«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Инновациялар мен жаңашылдықтың қайнар көзі

0 31

Үш күнге созылған жаһандық саммитте қалалық туризмді дамытуға қатысты алуан түрлі таныстырылымдар, панельдік пікірталастар өтті. Солардың бірі туризмді өркендетудегі қалалардың шығармашылығына арналды. «Шығармашыл қалалар: туризм – инновация­лар мен жаңашылдықтың қайнар көзі» атты басқосуда әлемдегі ең озық тәжірибелер таныстырылды. Соларға арнайы тоқталуды жөн көрдік.

Музыкалық туризм – жаңа бағыт

Лондоннан арнайы келген Sound Diplomacy компаниясының атқарушы директоры Шейн Шапиро музыкалық туризмнің бүгінгі жетістіктерімен бөлісті. Ол әлемде музыка индустриясы дамыған са­йын музыкалық туризмнің де көкжиектері кеңейгенін мысалдармен көрсетті. «Музыка – бұл кез келген қаланың бір бөлшегі. Жер шарындағы әрбір халық музыканың тілін ешбір аудармашысыз-ақ түсінеді. Демек, музыка әртүрлі мәдениеттерді, нәсілдерді, ұлттарды біріктіреді. Біз туризмді дамытуға музыканың осы мүмкіндіктерін пайдаланып отырмыз. Мысалы, әлемдегі алуан түрлі музыканың картасын жасадық» деді Ш.Шапиро.
Sound Diplomacy өкілі жергілікті ұлттың, халықтың музыкасы арқылы туристік бағыттарды қалай дамытуға болатынын түсіндіріп берді. Ол елорданың әуежайына келгенінде «Нұр-Сұлтанға қош келдіңіз!» деген жазуды оқығанын, бірақ ұлттың музыкасын ести алмағанын айтты. «Әр қаланы оның музыкасына қарап-ақ танып-білуге болады. Мен бүгін қазақтың классикалық музыкасын тыңдадым. Алған әсерім өте керемет! Неліктен осы музыканы әуежайға қоймайсыздар? Не себептен ұлттық музыка туристік маркетингтің бір бөлшегіне айналмаған? Сіздер жаңа стратегиялық турис­тік бағытты ескермей отырсыздар!» деді шетелдік маман. Ол өз сөзінде халықаралық деңгейдегі фестивальдерді өткізгенде музыкалық іс-шараларды алдын ала мұқият ойлас­тыру қажеттігін жеткізді. «Нұр-Сұлтанда көшелерде, қоғамдық орындарда қандай музыка ойнап тұр? Әр қалада музыканың елшілері бар. Ол түнгі клубтағы ди-джей немесе көшедегі ұлттық аспаппен ән салатын адам болуы мүмкін. Яғни музыка сияқты әрбір қаланың болмысы да әр алуан» деді Ш.Шапиро.

Әрі ойын ойнайды, әрі саяхаттайды

Niantic. Inc америкалық бағдарлама жасаушы компанияның бизнесті дамыту департаментінің басшысы Сара Барслем туризмді дамытуға ойындарды қалай пайдалануға болатынын әңгімеледі. Оның айтуынша, қазір ойындардың көмегімен әрі бос уақытты тиімді өткізуге, әрі әлемдегі кез келген қаланы зерттеуге, әрі саяхаттауға болады. «Біз Ингрес, Покемон атты екі ойынды жасап шығардық. Бұлар – бүкіл әлемде танымал, кез келген жастағы адам ойнайтын ойындар. Олардың көмегімен сіз жаңа әлемді танып, жаңа адамдармен кездесесіз, жаңа қалалар мен ғимараттарды тамашалайсыз. Бұл – туризмнің жаңа нарығы» деді С.Барслем.
Америкалық компания жыл сайын жаһандық деңгейде бірнеше ірі-ірі іс-шараларды өткізеді. Таңғаларлығы, ойындарды бизнеске айналдыр­ған компания 16 млн АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан. «Мысалы, біз 2016 жылы іске қосқан Покемон ойынын 1 млрд-тан аса адамдар өзінің смартфонына жүктеген. Олар ойын арқылы әр қаланы зерттеп, соған саяхаттайды. Әлемдегі кез келген аймақтың картасы бар. Сол картадан қалаған өңірді таңдай аласыз. Мысалы, Еуропада 70 мың турист ойынның нәтижесінде Дортмундқа барып, кемпингтерде тұрып, қаланың ең көрнекті жерлерін аралады. Дортмундқа туризмнен қыруар қаражат түсті. Сондай-ақ Чикагодағы фестивальға 60 мың адам барды. Мұндай мысалдар көп» деп сөзін аяқтады Сара Барслем.
Timelooper компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша бас директоры Майкл Оу виртуалды шындық технологиясын туризмге қалай пайдалануға болатынын бейнежазбамен көрсетті. «Мысалы, Мысырдағы пирамидаларды білмейтін адам кемде-кем. Бірақ көрмегендер көп. Біз әр адамға смартфонның көмегімен соны көретін мүмкіндік туғызамыз. Гидтер қолыңызға ұстатқан құрылғымен тура пирамидалардың ішінде жүресіз. Сол сияқ­ты Сіз Ұлы Қытай қорғанына, Жапонияның бақ­тарына, Камбоджаның тарихи орындарына саяхат жасай аласыз. Біз Камбоджаның туризм министрлігімен бірлесіп, бұрын әлемге танылмаған керемет туризм нысандары жөнінде фильм түсірдік. Содан кейін осы елге қызығушылық танытқан туристердің саны үш есеге артты» деді М.Оу.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды