«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Инклюзивті мектепте музыкалық студия ашылды

0 29

Нұр-Сұлтан қаласындағы көзі нашар көретін балаларға арналған №10 мектеп-интернатында музыкалық студия ашылды. Инклюзивті білім беру мекемесі 2005 жылы ашылған. 1400 оқушының ішінде көру мүмкіндігі шектеулі 200 бала мектеп-интернатта тәрбиеленуде. Олардың арасында қабілетті өрендер жетерлік.

Мысалы, Дильнура Біржанова «X-Faсtor» жобасының 7-нші маусымының жеңімпазы атанған. Музыка сабағын да инклюзивті түрде өтетін балалар үшін өз мектептерінде дыбыс жазу студиясының ашылуы ерекше оқиға болды. Салтанатты жиынның соңы балалар күшімен әзірленген концертке ұласты.

Жаңа оқу жылы алдындағы игілік «Аяла» қайырымдылық қоры мен «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып отыр. «Аяла» қайырымдылық қорының Астанадағы өкілі Салтанат Әскербекқызының айтуынша, қоғамдағы назар аударуды талап ететін мәселелерді анықтай отырып, осыған көмектесетін демеушілерді тартумен айналысатын «Аяла» қайырымдылық қоры «Шеврон» компаниясына 10 жылдан бері Қазақстанда әлеуметтік және қайырымдылық жобалардың іске асырылуына көмектесіп келеді.

«Шеврон» компаниясының жұртшылықпен байланысты үйлестірушісі Жанар Кошпанованың айтуынша, компания Даун синдромы, психикалық дамудың тежелуі бар балаларды тәрбиелейтін №1 мектеп-интернатқа назар аударуды үйрететін сенсорлық бөлме, №2 оңалту орталығына сөйлеу қабілетін түзеуге «Комфорт Лого» кешенін табыс еткен. №2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетіне интерактивті құмсалғышты, №83 «Жансая» сәбилер балабақшасына «Дэльфа» логопедтік тренажерін, №2 балалар ауруханасына 10 медициналық кресло-арбалар, № 2 көп бейінді ауруханаға ойын-холлын сатып алып берген. Сонымен бірге «ДОС» тәуелсіз өмір Орталығы мүгедектер қоғамдық бірлестігіне де қаржылай көмек көрсеткен.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды