимен емлені түп-тамырымен өзгертіп жіберуге болмайды. Онда жаппай сауатсыздық басталады. Халықта қорқыныш пайда болады. Арты дау-дамайға ұласып кетуі кәдік. Қай әліпбиді қабылдасақ та, өзгермейтін базалық нормалар болуы қажет. Мысалы, халқымыз кезінде араб әліпбиін қолданды. Алдымен қадым, кейін жәдит жазуына көшті. Жәдит жазуының өзгешелігі тек әріп үстінде харакаттардың салынуында болды. Оның қадымнан айтарлықтай айырмашылығы болмады. Бірақ дауысты дыбыстардың харакаттармен белгіленуі – жазудың жетілуі еді. Ахмет Байтұрсынұлы төте жазудың әліпбиі мен емлесін жасағанда жәдит жазуының дәстүрін қалдыр­ды. Айтулы тұлғаның ұлттық жазу жасаймын деген мақсаты болса да таңбалар мен емле нормаларын толықтай өзгерткен жоқ. Мысалы, қазақ сөзі ұяңмен аяқталмайтынын біле тұра, сөз аяғын «көб», «себ» деген сияқты «б» әрпімен жазды. Сондықтан Ахмет атамыз жұртшылықты үркітіп алмау үшін бұрыннан келе жатқан жазу дәстүрін сақтап, ұлттық жазуды қалыптастырды. 1929 жылы Байтұрсыновтың 24 таңба, 1 дәйекшеден тұратын әліпбиі негізінде 29 таңбалық латын әліпбиі жасалды. Осы дәстүр кирилде де сол күйінде қайталанып, тек термин сөздерді жазу үшін қосымша әріптер енгізілді. Қысқасы, тілші-ғалымдар Ахаң ұстанған жүйеден тайқымады.
Біз жаңа ережені жасауда жазуды мүлде жаңарту дегенді ойлаған жоқпыз. Белгілі ғалым Нұргелді Уәли: «Жазу деген төңкеріс емес» деп айтқаны бар.
– Сонда бұрынғы кириллицаның емле ережесі сол күйі қалды ма?
– Кириллицадағы жазу тәжірибесінің 75-80 пайызы сақталды. Бұл осыған дейін кирилмен жүз пайыз сауаттанған қазіргі жас, орта, ата буынның санасымен сәйкес келеді.
– Енгізілген өзгерістерді тарқатып айтасыз ба?
– Жақсы. Ең алдымен қазіргі жазуда қай сөздердің емлесінде проблемалар болды, мектеп оқушысы қай тұстан қате көп жібереді дегенге назар аудардық. Сол тұстарды біріздендіруге, нормалауға тырыстық. Мысалы, қазіргі жазуда «ақырет», «тауқімет», «құдырет» деген сияқты сөздердің арасында біресе «ы», біресе «і» жазылады. Кейде осының қалай жазылатынын білмей, емле сөздігін іздейміз. Мұнда «ақырет» сөзінің түбірі «ақыр» болғандықтан, «ы»-мен жазамыз деген түсіндірмесі бар, бірақ жазарман сөз түбірін қарап отырмайды. Жазу автоматты болуы керек. Нормасыздықтан құтылу үшін енді аталған сөздердің ортасына «ы» емес «і» жазылатын болады. Оның себебі: сөз соңындағы «е» әрпіне байланысты. Одан кейін «қыркүйек», «шекара», «көкөніс» деген біріккен сөздердің сыңар жігіндегі «к» әрпі енді ұяңданып жазылмайды. Біріккен сөздердің барлығында түбір тұлға сақталып жазылады. Бірақ орфоэпиясы үндесім мен үйлесімге сәйкес болады. Мысалы: «қыргүйөк», «көгөнүс», «шегара» деген сияқты.
Тағы бір жаңалық. Енді араб цифрына қосымша дефис жалғанады. Дефис жылға да қойылады. Сондай-ақ сөзалды сыңарлары мен халықтық өлшем атаулары бірге жазылуын тағы нықтадық. Мәселен, «әсірепатриот», «біртомдық», «көптомдық» деген сөздер және «ақы», «той», «хана», «хат» сөздерімен келген күрделі атаулар бірге жазылады. Шеттен енген кірме сөздердің жазылуына өзгерістер енді. Жаңа әліпбиде «я», «ю», «ь» таңбаларының жоқтығына байланысты, бұл әріптері бар сөздерді жартылай не толық «сындырып» жазамыз. Мысалы, жіңішкелік белгі тұрған буындағы дауысты жіңішке болады. Бұл Ахмет Байтұрсынұлының қисынына сәйкес. Ғалымның анықтап бергені бойынша, қазақ тілінде сөзді дауысты дыбыс билейді, дауысты қандай болса, сөздің бүтін үндесімі сондай болады. Мысалы, «ләззат» сөзінің бірінші буынындағы «ә» әрпі сөздің соңына дейін жіңішке айтылуын (ләзәт, ләзәтәңғәммен) қамтамасыз етіп тұрады.
Сосын екі дауыссыз дыбыс қосарланып келсе, біреуі түсіріледі. Мысалы, «колледж» дегенде бір «л» түседі. Осы өзгерістердің бәрі – қазақтың өз дыбыс заңдылығына байланысты жасалды.
– Осындай ауқымды жұмыс қалай жүзеге асты?
– Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанында төрт жұмыс тобы бар. Биыл орфография жылы болды. Орфографиялық жұмыс тобы құрамына 20-дан аса ғалым енді. Алдымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында профессор Нұргелді Уәли жаңа қазақ емле ережесінің тұжырымдамасын әзірледі. Бұл концепция 8 маусымда бекітілді. Содан ереже жасау жұмыстары басталды. Жаз бойы ғалымдар жұмыстан бас көтерген жоқ. Зеренді мен Қапшағайда жиналып, бірнеше күндік отырыс­тар өткізді, ереже жобасы талқыға салынды. Осы топтың белсенді жұмыс істеуінің нәтижесінде тамыздың аяғында ереженің бір нұсқасы дайын болды. Біз оны республикадағы 51 жоғары оқу орны қазақ тілі кафедраларының оқытушыларына талқылауға ұсындық. Кафедраларда 10 қыркүйекке дейін талқыланып, оқытушылар өздерінің жазған сыни пікірлерімен қосып, бізге қайтарды. Айтылған пікірлерді ескеріп, емле ережеге өзгерістер енді. 24 қыркүйекте Астанада өткен үлкен талқылау­дан кейін ұлттық комиссия­ға ұсынылды. Бірақ бұл жоба комиссиядан өтпеді. Шетелден кірген сөздердің ережесіне қатысты мәселелер дау туғызды. Сондықтан енді ереженің даулы тұстарын орфографиялық жұмыс тобы мүшелері мен Шаяхметов атындағы «Тіл –қазына» орталығының мамандары қазан айынан қарашаға дейін барлық өңірді аралап, насихат жұмыстарын жүргізді. Ел тұрғындарының пікірін тыңдады. Ережені көпшілік сараптамасынан өткізді. Қаншама сұрақтар пайда болды. Солардың бәрі емле ережесінің кем-кетігін түзетіп, толықтыруымызға ықпал етті.
Латын әліпбиі деген ұғым айтылғаннан бері көпшіліктің тілдік санасында жаңғырулар мен жаңартулар басталды деуге болады. Халқымыздың емле ережеге деген көзқарасы өзгерді. Біз осы арқылы жазу сауатына деген құрметімізді қалпына келтіреміз. Шындығында, қазір жазу сауатының деңгейі көп төмендеп кетті. Оған әлеуметтік желілер мен техникалық құралдардың кері әсері көп. Жазба тіл мен ауызша тіл синтезделіп, интернеттің орфографиясы пайда болды. Енді осыдан арыламыз деп ойлаймын.
– Енді қандай шаралар қолға алынады?
– Өткен 14 желтоқсанда ұлттық комиссиясының төрт жұмыс тобы біріккен семинар кеңес өтті. Бұл жиында емле ережені үкімет қаулысымен бекіткенге дейін тағы бір пысықтау мәселелері талқыланды. Енді осы ережені қалың қауымға насихаттайтын курстар ұйымдас­тырылады. Бұл жұмысты Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» орталығы атқарады. Қазір біз өңірлерге, мекемелерге 72 сағат немесе екі апта оқытатын мамандар дайындайтын бағдарлама әзірледік. Осы бағдарлама кеңесте бекітілді. Алдағы наурыздан курс жұмыстары басталады.
– Сіздер осы емле ережені әзірлеуде латын әліпбиіне көшкен бауырлас түркі елдерінің тәжірибелерімен салыстырып көрдіңіздер ме?
– Әрине. Қарашада бір топ ғалым Әзербайжан рес­публикасына барып, олардың тілші-ғалымдарымен кездестік. Олар латынға көшкенде көп сөздерді, әсіресе, шетелден кірген терминдерді өзгертпей алған. Мысалы, «полюс» деген сөзді сол қалпында жазды. Кейін ережеге өзгеріс енгізіп «полиус» деп жазады. Биыл олар оны «полүс» деп өзгерткен. Бұл тәжірибеден біз, шынымен де, латын графикасы қолданысқа кіргеннен кейін ережеге тағы да түзетулер мен толықтырулар енетінін түсіндік. Сондықтан бұл емле ережені «соңғы түйін» деп айта алмаймыз.
Содан кейін Түркия еліне жолымыз түсті. Бұл елге барған уақытта «Қазіргі түрік әліпбилері» атты ІІ халықаралық симпозиум өтіп жатты. Біз дәл соған тап болғанымызға қуандық. Бұл симпозиумның алғашқы жиыны 1991 жылы өтіп, оған Қазақстаннан академик Әбдуәли Қайдар ағамыз қатысып, алғаш қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру туралы мәселені көтерген еді.
Сол бірінші жиында ортақ түркі-латын әліпбиі қабылданған. Бірақ бұл идея түрлі саяси жағдайларға байланыс­ты іске аспады. Түркия осы идеяны қайта жаңғыртып, екінші рет түркі ғалымдарын жинады. Жиында біз «Қазақ жазуы шетелден енген терминдерді сындырып жазуды бастап жатыр. Тіпті, кейбір кірме сөздерді ағылшынның орфоэпиясымен алдық. Сіздер бұған не айтасыздар?» дегенде олар: «Кірме сөздерді өздерінің орфоэпиясымен сындырып жазғандарыңыз дұрыс. Біз адам есімдерін ағылшынша жазып, қателік жасадық. Қазір осы мәселеге қиналып отырмыз» деп ашық ойларын білдірді. Қысқасы, бұл сапарлар бізге өз емле ережемізді тағы бір қорытып алуға мүмкіндік берді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды