«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Инстаграм – нарцистер әлемі

0 295

Бала тәрбиесін теледидарға беріп қойыпсыңдар ғой, түге!» деп таусыла сөйледі қонақтықта бірге болған апамыз. Теледидар деген бергі жағы ғана екенін, шындығында жағдай одан да жаман екенін білмейді-ау апамыз. Ара-тұра мультфильмін не киносын көретін теледидарға жылап көрісетін күн туғалы қашан. Бала тәрбиесіндегі қазіргі жағдай (әсіресе, қалалық жерде) «Қара қытай қаптаса, сары орысқа жылап көрісерсің» дегенді еске түсіреді. Әр баланың қолында смартфон. Әке-шешеде де солай. Бір-бірінің бар-жоғын ұмытып, шұқшиып үңіледі де отырады. Олардың жанарларын экранға байлап қоятын не екен?

Соны білгісі келетіндер көп шығар, біз де солардың қатарындамыз. Бірден жаман ойламайық. Жұртшылық білмегенін білу үшін, танымын кеңейту үшін үңіліп отыруы да мүмкін ғой… «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» дегенді басшылыққа алып, өз көзімізді жеткізуге бел будық. Ол үшін көпшілік жиылатын жерлерде, қоғамдық көлікте, тіпті лифтіде телефонға телміргендердің смартфонына көз қиығын салдық.
Біразы ойын ойнайды екен: жолды-жолсызбен зуылдаған машина, алдындағының бәрін атқылап, парша-паршасын шығаратын қару, қорқынышты хайуандар, жауын құрты сияқты ирелеңдеген ойын, жаңбыр тамшысы сияқты тамып тұратын түрлі түсті шарлар, бір-бірінің үстіне қаланатын үшбұрышты, квадрат фигуралар…
Балалардың қарайтыны шетелдік және ресейлік мультфильмдер, рас, көбісінде кейіпкерлерінің түрлерінен адам шошитындай, біразының мағынасы түсініксіз… Бірақ суреттердің бояулары қанық, музыкасы жеңіл, ойнақы, оқиғалары қысқа, кейіпкерлері жылдам қозғалады. Тіпті 1 жасқа да толмаған балалардың арбасына айпадты бекітіп қойғанын, олардың экранға арбалып, тым-тырыс жатқанын көрдік…
Телефонға телміргендердің көбісі инстаграмға кіріп, жұрттың жүктеген суреттерін сыдырта қарап отырады екен, мәтіндерін оқып отырғандары байқалмайды. Бірақ кейбір әнші, актерлердің, танымал тележүргізушілердің киімдеріне, көліктеріне үңіліп қарайды. Әсіресе, олардың теңіз жағасында, әсем ғимараттар жанында, айтулы тұлғалармен түскен суреттеріне ұзағырақ зер салады. Саусақтарының қимылы баяулап қалуына көңіл түкпіріндегі «осындай өмір сүрсем» деген арманы әсер ететін шығар, бәлкім… Және оған жетудің жолын да инстаграмнан іздейді екен.
Балаларды бір курсқа қабылдап жатқаны туралы хабарландыруды біз де көрдік. Тележүргізушілерді дайын­дайды екен! Ұйымдас­ты­рушының сөзі пысық-ақ. Курсты бітіргендерге сертификат берілетінін, оның балаларға телекеңістікке апаратын даңғыл жол ашатынын айтып бір ауыз жаппайды. Бір қызығы, дардай жоғары оқу орындарының дипломдары ашпаған есікті бір жапырақ қатты қағаз ашып беретініне сенетін ата-аналар да аз емес екен.


Біреуінің тамырын басып, қызын бұл курсқа неліктен әкелгенін сұрадық. Сөйтсек, анасы «көк жәшіктен» көретін қыз-жігіттердің бәрінің инстаграмдағы парақшаларына жазылып, олардың қызыққа, жарқ-жұрқ еткен мерекеге толы өмірлерін сүйсіне қадағалап отырады екен. Өзінің қызының да тап солардай әдемі өмір сүруін қалайды…
Міне, мәселе қайда жатыр! Топырлап, кезек күтіп тұрғандардың қаншамасы сондай жалған әсерге елтіп, баласын ертіп келді екен деп ойласақ та, екінші жағынан оларды түсінуге тырыстық. Қай ата-ана болмасын перзентінің әдемі өмір сүруін қалайды емес пе?
Бірақ қызықты, толық­қанды, әдемі өмірдің көрсеткіші – инстаграм десек, оңбай қателесеміз. Және балаларымызды жалған құндылықтарға, өмірдің ойын-күлкілі, бейқам, сән-салтанатты жақтарына қызықтырып, қате жолға саламыз.
Еліктеу, солықтау – ақыл-ойы, сана-сезімі қалыптасып бітпеген жасқа тән қасиет. Ұнағысы келетін, ұнатқан адамының көзіне түскісі келетін албырт шақтың амалдарының бірі ғой. Сондықтан бұл жастағы қыз-­жігіттердің өз өмірлерін сәл-пәл боямалап, өмірдегіден әдемірек етіп көрсеткеніне түсіністікпен қарауға болады. Ал өмірдің бірнеше қырқасынан өткендерге мұндай жалған жарнама не үшін керек?
Бұл жерде әңгіме танымал тұлғалардың инстаграмға игі істерді, қайырымдылықты насихаттау үшін, халықтың әдет-ғұрпын көрсету үшін, жұртшылықты жақсы жаңалықтардан құлағдар ету үшін салатын суреттері мен қысқаша жазбалары туралы емес екенін астын сызып айтқым келеді.
Мәселе «Бүгін ана жерде болдық; мына жерден түс­тендік; кешкі ас іштік…», «осындай әдемі тырнағым (көйлегім, дастарқаным, шаш үлгім…) үшін пәленшеге рақмет»; «ана адаммен бірге болдым; пәленшекең осындай алғыс айтты; сыйлық беріп жіберіпті; грамота тапсырды…» деген сияқты жұртқа өз басын маңызды, елеулі, қайраткер етіп көрсетуге тырысатын посттар мен суреттерде.

Өкінішке қарай, қазір біздің қоғамда өмірді инстаграмға салынған суреттермен өлшеу ауруы дендеп бара жатыр. Мейрамханада алдына келген тамақты суретке түсіріп алмай ас ішпейтін, сәулеті асқан ғимаратқа кіре қалса, жұмысын сол жерде суретке түсуден бастайтын, танымал тұлғаны көре қалса «селфилетпей» өткізбейтін адамдар көбеймесе, азаяр емес.

Өкінішке қарай, кейбір мекемелерде қызметке алу үшін, ал кей басшылар команда жасақтау үшін кандидатураларды олардың инстаграмда қанша оқырманы бар екендігімен өлшейтіні және рас. Кейбір бизнесі бар адамдар да өз ісін насихаттау үшін осы әдісті қолданады. Таяуда аты танымал бір кісінің өзінің демалыс орнына блогерлерді шақырып, Наурыз мерекесіне арналған дастарқан жаймақ хабарын естідік. «Бізде үлкен жазушы, журналистер бар» деген ұсынысқа «Жоқ, бізге блогерлер керек» депті шақырушы. Мақсаты белгілі: алда жаз келе жатыр, инстаграм арқылы келу­шілерді тарту керек қой.
Бірақ бұл әдісті қолданатындар инстаграм пайдаланушылардың 70-80 пайызы жеткіншектер екенін, оларды мекемелердің қызметі де, жоспары да қызықтырмайтынын, ал ересектердің көбі бұрын беттің жылтыр, киімнің сәнді, демалыстың қызық, тұрмыстың бай болуы туралы жазатын, ға­йыптан тайып «кеңесші» не «көмекші» бола қалған адамның парақшасын «бетіне пластикалық ота жасатқан ба?», «қандай көйлек киді екен?» деп, сыдырта қарап өтетінін ескермейді.
Сондай-ақ, бұл әдісті қолданатындарды бәзбіреу­лердің «аты шықпаған соң жер өртеп» жүріп, яғни жағымсыз істерімен көпке танылатыны ойландырмайтыны қайран қалдырады. Ондай «атышулы» адамдарды оп-оңай табуға болады. Сенбесеңіз, сараптама жүргізіп көріңіз: қандай да бір шулы оқиғаға тап болған адамның инстаграмына жазылушылар саны бірер күннің ішінде шығанға шығып кетеді. Яғни ол енді «пиаршы» бола алады деген сөз!
Мұндай әдіспен қызметке алынған кеңесшілерге, әдетте, мекемені жарнамалау міндеті жүктеледі. Былай қарасаң, саланың маманы емес, мекеме атқаратын жұмыстан бұлдыр-бұлдыр ұғымы бар, еңбек тәжірибесі жоқ, ұлттық құндылықтар, мемлекеттік тіл дегендерден мүлде мақұрым… Қандай кеңес айтады екен сонда?
Инстаграм кеңістігінде жүргендердің кейбіреуі беттің арын белге түйіп қойып, инстаграмды өздерін білмейтіндерге өтірік ақпарат беру үшін пайдаланатыны тағы бар. Отбасын тастап кеткен әкелердің айында-жылында баласын паркке апарғандағы суретін; әсіре белсенді өмір сүріп, сәбиіне қарамайтын келіншектердің әжесі, күтушісі бағып отырған баласын құшақтап, сүйіп түсетін суреттерін салатыны, неше әйел тастағандардың отбасы берекесі туралы, неше күйеуге тигендердің «жұбайлық бақытқа» қол жеткізудің сырлары туралы жазатыны… сұмдық қой!
Кейбір мемлекеттік қызметшілер де инстаграмнан шықпайды екен… Құлаш-құлаш ақпарат жазып, топырлатып суреттер салады. Бір қарағанда мақсаты игі сияқты – министрлігінің істерінен хабардар ету деп түсіндіруге болар. Бірақ халық сенің атқарып отырған қызметіңнің игі нәтижесін көріп, тұтынып бағалауы керек емес пе? Және смартфонға шұқшиып соншама ақпаратты жазуға кететін уақытты қайда табады солар? Өзіміз кезінде мемлекеттік қызметте болған соң таңғалып отырғанымыз ғой. Әлде қазір мемлекеттік қыз­метте инстаграмда отырудан басқа жұмыс қалмаған ба?
«Парақшасын жүргізетін адам жалдап қояды» деп түсіндірді маған қасымдағы жас қызметкер. Меніңше, бұл – тіпті сорақы, бұл – сен деп парақшаңды қарап отыр­ған адамдарды ал­дау емес пе?
Инстаграмға құмарларды түсіну үшін оған кіріп, неше түрлі суреттерді қарап отыр­ғанда ежелгі замандағы өзен құдайы Кефистің ұлы Нарцисс ойыма оралды. Аңыз бойынша ол бет біткеннің көріктісі болған екен, айдын көлге түскен өз бейнесіне ғашық болады. Біздің инстаграмда өмір сүрушілер қазіргі заманның нарцистері сияқты көрінеді маған. Сәнді көйлек киіп, әдемі дастарқан басында отырып, жағажайда жатып, атқа мініп, әдемі көлікке сүйеніп… тұрған суреттерінен рахаттанып, жұртшылық та көздерін ала алмаса деп армандайды-ау, сірә…

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды