«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ИНСУЛЬТ – ҚАУІПТІ КЕСЕЛ

0 140

29 қазан – Дүниежүзілік инсульт­пен күрес күні. Осыған байланыс­ты Астанада арнайы акция қолға алынып, бес ірі сауда орталығында қан қысымын өлшейтін тонометр қондырғысы орнатылды.

insul-t

Бастың қан айналымы жүйе­сінің бұзылуынан болатын инсульт еліміздің медицинасын да алаңдатып отыр. Жыл сайын Қазақстанда 49 мыңнан астам инсульт алу оқиғасы тіркеледі. Ал Астанада биылғы жылдың соңғы тоғыз айдың ішінде 161 адамға «инсульт» деген диагноз қойылып, диспансерлік есепке алынған.
Адам өміріне қауіп төндіретін бұл сырқаттың алдын алу үшін жыл сайын әлемде 29 қазан – Инсультпен күрес күні аталып өтеді. Елордада да бұл күн атау­сыз қалмайды. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Денсаулық сақтау басқармасы «Нейрохирургия ұлттық орта­лығы» АҚ, «ADHARA» ЖШС мен Салауатты өмір салтын сақтау орталығымен бірлесіп, инсульттің алдын алуға бағытталған арнайы акцияны қолға алды. Соның аясында «Хан Шатыр», «Мега», «Сарыарқа», «Аstana Mall» және «Керуен» сауда-ойын-сауық орта­лықтарында «Omron» маркалы қан қысымын автоматты түрде өлшейтін электронды тонометр қондырғысы орнатылды. Онда кез келген адам өзінің қан қысымын өлшей алады. Себебі, инсульттің басты себебі – артериалды гипертензия. Сонымен қатар, атеросклероз, қант диабеті, семіздік, жүрек-қан тамырлары аурулары да инсультқа себеп болады. Елордалық №1 қалалық ауруханадағы Инсульт орталығының невропатолог-дәрігері Елена Шихалееваның айтуынша, бұрын инсультқа көбіне 60-70 жастан асқан егде адамдар ұшыраса, бүгінде 40-50 жас аралығындағы жандардың шалдығуы жиілеген. Инсульт орталығы айына 100-дей адамды емдеп шығарады екен. «Арақ-шарапқа,темекіге үйірсектік, адам психологиясының стреске жиі ұшырауы, қалай болса солай тамақтану, уақытылы дем алмау, қозғалыстың аздығы, семіздік – қан айналымын өзгеріске ұшыратады. Сондықтан инсульт­тен аман болу үшін салауатты өмір салтын сақтап, тамақтану мәдениетін меңгерген жөн» дейді Елена Владимировна.
№1 қалалық аурухана кеше Инсультпен күрес күніне орай ашық есік күнін өткізді. Онда Инсульт орталығының білікті мамандары және «Астана меди­циналық университеті» АҚ невропатология кафедрасының қызметкерлері жұртшылықты тегін қабылдап, инсульттің алдын алуға байланыс­ты дәрігерлік кеңес берді.
Жалпы, бастың қан тамыр­лары жүйесінің аурулары – медицинаның ғана емес, әлеу­меттік саланың да өзекті мәселесі. Инсульт алғандарға бірден шұғыл медициналық көмек көрсетілуі керек. Бұл сырқат өлім көрсеткіші жағынан жүрек-қан тамырлары ауруынан кейінгі екінші орында. Алайда инсульттің 80 пайызында оның алдын алуға болады. Сондықтан әр адам қан қысымын үнемі өлшеп, қандай да бір өзгерістер болса, дәрігерге қаралғаны жөн.
Қалалық әкімдіктің қолдауымен сауда орталықтарында орна­тылған қан қысымын өлшегіш құрылғы Инсультпен күрес күні өткеннен кейін де сол орнында қала бермек. Бұл астаналықтардың денсаулығына деген жанашырлықтан туған бастама екені сөзсіз.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды